Еліміздің үздік анықтаушысы қалай жұмыс жасайды?

Әскербек Мұхамбетқалиевтің жауапты қызметі

Осы жылы алғаш рет ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында «Қазақстан Республикасы тергеу бөлімшесінің үздік қызметкері» республикалық слеті өткізілген еді.

Қызметкерлердің сотқа жөнелтілген қылмыстық істерінің саны есепке алынып, сотқа дейінгі іс жүргізудегі заңдылықтың қамтамасыз етілуі мен сапасы сараланып, қызметтік-әскери тәртібі ескерілген байқауда үздік тергеуші мен анықтаушы анықталды. Соның нәтижесінде, 2019 жылдың үздік анықтаушы деген құрметке лайық деп танылған Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті Сарыарқа аудандық ПБ анықтау бөлімінің аға анықтаушысы полиция майоры Мұхамбетқалиев Әскербек Сейілұлымен әңгімелесіп қайттық.

DSC00599.JPG

– Анықтау тергеу секілді алдын ала тексерумен айналысады. Бірақ, анықтаушы мен тергеушінің жұмысы бір-бірінен аз-кем ерекшеленеді. Яғни, қылмыстың ауыр-жеңіліне қарай айырмашылық бар. Егер ірі көлемде залал келсе, ауыр қылмыс орын алса, алдын ала тексеруді тергеуші өз мойнына алады. Ал біз орта ауыр, ауыр емес қылмыстармен айналысамыз. Оның ішіне, алаяқтық, төбелес, өліммен қорқыту, түрлі дене жарақаттарын салу, бұзақылық және тағы басқалары кіреді. Алаяқтық пен бұзақылық – ең көп кездесетіні, – дейді Әскербек Сейілұлы.

Сол сияқты тергеуші мен анықтаушының алдын ала тексеру жұмыстарына кететін уақыттары да әр түрлі екен.

– Біз 30 күн ішінде қылмыстық істі толық зерттеп, барлық дәлелдерді тауып, адамдардан сұрастырып, оқиға болған жерді мұқият қарап, заттай дәлелдерді келтіріп, басқа қажетті зерттеулерді жүргізіп, айыптау актісімен бірге бір айдың ішінде сотқа өткізуіміз керек. Яғни біздің жұмысқа шамамен бір-екі ай берілсе, тергеушілердің алдын ала зерттеуіне екі-үш есе көп уақыт жұмсалады.

02e8e9ed-5a52-43d5-9755-ac5fe38c4ca0.jpg

Әскербек Мұхамбетқалиевтің айтуынша, айыптау актісін де прокуратура мақұлдауы қажет, сосын ғана сотқа жөнелтіледі екен.

– Ілгеріде келтіргенімдей, анықтау жұмыстары аяқталған соң, айыптау актісін толтырамыз. Онда толтырылған күннің уақыты мен жері, толтырушының қызметі, тегі мен инициалы көрсетіледі. Сосын қылмыстық іске қатысы бар адам туралы ақпарат, жасалынған қылмыстың орны мен күні, қылмыстың сарыны, мақсаты, келтірген залалы және осы қылмыстық іске қатысы бар басқа да істің мән-жайы келтірілетін болады. ҚР Қылмыстық кодексі бойынша айыптаудың тұжырымдамасы жасалып, айыптауды куәландыратын дәлелдер тізімі мен қысқа мазмұны берілмек, ­– дейді аға анықатушы.

Сол сияқты айыптау актісінде жәбірленуші туралы ақпарат, оған келген залалдың сипаты мен мөлшері белгіленеді. Сотқа шақырылатын адамдар тізім де бар.

– Айыпталушы мен оның қорғаушысы айыптау актісі, қылмыстың материалымен танысуы керек. Оған қоса, жәбірленуші тарап пен оның өкілі де ол құжатқа көз жүгіртуі міндетті. Бір қарағанда айыптау актісі тергеушінің жасаған айыптау қорытындысынан ерекшеленетін сияқты көрінгенімен, ешқандай айырмасы жоқ.

Анықтау ісінде ашу қиынға соғатын қылмыстар да жеткілікті дейді полиция майоры.

– Ұрлықты ашу қиынға соғады. Оқиға орнында камералардың болмауы немесе арыз беруші өз затын қайда, қашан жоғалтқанын есіне түсіре алмауы кедергі келтіреді. Оның ішінде, телефонын жоғалтқан адамдардан арыз жеткілікті мөлшерде келіп жатады. Қазір барлық нөмір мен қалтафондар тіркеліп жатыр дегеннің өзінде бұл қылмыс оқтын-оқтын орын алуда. Бірақ, қолға түсірген байланыс құралын екінші адамға сату қиынға соғатындықтан, бөлшектеп қабылдау пунктеріне жеткізуі де мүмкін. Тағы айта кетерлігі, кейбір адамдар танысына қарызға ақша беріп, қайтара алмағанын айтып арызданып жатады. Ол екі адамның арасында қолхат жүрмегендіктен, дәлелдеу қиын.

12 жылдай инспектор болып қызмет еткен Әскербек Сейілұлының анықтау ісіне араласқанына көп болмаған екен.

– Анықтаушылық қызметім үш жыл бұрын басталды. Қазір интернет арқылы алаяқтық жасаушылармен күресіп жүрмін. 2018 жылы бізге бір адамнан арыз келіп түсті. Оның айтуынша, белгісіз тұлғалар ақша талап етіп, ғаламтор арқылы қорқытып-үркіткен. Белгілі болғандай ол адам біршама уақыт бұрын жеке куәлігін жоғалтып, оны «тапқанға сыйақым бар» деп, интернет желісіне салған екен. Сол суретті көрген басқа бір адам өзіне жүктеп, әлеуметтік желіден парақша ашып, басқа да фотоларын салып, жұрттарды сендіріп, ақша дөңгелету қызметін ұсынған. Басқалар мұнымен әлгі куәлік жоғалтқан адам айналысып отыр деп ойлаған да, ақша жібере бастаған. Осылайша, мыңға жуығы алаяқтықтың құрбанына айналған. Серіктесім Татьяна Ким екеуміз жұмыстың ауқымды екенін көріп, осы іспен ғана айналысуды сұрадық. Анықтау жолдарын ұзақ зерттей келе, Ақтөбе қаласына жедел іссапарлап, күдіктіні қолға түсірдік.

DSC00597.jpg

Аға анықтаушы қазір интернет арқылы қылмыстың көбейгенін жасырмайды.

– Адамдар оңай ақша табамын деп, қалай торға түсіп қалғандарын білмей қалады. Сонымен қатар, Іnstagrаm арқылы 1+1 деген акциялардың құрбаны болатындардың саны күрт көбейіп кетті. Яғни, былғары әмиянның фотосын қойып, қасына сыйлық ретінде екіншісін не басқа да заттар береміз деген сайттарға сеніп, ақшаларын ойланбай салып жатады. Ал ол заттардың орнына тиынға татымайтын түрлі сапасыз дүниелер келген. Адамдарды сендіру үшін сайтқа жағымды пікірлерді жазып, тез иланудың амалын жасайтындарға алданып қалмауға шақырамын.

Әскербек Сейілұлы «сақ болсаң сақтайды» деген нақылды санадан шығармай, әрдайым сақ жүрудің зияны жоқ екенін алға тартады.

– Егер сіздің интернет-әңгімелесушіңіз қарызға ақша сұраса, хабарласып, оның шынымен финанстық қиындығына көз жеткізіңіз. Сол сияқты ғаламтор желісінде көбінесе жастар өзінің жеке ақпараттарын салып, фото-видео жүктеуге құмар. Немесе әлгінде айтқанымдай жеке куәлігі жоғалса, «іздеу салынған» жарияланымдарды қорықпай шығара береді. Оның соңы неге апарып соқтыруы мүмкін екенін естен шығармаған абзал. Бастысы – жеңіл ақша ешқашан болмайтынын айтқым келеді, – дейді 2019 жылдың үздік анықтаушысы.

Ә.Мұхамбетқалиев жақында ғана интернет арқылы алаяқтық жасаған күдіктіні ұстапты. Оның қолынан 500-ге тарта адам зардап шеккен. Жәбірленушілерді таба отырып, қылмыскер өз жазасын алу үшін барын салатанын айтады. Интернет алаяқтығы бойынша 450 істі сотқа жіберген Әскербек Сейілұлы анықтаушы болу үшін бір заңгерлік білім жетпейтінін айтады.

– Бұл профессияға ықтияттылық, қолданыстағы заңды жетік білу, мақсаткерлік пен адамдар арасында қарым-қатынас орната білу секілді білім мен біліктілік талап етіледі. Анықтау жұмысы полициядағы жауапкершілігі жоғары жұмыс болып табылады. Орын алған қылмысқа байланысты барлық материалды жинап, куәгерлер мен жәбірленушілерден сұрастырып, ең бастысы күдіктіні айнытпай тауып, заң арқылы жауапқа тартылуын қадағалау үшін заңгер де, психолог та, сарапшы да бола білуің керек. Әрине, үй-күйі жоқ кезбелермен, ішімдікке салынғандармен, психикалық бұзылыстары бар адамдармен қарым-қатынас орнататын кезде де жиі болады.

Өзінің жемісті жұмысының арқасында өткен жылы үздік анықтаушы атағына қол жеткізген Әскербек Сейілұлы мұнымен тоқтамайтынын айтады. Қызметінде абыройлы заң қызметкері отбасында да үлгілі әке, қадірлі отағасы.

(Сурет автордікі)

Ұқсас материалдар