Жаңалықтар

«Ұлттар бірлігі – біздің басты байлығымыз»

Нағашыбек Қапалбекұлы халықтар татулығы жөнінде пікір білдірді
«Ұлттар бірлігі – біздің басты байлығымыз»
19.03.2020 11:31 3654

Белгілі қоғам қайраткері, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нағашыбек Қапалбекұлы республика халқының бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқанына Қазақстан халқы Ассамблеясының да қосқан үлесі зор деп санайды:

unnamed.jpg

– Қазақстан халқы Ассамблеясы өте керек кезде, терең ұйғарыммен құрылған ұйым. Өйткені  мемлекетіміздің негізі – бірлік пен ынтымақ. Осыған байланысты біздің Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы 25 жыл бұрын ілгерідегідей ұйым құрып, оның негізгі мақсаттары мен міндеттерін айқындап берген еді. Осы жылдар ішінде бұрын әр жерде шашырап, өздері мен өздері жүрген ұлттар мен ұлыстар бір шаңырақтың астында бас қосып, жыл сайын үлкен-үлкен келелі мәселелер бойынша, ауқымды істер атқарып, алдағы міндеттер жөнінде нақты шешімдер қабылдап жатты. Соңғы 25 жыл бойы бұл ұйымның жетекшісі болған Нұрсұлтан Назарбаев осы күнге дейін, тәуелсіз Қазақстанның бірлігі, ынтымағы, тұтастығы бойынша, ізгі ісімен өнеге болды деп айта аламыз. Өткен уақытқа көз салсақ, үлкен қақтығыстардан аулақ болғанымызды аңғарамыз. Жалпы, Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарған жұмыстары жеткілікті. Сол жылдар ішінде өзім сан түрлі ұлттардың ішінде жүріп, олардың барлығының Елбасыға деген ыстық ықыласын айқын сезіндім. Себебі, Нұрсұлтан Әбішұлы десе, елдің бірлігі, татулығы  айтылады. Өзге ұл өкілдері Тұңғыш Президентіміздің ел үшін жасаған жұмысын, атқарған ісін жақсы қабылдайды, сезінеді. 130 ұлт пен ұлысты тепе-теңдікте сақтап, қамқорлыққа алып отырғаны, ұлтаралық ірі қақтығыстардың болмай келе жатқаны сол кісінің арқасы деп түсініп, арқа сүйеп келеді.

Өзімнің бір кітабым өткен жылы Ассамблея мүшелерінің арқасында өзбек тілінде жарық көрді. Бір еңбегім тағы да аударылып жатыр. Тағы бір айта кетерлік нәрсе, Жансейіт Түймебаев орынбасар болып келгелі көптеген игі істер атқарылуда. Оның ішінде барлық ұлт өкілдері мемлекеттік тілді үйреніп,  насихаттау бойынша тамаша жұмыстар қолға алынды. Сан түрлі ұлттар қазақ тілінде жыр оқып, сөз сөйлеп, ұсыныс тілектерін жеткізіп, бастама көтерді. Бұл бүкіл ел-жұрттың көптен күткен тілегі. Сол сияқты біздің еліміздегі әртүрлі ұлт өкілдерінен шыққан ақын-жазушылар өздерінің еңбектерін көрсетіп жатыр. Оның ішінде ұйғыр ұлтынан шыққан Ашировты ерекше айтып кетуге болады. Оның спектакльдері ұйғыр театрында сахналанып, еңбектері басқа да тілдерге аударылып жатыр.

Өткен ғасырда, мен бала кезімде ауданымызға Кавказдан түрлі ұлт өкілдері көшіріліп әкелді. Сонда тұрғылықты халық оларды жатсынбай, қамқорлық танытқанына байланысты жерсініп кетті. Олар әлі күнге дейін бізбен араласып тұрады. Бір сыныпта бірнеше ұлт өкілдерінің балаларымен бірге оқыдым. Біз оларды ешқашан басқа ұлтсың деп бөліп-жарған емеспіз.

Тамырын тереңге жайған ағаш әрқашан мәуелі жеміс береді, биіктеп өседі, көгеріп тұрады. Аға буын біз де қанша ұлт, ұлыс өкілдерімен дос-жаран боп өстік, қазіргі ұрпақ та олармен жақсы қарым-қатынаста деген сенімдемін. Жалпы, елдің тұтастығына аянбай еңбек етіп келе жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына ризамыз!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға