Жаңалықтар

Александр Урмашoв: Мінез жайсыз ортада шыңдалады. Кедергілер көп болады, өмірде онсыз болмайды

Александр Урмашoв: Мінез жайсыз ортада шыңдалады. Кедергілер көп болады, өмірде онсыз болмайды
09.04.2019 04:54 2598

Қарағанды облысының Қазақстан халқы ассамблеясының жастар қанатының жетекшісі Александр Урмашoв – жастардың даму тетігін дәл тапқан, белсенді әрі кретивті тұлға. Біз Александрды әңгімеге тартып, көңілге саятын сұхбат құрдық.

— Александр, Қарағанды облысы бойынша Қазақстан халқы ассамблеясы жастар қанатының көшін бастап жүрген жайыңыз бар. Осы бағыттағы жұмысыңыздың жай-күйін айта отырсаңыз. Облыс жастарының, оның ішінде Ассамблея жастарының қозғалысы қандай мақсатты көздеп, міндеттерді арқаланып жүр?

Әуелі мынаны айта кетсем, Қарағанды облысы Қазақстан халқы ассамблеясының жастар қозғалысы ҚХА құрылған сәттен бастап белсенді жұмыс жүргізуде. Бұл үдерісте әр өңірдің өзіндік ерекшеліктері мен атаулары болды. Бірақ баршамыз бір Ассамблея жастарының жарқын болашағы үшін қызмет еттік. Осы тұста, яғни, облыстық ҚХА тәуелсіздік жылдарында жас көшбасшылардың тұтас тобын дайындап шығарды, олар бүгінгі күні тек өңірде ғана емес, жалпы республикада да табысты еңбек етіп жүр.  

Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде бөлім басшысы лауазымында жұмыс істей жүріп, 2016 жылы менде және әріптестерімде облыстық ҚХА жастарының бірыңғай құрылымын құру идеясы пайда болған еді. Жағдайды талдап, осы мәселенің маңыздылығын ескере отырып, 2017 жылы облыстық Ассамблея кеңесі Жастардың үйлестіру кеңесін құрды. Маған оның тұңғыш төрағасы болу бағы бұйырды.

Ал 2018 жылы ҚХА жастар көшбасшыларының бастамасымен республиканың барлық аймақтарындағы «Жаңғыру жолы» жастар қозғалысы мен оның штабтарын құру туралы шешім қабылданды.

Бүгінде біздің штаб өңір тұрғындарының жас буынын бейбітшілік пен келісім саясатына тарту, ҚХА мақсаттары мен міндеттерін түсіну картасын жасау, этносаралық және конфессияаралық келісімнің тұжырымдамасы бойынша белсенді әрі жемісті жұмыс жүргізуде.

— Жемісті жұмыстарыңыздың желісімен таныстыра кетсеңіз. Қолға алған жобаларыңыз бар ма? Жастар жылына да арнаған тамаша бастамаларыңыз бар шығар?

Тарихи ғасырдың дара жолында жасап келе жатқан жас ұйым болсақ та, біздің ауыз толтырып айтар жетістіктеріміз бар. Соңғы екі жылда бірқатар мемлекеттік органдар, ұйымдар, жастар ұйымдары және үкіметтік емес секторлармен қоян-қолтық жұмыс атқарып, өзара мәмілелі бастамаларымыз бар.

Алға тартып көрсетер жұмысымыздың бірі – тәлімгерлік институты. 2017 жылы біз «Біз біргеміз!» акциясын іске қостық. Оның мақсаты балалар үйінде тәрбиеленетін баланы қоғамдық қарым-қатынас және өмірлік қиын жағдайларды еңсеру тәжірибелерімен таныстыру, баланың жауапты, табысты тұлға ретінде қалыптасуына ықпал ету еді.

Акцияны өткізу кезінде бізге Олимпиада чемпионы, Вэл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев, Олимпиада жүлдегері Василий Левит, белгілі қазақстандық шоумен Әнуар Нұрпейісов, ресейлік аралас жекпе-жек өнерінің балуаны Хабиб Нұрмағамедов және тағы да басқалары қосылды. Акция әлі де жалғасын тауып жатқан жөні бар.

Бүгінде облыстық ҚХА құрылымдарының жас көшбасшыларының тобы бірлескен күш-жігердің арқасында қалыптасты. Аймақтың жоғары оқу орындарының басшылығымен бірлесе жұмыс істеу нәтижесінде барлық жерде «Жарасым» студенттік клубтары ашылуда, бірінші болып Қарағанды медициналық университетінде аталған клуб құрылды.

Сондай-ақ басты жетістіктердің бірі – Елбасының еңбек еткен отаны – Теміртау қаласында «Жаңғыру жолы» қалалық штабының ашылуы болды.

Жақында ғана біз Қарағанды медициналық университетімен бірлесе отырып, аймақтың сегіз жоғары оқу орындарының белсенді студенттерінің басын қосқан «Сарыарқа жастары» атты студент жастардың облыстық форумын өткіздік. Оның аясында жастар стартаптарының көрмесі ұйымдастырылды. Ұсынылған жобалардың көбі бүгінде жергілікті билік пен бизнес-құрылымдардан қолдау тапты. Біз өңірдегі жастардың басқа да жобалары мен бастамаларын жоспарлы түрде ілгерілетуге мақсаттымыз.

Жоспарымыз көп. Біз жұмыс бағытында өзімізді шектемеуге, әртүрлі қызмет саласынан жастарды тартуға тырысамыз. Біздің басты міндетіміз – Қарағанды өңірі жастарының әлеуметтік жағдайын жақсарту.

— Қазіргі заман жастарын толғандыратын мәселелер жайында айтып өтсеңіз. Дегенмен де жастардың басы-қасында жүрсіз, көкейіңізге түйгеніңіз бар шығар?!

Әлбетте, мәселе жеткілікті ғой. Бірінші кезекте бұл жүргізіліп жатқан реформалар мен қалыптасқан жағдайлар туралы жастар арасында ақпараттың төмендігі. Біздің жас отандастарымыздың көбі, өкінішке орай, белсенділігі төмендеу және тым сындарлы. Оларды бірінші кезекте өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған қоғамдық жұмысқа тарта отырып, біз тек өзіңнің күш-жігеріңнің көмегімен көп нәрсеге қол жеткізуге болатынын ісімізбен дәлелдейміз. Осы орайда айта кету керек, бұл проблемалардың басым бөлігі өз бастамаңның деңгейінде шешіледі. Осыны жастар ұғынса екен. Кейде сілкініп, орныңнан тұру және мәселеңді шешу үшін қажетті ұйымдарға жүгіну жеткілікті.

— Облыста басқа да жастар ұйымдары бар екен. Олармен ынтымақтастық орнаған ба? Сіздердің ерекшеліктеріңіз неде?

— Қарағанды облысы дәстүрлі түрде жастар саны бойынша көшбасшы орынға ие. Тиісінше жастар ұйымдары да алдыңғы қатарда.

Көптеген жылдар бойы облыстық ҚХА жастары «Nur Otan» партиясының «Jas Otan» жастар қанатымен тығыз қарым-қатынаста. Біз бірқатар жобаларды жүзеге асырдық, соңғыларының бірі – «Bilim оrtalygy» зияткерлік аймағының ашылуы.

Бүгін біз облыстың қалалары мен аудандарының жастар ресурстық орталықтарымен, Қазақстан студенттерінің Альянсымен бірлесіп, маңызды жұмыс жүргізудеміз. Еліміздің барлық медициналық жоғары оқу орындарын біріктіретін Қазақстанның «KazMSA» медик-студенттер қауымдастығымен ынтымақтастық белсенді дамуда.

Алайда дәстүрлі серіктестер, штабтың қозғаушы күші облыстың этномәдени бірлестіктерінің жастар қанаттары болып қала береді.

Барша жастар – бірліктің күші. Біз – облыстың көпэтникалық мұрасын насихаттаумен, қоғамдағы этносаралық келісімді дамытумен және нығайтумен айналысатын облыстың жалғыз жастар ұйымымыз. Бұл біздің ерекшелігіміз, бірегейлігіміз.

— Жалынды жылдарында жас адам қандай қасиеттерге ие болуы керек? Жалпы біздің елдің жастарының өзге елдердің жастарынан ерекшелігі неде?

— Кез келген дамушы мемлекеттің жастары озық болуы тиіс. Мемлекет бәсекеге қабілетті болуы үшін оны ХХІ ғасырдың кәсіпқойына тән қасиеттерге ие өршіл, креативті жастар дамытуы тиіс. Менің ойымша, шет тілдерін білу, әлеуметтік жауапкершілік, патриотизм, ақпараттық технологиялар дағдылары – қазіргі қазақстандық жастарды дамытудың маңызды бағыттары болып табылады.

Қызметтік борышыма орай мен шетелде жиі боламын және әрдайым шетел серіктестері үшін мен - «қазақпын». Біздің айрықша ерекшелігіміз – мемлекетке қатыстылығыңды сезіну, өзіңді-өзің сәйкестендіру, мемлекеттен қолдау табу.

Мен басқа елдерде оқып жүрген немесе жұмыс бабымен жүрген отандастарымыздың өздерін зор мақтанышпен «қазақстандықпын» дейтінін көріп жүрмін.

— Сіз қоғамдық жұмыста жүрген жас көшбасшысыз. Өзіңіз туралы оқырмандар біле отырсын.

— Екі жоғары білімім бар: бірі – «Туризм», екіншісі - «Мәдени-сауықтыру жұмысы». Екеуін де еліміздің озық университетінің бірі – академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде оқып шықтым.

Бүгінде мен Қарағанды медицина университетінің жастармен жұмыс жөніндегі бөлімінің бас маманы болып қызмет атқарып жүрмін. Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысымен 2005 жылдан бастап айналыса бастадым. 2014 жылы Қазақстан халқы облыстық ассамблеясының мүшесіне қабылдандым.

2015 жылы румын мәдени қоғамының «Dacia» жастар қанатының жетекшісі болып сайландым және Қарағанды облысы әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» КММ-де Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылымдарымен жұмыс және қоғамдық-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің басшысы болып жұмысқа қабылдандым. Бөлім басшысы бола отырып, аймақта тұратын этностардың салт-дәстүрлері мен мәдени мұрасын сақтауға және дамытуға бағытталған бірқатар республикалық және облыстық іс-шараларды ұйымдастырып, өткіздім.

2017 жылы мені Қарағанды облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Жастардың үйлестіру кеңесінің төрағасы етіп тағайындады. Осы жылы «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының қатысушысы болдым. 2018 жылдан бастап ҚР Президентінің жыл сайынғы Жолдауын түсіндіру бойынша республикалық ақпараттық топтың мүшесі болып табыламын. Сол жылдың қазан айынан бастап Қарағанды облысының демократиялық күштері коалициясының мүшесімін. Міне, осындай міндеттерді барынша абыроймен атқаруға тырысып жүрмін.

Өткен жылы Қарағанды өңірінде мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесім, шығармашылық табыстарым үшін және Қазақстан мен өз туған өлкесінің мәдени мұрасын халық арасында насихаттау бойынша белсенді жұмыс жүргізгенім үшін XI қалалық «Замандас – 2018» конкурсының «Шабыт» номинациясы бойынша жеңіске жеттім. Сонымен қатар «Жылдың жас көшбасшысы» номинациясы бойынша Қарағанды қаласы әкімінің «Дарын – 2018» жастар сыйлығының лауреаты атандым.

Ал мінез жағымнан мен өзімді әрдайым қарапайым жігітпін деп санаймын, жастармен де, мемлекеттік құрылымдардың басшыларымен де оңай тіл тауып кете беремін.

— Жастар жылында замандастарыңызға не айтар едіңіз?

Ең бастысы – ешқашан мойымау керек! Кедергілер көп болады, өмірде онсыз болмайды. Мінез жайсыз ортада шыңдалады. Бастамашыл және пайдалы болу – бір ғанибет! Қиындықтан қорықпай, қайта оны шешу жолдарын табуға талпыну керек.

Жастар жылында барлық жастарға өз орындарын табуға, өмірдің мәнін сезінуге және арман-тілектерінің орындалуына тілектеспін!

— Александр, біз де сізге ізгі ниетімізді білдіре отырып, сұхбаттасқаныңызға алғыс білдіреміз!

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға