Жаңалықтар

Болашақ тележурналистерге Айнұр Омардан 15 кеңес

Оператор  – сюжеттің қосалқы авторы.
Болашақ тележурналистерге Айнұр Омардан 15 кеңес
11.01.2017 10:15 10884

Журналист дипломы қолда, өзіңе ұнаған телевидениеге өндірістік іс-тәжірибеге келдің. Ешкімді танымайсың, редакциядағы бос тұрған бір орындықта отырсың. Ешкімнің сенде шаруасы жоқ, бәрі қарбалас. Тіпті біреуге барып, бірдеңе сұрауға қорқасың.  Бірақ іштей сьемкаға шығып, сюжет жасағың келеді. Неден бастарыңды білмейсің. Ал таңертеңгі жиналыста еркін тақырып табыңдар деген мәселе жиі көтеріледі. Еркін тақырып ұсынып, ол редакторлардың «батасын» алса ғана іске кірісуге болады. Сонымен бастайық.

  • Еркін тақырыпты қайдан табамыз? Жаңалық неден құралады? Жаңалық – күнделікті кездесетін жағдайлар, өзгерістер, оқиғалар және осы жайттарға қатысты мамандар мен қарапайым халық пікірі. Тың тақырып іздеу үшін тау-тас кезудің керегі жоқ. Ақпараттық сайттарды ақтарып шығыңыз. Елеусіз бұрышта 2-3 сөйлеммен жазылған хабардың астарына үңілсеңіз, қызықты ақпарат шығуы мүмкін.

  • Тақырып табылды делік. Енді осы тапқанымызды фактімен, пікірлермен байытамыз. «Googleдесеңіз» біразы шығады. Егер қандай да бір цифрден, мәліметтен күмандансаңыз,  салалық министрлік немесе статистика агенттігінің сайтына кіріп қарау маңызды. Ақпарат көп жинаған сайын, зерттеп отырған тақырып ауқымы да өзгереді. Тележурналист міндетті түрде видеода не көрсетемін деген қағиданы естен шығармау керек. Видео жоқ, кейіпкер жоқ – сюжет жоқ!

  • Тақырып бар, нақты мәлімет пен ақпарат бар. Енді осының бәрін жүйелеп жазып, редакторға бекітуге апарамыз. Маңыздысы, тақырыптың жаңалығы мен өзектілігі.

  • Редактор рұқсат берген соң, түсірілімді ұйымдастыру процесіне кірісеміз.

А) Салалық министрліктің баспасөз қызметіне хабарласу. Ол тарап міндетті түрде ресми хат сұрайды. Міндетті түрде кімнің атына, қандай факске немесе электронды адреске хат жазатынымызды және сұқбаттың неғұрлым жуық арада ұйымдастырылуын сұраймыз.

Ә) Сюжетте көтерілген проблемақайдан шықты? Кім айтады. Нақты кейіпкер тауып, түсірілімге келісу.

Б) Бейтарап пікір. Салаға қатысты сарапшы-маманның пікірі.

В) Стендап

  • Түсірілімге келістіңіз, кейіпкер таптыңыз. Координатор Сізге операторды бекітті. Операторға кімді түсіреміз, қалай түсіреміз және көтеріп отырған мәселемізді түсіндіреміз. Өйткені, оператор  – тек видео түсіруші емес, ол сюжеттің қосалқы авторы.

  • Сіз көтеріп отырған мәселеге көңілі толмай жүрген кейіпкерді түсірдіңіз. Кейіпкер эмоциямен сөйлесе, сюжеттің әсері де жақсы болады. Кейіпкердің барлық сөзін камераға жазу міндет емес. Негізгілері ғана түссе, кейін (кодировка кезінде) өзіңізге де жеңіл болады. Түсірілім кезінде міндетті түрде кішкентай детальдарға назар аударыңыз. Бұл да сюжет жазған кезде үлкен рөл атқаруы мүмкін. Оператор байқамаса, өзіңіз ескертіңіз.  Видео көп болса, монтаж кезінде қиналмайсыз, әрі сюжет тартымды болады. Телевидениеде ақпараттың 70 проценті көру арқылы қабылданады!

  • Кейіпкермен сұхбаттан кейін көкейге біраз дүние түйесіз. «Неге?» деген сұрақтар көбейе береді. Бұл сауалдардың  жауабын құзырлы органдар береді.

  • Бір мәселе төңірегінде пікір екіге жарылды. Бірақ Сіз бүтінсіз. Әрине, журналист болған соң, қарапайым халыққа бүйрегіңіз бұрады. Бірақ журналист ешақашан төрелік айтпайды, ақыл бермейді және сюжет соңын «батаға»  айналдырмайды. (нұр үстіне нұр болар еді, министрлік ойланған жөн еді т.с.с.)

  • Таразы тең болу үшін сарапшы-маман пікірі маңызды.  Бұл – бейтарап  пікір.

  • Сюжетке жетер видео түсірілді, қажет спикерлерден сұхбат алынды, енді тақырыпқа «тұздық» ретінде міндетті түрде «стендап» керек. Егер тақырып нақты мәселеге байланысты болса, тілші сол орынға барып «стендап» жасайды. Оның өзінде де, жай тұрғаннан қарағанда жүріп сөйлеген, қандай да бір детальді тауып, соны ойнатып сөйлеген стендаптар ұтады және көрермен есінде  қалады.

  • Енді мәтін жазамыз! Жазып отырғанда көз алдыңызда мынандай көрініс тұрсын. Үйде телевизор көріп отырған апа жалығып кетіп, қолына пультті алды. Әне-міне басқа арнадағы сериалына ауысады. Апта бойы айналысқан еңбегіңіз көрінбей қалуы мүмкін. Сондықтан:

А) Көтерген тақырыптың жаңалығын дикторлардың сөзіне жібереміз. Өйткені, хабарлаушы сол кісілер.

Ә) Бірінші позицияға сюжеттегі мықты кадрлар мен көрерменді елең еткізер «айқайлап тұрған» синхронды жібереміз. (Көрермен пультті ұстаған күйінше қатып қалады).

Б) Тікелей мәселеге көшеміз. Өзектілігі, маңызы, шешімі.

В) Өкілетті органнан алған сұқбат

Г) Сарапшы пікірі

Д) Стендап

  • Сюжет редакцияланды, оқыдыңыз, енді монтаж. Видеоинженер де сюжеттің қосалқы авторы. Монтажға журналист міндетті түрде қатысады. 

  • Сюжетіңізге қосымша әсер бергіңіз келсе, музыкамен әрлеу керек. Егер сюжетте табиғи шумдар болса, оларды басып тастаудың қажеті жоқ. (Жел, су, баланың күлкісі, пойыздың жүргені т.с.с.)

  • Сюжет дайын. Эфирге кетпес бұрын 2 рет тексеріп алыңыз. Әсіресе субтитрлерге сақ болған жөн. Сұхбат алған кісінің аты-жөні, қызметін қатесіз жазыңыз.  

  • Өзіңіз үшін алғашқы сюжет «шедевр» көрінгенімен, кәсіби журналистер түрлі сын айтуы мүмкін. Сондықтан, ештеңені көңілге алмай, айтқан ақылдары қажет болмаса да, бас шұлғып тыңдау қажет. (Келмей жатып, жау тауып не қыласыз!)

Іске сәт, достарым!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға