Жаңалықтар

iPhone X смартфонына қызығып, алданып қалмаңыз

Отандасымыздың АҚШ-та алаяқтарға тап болуы туралы
iPhone X смартфонына қызығып, алданып қалмаңыз
19.11.2017 09:31 8018

 Қазақстандық Александр Керимов еңбек демалысына шығып, АҚШ-тың алып қаласы Нью-Йоркке баруды жоспарлайды. Александрдың қуанышына орай, оның АҚШ-қа сапары Apple корпорациясының жаңа өнімі iPhone X сатылымы қарсаңына тура келіп, бір емес, екі смартфон алуды жоспарлайды. Нәтижеде, бар ақшасынан айырылып қала жаздайды.

Нью-Йорк Apple өнімдерін сатылымға шығаратын алғашқы қалалардың тізімінен түспейді. Сондықтан жаңа девайсты осы қаладан алуға арнайы келетін адамдар реті көп. Apple корпорациясы жаңа өнімнің сатылым деңгейін көтеру үшін алдын ала тапсырыс қабылдап, ресми сатылым күніне дейін таратып үлгереді. Ал бұл Apple өніміне қызығатындар арасында қызу талқыға түседі. Сонымен iPhone X сатылымға шықпай, оны иемдену трендке айналады.

"Grey Cardinals" PR агенттігінің атқарушы серіктесі Александр да мұндай трендті байқағаны анық. Жалпы ресми сатылым күніне үш аптаның көлемі болған. Ал Александр Нью-Йорк көшелерінің бірінде серуендеп жүріп, техникалық девайстар сататын Unblocked Cellular дүкені сөресінен iPhone X смартфонын көріп қалады. Сосын, әрине, мүмкіндікті жіберіп алғысы келмей, бір емес екі смартфон алуды көздейді.

"Алдын ала сатып алып, бағасын көтеріп сататындарға жолымыз түсті. Бірақ олардың алаяқ екенін сатып алу шартына қол қойғанымнан кейін түсіндім", - дейді Александр.

Отандасымыздың айтуынша, алаяқтар сөзге тартып, оның қайдан және қанша уақытқа келген сұрап үлгерген. "Несие картамнан екі смартфонға $2613 аударылғаннан кейін, қосымша депозит төлеуге міндеттей бастады. Смартфонды ары қарай саудаламауым үшін  қосымша жарна есебінде тағы $1100 төлеуім керек екен. Мұны мен қол қоймай тұрып білмедім. Сөйтсем, шартта бұл туралы жазылыпты. Шартта жазылуынша, егер мен бұл өнімді саудалауға қоймасам, депозит 90 күннен кейін қайтарылады екен. Бірақ олардың мұны қалай тексеретіні белгісіз", - дейді Александр.

Керимов мырза алаяқтарға өзінің бір күннен кейін ұшып кететінін айтқан болатын. Ал дүкен сатушылары туристің қалтасын қағуды осы кезден ойластырған. Енді Александр өз ақшасын қайтарып алудың амалын ойластырады.

Александр Қазақстанның АҚШ-тағы Бас Конулдығына хабарласып, көмек сұрайды. Консулдық қызметкерлері Нұржан Базылбеков пен Мади Архабаев жағдайдың мән-жайын түсініп, бұл мәселеге Нью-Йорк Полиция Департаментін араластырады.

"Полиция қызметкерлері араласқаннан кейін ғана дүкен сатушылары ақшаны қайтару мәселесіне кірісе бастады. Оған дейін бізбен сөйлескілері де келмеді", - дейді Қазақстанның АҚШ-тағы консулы Мади Архабаев.

Консулдың айтуынша, сағат кешкі 20:00-ге таяп қалған кезде, Unblocked Cellular дүкенінің иесі төленген сома негізінде чек жазып береді. Capital One банкінің Манхэттендегі тек бір ғана кеңсесі кешкі 20:00-ге дейін жұмыс жасайтын. Отандастарымыз соған үлгеріп, бар қаржыны қайтарып алады.

"Расында, алып Нью-Йорк қаласында жылына 60 миллионнан астам турист келеді. Туристердің алдап, ақшаға түсіру Нью-Йорк тұрғындарының күнделікті жұмысына айналған. Қазақстанның Нью-Йорктағы Бас Консулдығы ел азаматтарының барынша сақ болуын сұрайды және кез келген жағдайда көмектесуге дайын екенін айтады", - дейді Нұржан Базылбеков.

Фото: Александр Керимовтың жеке мұрағатынан алынды

Авторы: Жолдас Өрісбаев

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға