Эхман Ким: Алысқа кетсем, жусанның иісін сағынамын

28.02.2020 2003
4 жасында Қазақстанға келген Эхман атайдың отбасында қазақ, молдаван, орыс, татар бір шаңырақ астында өмір сүруде

87 жастағы қария Эхман Ким Қазақстанды туған Отаным деп біледі. 4 жасында тағдырдың айдауымен анасының жетегінде қазақ даласына алғаш рет табаны тиген Эхман араға бірнеше ондаған жылдар салып тарихи отаны Оңтүстік Кореяға әйелімен қолұстасып барғанымен, бір аптадан кейін туған елдің жусанының иісін сағынғанын айтады.

«Менің балаларым, немерелерім мен шөберелерім Қазақстанда дүниеге келді. Қазақ даласына алғашқы келген кездегі сүреңсіз сүгіреттер бала болсақ та, көз алдымызда сақталып қалды. Қазір корей этномәдени орталығының іс-шараларында өзім секілді тағдырластарыммен кездескен уақытта қай-қайсысымызда сол қорқынышты кездерді еске алудан қашатынымызды байқадым. Алдымызда не тұрғанын болжап білмеген уақыт болатын, анамның, әжемнің үрейлі жүздерінен бір жамандықты ғана сездік. Алайда, сол уақытта алдымыздан шығып, көмек қолын созған қазақтың мейірімі мен қамқорлығын қалай ұмытасың, қалай айтпайсың?!», - дейді Эхман атай қиын-қыстау кезеңде қорғансызға пана болған қырдың қазағына деген ақжарма алғысын білдіріп.

эхман1.jpg

Эхман Ким қазақ жеріне келгенде небары 4 жаста болған. Бұл 1937-ші жылдың қара суығы өңменінен өткен күз айы болатын. Атырау өңіріне табан тіреген 500-ге жуық кәрістердің арасында баласын бауырына тығып, қолынан бір сәтке де жібермеген анасы, әжесі және анасының туған бауыры бала-шағасымен болды. Олар Қиыр Шығыстан депортацияланған кәріс ұлтының өкілдері. Отбасы депортацияға ұшыраған уақытта Эхманның әкесі Томск қаласында оқуда болыпты. Бір-ақ түнде буыншақ-түйіншегін алып жолға шығуға мәжбүр болған отбасының жағдайынан ол мүлдем хабарсыз болған. Кейін оған із-түссіз кеткен отбасын ұзақ іздеуге тура келеді. «Әкем тек 1940 жылы ғана бізді әрең іздеп тауып, өз отбасына қосылды. Бұл халық әбден жүдеп-жадаған жылдар болатын. Анамның сүйеу болатын азаматы жоқ екенін байқаған қазақ ауылының адамдары оны бірден мектепке жұмысқа кіргізді. Мен Владивастокте туылғанмын. Әке-шешем орыстардың ортасында тұрғандықтан, орыс тілінде жақсы сөйлейтін, сондықтан, оған жергілікті халықпен түсінісу қиын болмады», - дейді өткен күндерді көз алдына тағы бір әкелген Эхман атай.

Өзге де туған жерінен табан аударуға мәжбүр болған отбасылар секілді Эхман Кимнің отбасын Атыраудың қамыс қаулап өскен даласына әкеліп түсіреді. Ұлардай шулаған балалар, шарасыздықтан не істерге білмеген ересектер, қазанға салар ас таба алмай аңтарылған әйелдер... Оларға ауыл адамдары ас-суын алып бірден көмекке келеді. Ер-азаматтар жағы қазақтардың әкелген қайла-күрегімен жер қазып, қамыс орып, жертөле жасауға кіріседі. Сол қыстан кәріс отбасылары қамыс жастанып, қамыс жағып жан бағып шығады. «Қамыстың құдыретін сонда көрдік, жертөленің қабырғасы мен төбесіне де соны қалқан қылдық, еденіне де соны төседік, ақыр аяғы отқа да қамысты тұтаттық», - дейді Эхман Ким.

эхман.jpg

Эхман атайдың жары Александра да депортацияланған кәрістердің ұрпағы. Ата-анасы қудалауға ұшырағанда, ол құндақтағы сәби болған. Эхман атай кейін ауылшаруашылығы институтында білім алып, бар саналы ғұмырын осы салаға арнайды. 1968 жылы отбасымен Ақтау өңіріне қоныс аударады. Бүгінде екі қызынан өрбіген төрт немересі мен 8 шөбере Ақтау қаласында өсіп-өніп отыр. Қызының үлкені 60 жасқа келіпті. «Шүкір, үлкен отбасымыз, шағын отбасылық мерекелерімізде жиналғанда, үнемі тәубе айтып отырамын. Отбасымыз интернацинал. Біздің отбасымызда қазақ та, орыс та, татар да, молдаван да бар», - деп күледі Эхман ақсақал.

Эхман Кимнің отбасы қазақтың барлық ұлттық мерекелерін атап өтеді, дәстүрлерін де ұстанады.

«Қазақстан менің отаным, балаларымның туған жері. Біз өзге жерден жақсы өмір іздемейміз. Қазақтар қиын-қыстау кезеңде қолдау көрсетіп, қолұшын созды. Бауырына басты, бауырым, ағайыным деді. Бүгін сол қазақтан қыз алып, қыз беріп құдандалы жекжат болып отырмын», - дейді Қазақстанда 80 жылдан астам уақыт тұрып келе жатқан Эхман Ким ақсақал.