Жаңалықтар

Көпұлттылық – елдің артықшылығына айналды

Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахмановпен сұхбат
Көпұлттылық – елдің артықшылығына айналды
19.03.2020 12:32 4059

Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов Елбасының салиқалы саясаты, өнегелі өмірі мен атқарған ерен еңбегі жайында, Қазақстан халқы Ассамблеясының маңызды қызметі жөнінде El.kz порталына сұхбат берген еді.

001_34.jpg

– Құрметті Сауытбек Абдрахманұлы, бүгін еліміздің өмірінде үлкен оқиға болғанына бір жыл толып отыр. Әлем Қазақстандағы билік транзитіне қандай баға берді дей аламыз?

– Өткен жылғы көктемде біз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің делегациясы құрамымен Қатар мемлекетінің астанасы Доха қаласына барған едік. Сонда Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин бірнеше елдің Парламент басшыларымен, спикерлерімен кездесулер өткізді. Сапар барысында олардың Қазақстанда орын алған билік транзитіне аса мән беріп, еліміздегі биліктің алмасуы осындай өркениетті түрде, Конституцияға сәйкес өткеніне айтарлықтай көңіл бөліп отырғанына куә болдық. Мұның өзі Елбасымыздың ішкі және сыртқы саясаттағы сабақтастығының сақталатынына сендірді және біздің еліміздегі саяси мәдениеттің жоғары деңгейде екеніне көзімізді жеткізе түсті. Дохадан келісімен, бірер күннен соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Қазақстанда кезектен тыс Президент сайлауы өтетінін жариялады. Бұл да өте орынды шешім еді. Себебі, көпшіліктің көңілін күпті ете бермей, алаңдаған жұртты сабасына түсіру қажет болатын. Бұл жағынан Қасым-Жомарт Тоқаев дұрыс шешім қабылдады және көп ұзамай өткізілген Президент сайлауында Елбасының таңдауы мен халқының таңдауы бір жерден шықты. Сондықтан әлем Қазақстандағы билік транзитіне оң баға берді деп толықтай айта аламын. Осы арқылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мемлекеттегі саяси тұрақтылықтың жайын алыстан ойластыратынын, елдегі биліктің ауысуына қаншалықты терең мән беретінін дәлелдеді.

– Сіз қызмет бабында, шығармашылық жолда Елбасымен жиі араласу мүмкіндігіне ие болған қаламгерсіз, қайраткерсіз. Көп жыл бойы еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанды» басқардыңыз, Ақпарат министрі де болдыңыз. Ең бастысы, Президенттің шетелдік сапарларына көп қатыстыңыз, олардан талай-талай көлемді репортаж жолдадыңыз. Осы тұрғыдан қарағанда сіз Елбасының тұлғалық қасиеті туралы не айтар едіңіз?

– Мұндай сұраққа қысқа қайырым жауап беру оңай емес. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев сан қырлы тұлға. Оның саясаттағы, экономикадағы қалдырған ізі өте жарқын, қазір де алып отырған орны өте қомақты. Біз Елбасының тұлғалық қасиеті деген мәселеге тарихи перспектива тұрғысынан қарауымыз керек. Бәрі де салыстырмалы жағдайда көрінеді. Тәуелсіздіктің таңсәрі шағын, егемендіктің елең-алаң тұсын көрген біздің буын Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа мемлекетті қаз бастырып, қалыптастырудағы орны қаншалықты ауқымды болғанын, мұның өзі ерлікке тең ерен еңбек екенін жақсы біледі. Ашығын айтқанда, біз тарихта есеміз кеткен ел едік. Осыдан шамамен отыз бес жылдай бұрынғы уақытта Кремль біздің республикамызға эксперимент түрінде басшы тағайындай беретін. Қазақ жеріне өмірі табаны тиіп көрмеген көлденең көк аттыны, Есенғалидың сөзімен айтқанда, «қаңғып келген шүрегейді» басқаруға жібере салатын. Сондай елді жарқын жолға салу арқылы Елбасымыз елінің етектегі басын төрге шығарып берді деп айтудың ешқандай артықтығы жоқ.

Нұрсұлтан Назарбаев қоғамды бір формациядан бір формацияға ауыстырып берді: экономиканы жоспардан нарыққа көшірді, халықтың санасын өзгертті, мемлекеттің сипатын жаңартты, тыныштық пен татулықты сақтап қалды.

Бұрынғы бір мақаламда жазған болсам да, мына жайды осы тұста тағы да айта кетейін. Қазақта «Би бол, би болмасаң би түсетін үй бол» деген аталы сөз бар. Біз кезінде соның біреуіне де ие болмап едік. Назарбаев басшылық ете бастаған жылдарда, біз өз алдымызға үй болдық. Одан кейін Қазақстанға әлемнің әр шалғайынан беделді делегациялар ағылып, түрлі конференциялар, саммиттер, конгрестер ұйымдастырылып, бірте-бірте би түсетін елге айналдық, бара-бара өзіміз де биге айналдық. ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп қана қоймай, сол ұйымның он шақты жылдан бері, нақты айтқанда тоғыз жылдан бері өткізілмей келе жатқан саммитін жоғары деңгейде өткізіп бергеніміз, сөйтіп ұйымның беделін қалпына келтіргеніміз – біздің би болған деңгейге көтерілгенімізді көрсетеді. Қазақ мемлекеті алыс та, жақын да, Батыс та, Шығыс та құрметтейтін мемлекет екенін бүгінде бүкіл әлем біледі. Дәл осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Елбасы туралы айта келіп, «Назарбаев феномені Батыс пен Шығыс мәдениетінің тоғысқан жерінде, жоспар мен нарықтың түйіскен тұсында, социализм мен капитализмнің ұштасқан жерінде, Шығыс ойшылдығы мен Батыс прагматизмінің қиылысында пайда болды» дегені ойға оралады. Расында да, Нұрсұлтан Назарбаев бір бойына от пен судай кереғар келетін көптеген құбылысты қатар сыйғыза алған тұлға. Елбасының тұлғалық қасиеті оны әлемдік аренада да биік беделге ие етті. Жаңа сіз айтқан шетелдік сапарлар барысында өзіміз Нұрсұлтан Назарбаевқа азуын айға білеген дейтіндей атақты мемлекет басшыларының қаншалықты құрметпен қарағанына талай рет куә болдық.

Өткен жылғы оқиға, яғни Қазақстандағы билік транзитінің осындай өркениетті сипатта өтуі де Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендігінің, дана саясаткер екенінің даусыз дәлелі. Өйткені, қай кезде екенін білмесек те, сан түрлі себептерге байланысты таяу жылдарда мемлекетімізде билік ауысатыны баршамызға мәлім еді. Алайда, оның қалай жүзеге асатынына алаңдаушылық білдіргеніміз жасырын емес. Бәрін жөнімен, жолымен реттеп, билік басына саяси элитаның жаңа буыны келуі керектігін, елдің тыныс-тіршілігінде белгілі бір жаңалықтар, өзгерістер болу тиістігін ескергендіктен, Нұрсұлтан Назарбаев осындай қадамға дер кезінде бара білді.

– Елбасының ел тұтастығы жолындағы ірі шешімдерінің бірі – Қазақстан халқы Ассамблеясын құруы. Қазақстандық ұлтаралық келісім моделі әлем елдеріне үлгі болды деп айта аламыз ба?

– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында жаңа да жас мемлекеттің болашағы жайында неше түрлі бал ашып, көріпкелдік жасаушылар аз болған жоқ. Солардың ішіндегі айта кетерлігі әлемге әйгілі саясаткер, АҚШ Президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі қызметін атқарған Збигнев Бжезинскийдің болжамы еді. Ол өзінің «Алапат шахмат тақтасы» атты кітабында социалистік лагерь тарқамай қоймайтынын, жоспарлы экономиканың тарихтың сынағына төтеп бере алмайтынын алдын ала болжап білді. Кеңес Одағының ыдырайтынын айтқан тұсында қандай елдерде нендей қиындықтар туатынын да жазды. Сол болжамдарының бірінде ұлтаралық негіздегі қақтығыс-жанжалдар ең алдымен Қазақстанда шығады дегенді аңғартқан болатын. Бжезинский олай деуінің себебі ретінде Қазақстанда көп ұлт өкілі, көптілді және көпдінді халық тұратынын айтқан еді. Қасым ақынның бір өлеңінде «Олай болмай, былай болды, Біздің бақыт, сіздің сорға» дейтін жолдар бар. Сол айтқандай, бағымызға қарай олай болмай, былай болып шықты. Талай нәрсені дәл болжаған Збигнев Бжезинский дәл осы мәселеде оңбай қателесті. Өйткені, танымал кеңесші қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі қасиеттерін білмеді. Біздің еліміздегі достықтың беріктігін тиісінше бағалай алмады. Ең бастысы, ол Қазақстан сияқты көп этносты мемлекетке Нұрсұлтан Назарбаевтай сарабдал саясаткердің келетінін, мемлекеттің осы талмау тұсына аса көңіл бөлетінін біле алған жоқ. Елбасымыз осыған дейін мемлекеттің осалдығы деп танылып келген бұл қасиетті оның артықшылығына айналдыра алды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қазақстан халқы Ассамблеясын құру идеясын өзі көтерді. Ол ұйымға өзі басшылық жасап, бұл жұмысты жемісті жалғастырып келеді. Ассамблея елдегі этностардың басын біріктіретін, олардың таңдаулы ұл-қызына мемлекеттің Парламентіне жол ашатын, тілі мен мәдениетін дамытуға жағдай жасайтын құт мекенге айналды. Біраз жылдан бері Ассамблея Конституциялық орган ретінде өзінің қатарынан Парламент Мәжілісіне тоғыз депутатты сайлап келеді. Қазіргі таңда соңғы кездегі кейбір көлеңкелі көріністерге байланысты Ассамблеяның орны, біздегі этносаралық қатынастардың деңгейі туралы артық-кем пікірлер айтылып жатады. Ондай өзекті өртейтін оқиғалардың орын алғанына қарамастан Ассамблея кеше де, бүгін де өз міндетін ойдағыдай атқарып келе жатыр деп айта аламыз. Тұрмыстық кикілжіңнен басталып, қылмыстық топтардың өзара есеп айырысуының салдарынан қанды оқиғаға ұласқан жайттарды өкінішпен атай тұра, біз бар уақытта Қазақстандағы достықтың берік екенін білеміз және болашақта да солай болатынына сенеміз. Жекелеген оқиғалар біздің елімізде қалыптасқан дәстүрлі достықтың іргесін қозғай алмайды. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» деп жырлаған ұлы Абайы бар қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі өзінің тарихи миссиясын көңілдегідей атқаруының арқасында, тілі басқа – тілегі бір, жүзі басқа – жүрегі бір тұтас ел қалыптасып келе жатыр. Бұл істе біздің Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың алатын орны қомақты екені анық.

Әңгіменің басына оралсақ, Елбасының өткен жылғы көктемде ел халқына жасаған Үндеуінен бергі уақыт Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастырған саясаттың өзі негіздеп берген сабақтастық салтымен ойдағыдай жалғасып келе жатқанын көрсетеді. Дәл қазіргідей күрделі ахуалда, жаһанды жайлап бара жатқан коронавирус дерті асқынып тұрған күндерде, елде төтенше жағдай жарияланған апталарда да Қазақстан халқы өзінің елдігін, бірлігін тағы да көрсететініне, қиын сынақтан абыроймен шығатынына кәміл сенеміз.

– Айтқаныңыз келсін. Әңгімеңізге рақмет!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға