Желінің жетегіндегі жеткіншектер

Баланың өміріне әлеуметтік желінің ықпалы

Жүсіпбек Аймауытов «Баланы бұзуға, түзеуге себеп болатын бір шарт – жас күнде көрген өнеге», – деп орынды айтқан. Бүгінде әлеуметтік желіге тәуелді болған пенде күніне сағаттап интернетте отырып, айналасындағы барлық дүниелерді ұмытып, адамдармен қарым-қатынасын үзіп, ақыр соңы денсаулығын жоғалтып, түрлі ауруларға шалдығып жатады. Бар уақыты мен күш-қуатын, қарымы мен қабілетін ғаламторда сағаттап отыруға жұмсайтындар жалпы қоғам алдындағы міндеттерін ұмытып, түбінде қолайсыз жағдайларға тап болып, тұрмыста да ауыртпалықтарға ұшырап жатады. Үлкендерден үлгі алатын балаларымызды «түзеу мен бұзуға» сол телефон мен ғаламтордың «өнегесі» қаншалықты!? Осы тұрғыда ата-ана мен арнайы мамандардың желінің пайдасы мен зияны туралы пікірін білуді жөн санадық.

170.jpg

Бүгінгі жаһандану заманында техниканың дамығаны соншалық, адам күнделікті өмірін компьютер алдында немесе телефонда өткізеді. Тек техниканы олар қызмет орнында ғана емес, үйде де тіпті кез-келген орындарда пайдаланады. Ғаламтордың біздің өмірімізге енгені соншалық, баланың өзі бұрынғыдай ойыншықпен ойнамайтын болған. Далада доп қуып, асыр салған жасөспірімді жиі көрмейсің. Аузында емізігі бар бөбектің өзін телефонмен алдандырып, уатқан аналардың саны да көбейген. Бала да ересектер секілді өзінің өмірін желі ішінде өткізеді. Өйткені сәби көргенін істейді. Ал көп жағдайда жұмысбасты ата-ана тәулік бойы балаларына бақылау жасай алмай жататыны көңіл қынжылтары сөзсіз.

Әлеуметтік желіге тәуелділіктің зардабы

Желі жетегіндегі жеткіншектер жайы қоғамды алаңдатуда. Болашағымыз – балалар оқу мен білімге құштар болар шағында телефонға телмірумен уақытын зая кетіруде. Ал ғаламтор желісінің физикалық та психологиялық жағынан зияны бар екенін ғалымдар әлдеқашан дәлелдеп берген. Ең алдымен баланың көру қабілеті төмендейді. Бүгінде көзілдірік таққан бүлдіршіндердің саны көбеймесе, азаймай отырғаны бұған айқын дәлел. Сонымен қатар, компьютер алдында көп отыру жасөспірімдердің омыртқа сүйегін де зақымдайды. Ол аз десеңіз, интернеттегі құмар ойындар, зиянды бағдарламалар жасөспірімдер мен жастардың санасын улап, сол виртуальді әлемге ақыл-ойы қалыптаспаған ұл-қыздарымыз еліктеп, тіпті, естерінен айырылып жатқаны өтірік емес. Көпке топырақ шашуға болмас. Көп уақытын білімін дамытуға, спортқа арнайтын жастар да баршылық. Десек те, желі қуып, желіккен жастар жағы таразының бір жағын басып бара жатқанын ешкім жоққа шығара алмас.

kebiasaan-buruk-orang-tua-saat-mendidik-anak-memberikan-gadget-saat-anak-nangis-atau-rewel.jpg

Бүгінде статистика мәліметтеріне сүйенсек, кәмелет жасына толмаған балалардың 80 пайызының ғаламторда парақшалары бар екен. Бірақ ол жерде жеткіншектердің не көріп, не біліп жатқандықтары бізге беймәлім. Тіпті, ата-анасы да бұдан хабарсыз. Әлем бойынша қаншама жас буын желінің жетегінде үзіліп, түпсіз әлемнің тұңғиығына батып жатыр. Жақында елімізде «ұялы телефонды жастанып жатқан жасөспірім көз жұмды» деген ақпар қауға тиген өрттей тез тарады. 14 жастағы қыз бала телефонын қуаттаған күйі пайдаланған. Сосын телефонды жастанып жатып ұйықтап кеткен көрінеді. Соңы қайғылы жағдайға ұласқан бұл жағдай көпке сабақ болса керек. Тоққа түсіп қайтыс болған баланың тағдыры қайталанбасына кім кепіл!? Мұның өзі жұртты жіпсіз байлаған ғаламтордың кесірі емей немене?

kompyuternaya-zavisimost.jpg

Тек бұл ғана емес, әлемде осыған ұқсас қаншама оқиғалар орын алуда. Ғаламтордағы мәліметтерге сүйенсек, Американың белгілі бір штатында ата-анасының интернет ойындарына қатты құмартқаны соншалық, жасқа толмаған сәбиін тамақтандыруды ұмытып кетіп, нәрестесін аштан қатырған. Осылайша, ойсыз ойынның түбі туған баласының өлімімен аяқталған. Неткен аянышты жағдай!?... Ал Оңтүстік Кореяда интернет кафелерде тым көп уақыт отырған бірнеше адам көз жұмған. Осыдан бірнеше жыл бұрын елді шулатқан «В контакте» әлеуметтік желісінің қолданушылары арасында адам өміріне зиян келтіретін және өлімге әкелетін ойындар кеңінен таралған болатын. Желідегі «көк кит» ойыны арқылы желідегі топтардағы белгісіз біреулер жасөспірімдерді адастырған болатын. «Көк кит» ойынының шарты бойынша тиісті 50 тапсырма орындалып болғаннан кейін ойынға қатысушы өзіне қол жұмсау қажет екен. Ал ойыншы қарсы болған жағдайда ойынды ұйымдастырушылар оның ата-анасын немесе жақындарын өлтіретіндігін айтып қорқытқан. Еліміздің кейбір қалаларында бірнеше жасөспірім өз қолын өзі тілгілеп, өзін-өзі өлтірмек болған бірнеше факт тіркелген болатын.

Әлеуметтік желінің тиімді жақтары

Интернеттің пайдасы алысты жақындатып, жылдам хабар алдырады. Тіпті желінің көмегімен табыс табуға да мүмкіндік бар. Кейбір адамдар жеке парақшаларында түсірілім жасап, екіншілері блок жүргізеді. Әлемдегі болып жатқан барлық жаңалықтарды да көру мүмкіндігі желінің тиімділігін көрсетеді.

keep-your-child-safe-1-VK-1.jpg

Жалпы әлеуметтік желінің пайда болу тарихына көз жүргіртер болсақ, 1995 жылы АҚШ азаматы Рэнди Конрад classmates.com сайтын жасайды. Ол сайтқа кез келген адам тіркеліп, өздерінің таныстарын, достарын тауып алуға мүмкіндік алды. Алғашында сайт сұранысқа ие болмады. Бірақ біршама уақыт өте келе тіркелушілердің саны арта түсті. 1996 жылы америкалық жоғары сыныптың төрт оқушысы хабарландырулармен алмасатын интернет бейджер ойлап тапты. Оған icq деген ат берді. Желідегі бейджерге қызығушылықтардың артқаны соншалық мыңдаған адамдар тіркеле бастады. Екі жылдан кейін аталған интернет бейджерді корпорация қомақты қаржыға сатып алып, дарынды мектеп оқушылары бір сәтте миллионер болып шыға келді. Кейінірек 1999 жылы LIFEJOURNAL сайты пайда болды. Сайттың ерекшелігі адамдар өздерінің жеке блоктары мен күнделіктерін жүргізуге мүмкіндік алды. Оның ойлап табушы американдық Бред Патрик. Сайтта адамдар қауымдастықтар құрып, ол жерге басқаларды шақыра алды. 2003 жылы тағы бір әлеуметтік желі пайда болды. Ол myspase.com деп аталды. Енді адамдар бұл желіде бейнероликтер мен әндермен бөлісе алды. Әсіресе бұл myspase.com әлемдік жұлдыздарға қатты ұнады. Бірақ бұл сайттың алдыңғы шепте жүруі ұзаққа созылмады. Себебі 2004 жылы Гарвард университетінің студенті Марк Цукерпер facebook әлеуметтік желісін ойлап тапты. Алғашында студент бұл желіге өз университетінің студенттерін тіркеп, өзара хат алмасып, уақытын қызықты өткізу үшін пайдаланды. Кейінірек facebook-те 1 айда 20 мың адам тіркелгені белгілі болды. 2020 жылғы қаңтар айындағы ресми ақпаратқа сүйенсек, facebook әлеуметтік желісінде 2,4 млрд адам тіркелген. 2006 жылы америкалық програмист Джек Дорси өзінің қысқаша не істеп жатқанын жазатын twetterді ойлап тапты. Одан кейін вконтакте, одноклассники желілері пайда болды. 2010 жылы суреттерді жүктетін ерекше үлгідегі instagram желісі пайда болды. Бұл желінің пайдаланушылардың саны бүгінде 1 млрд-тан асқан. Заман жаңарған сайын жаңа технологиялар да уақыт өте өзгеріске ұшырап келеді. Тек балалар сол жаңашылдықтың пайда жақтарын алып, кері әсерін біліп жүрсе дейміз.

Ата-ана мен мамандар пайымы

Лаура Сәрсенбекқызы, Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы, полиция капитаны:

Жасөспірімдердің интернет желісіне тәуелді болуы ата-ана тарапынан қараусыз болғандығынан деп есептеймін. Егер бала үнемі қадағалауда болып, бос уақытында қосымша үйірмеге барып, өзін қызықтыратын, қабілетін ашатын істермен айналысып, тілін дамытып, өнерін шыңдаса, жат қылықтардан аулақ болады. Ойын-сауық орталықтары мен компьютер клубтарына баруға уақыт таппайды. Ал интернет желісі тек қажетті ақпаратты алуға ғана пайдаланғаны дұрыс. Біз кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар тарапынан түнгі уақытта 22.00-ге дейін ойын сауық орталықтарында кәмелетке толмаған жасөспірім заңды өкілінің қараусыз жүруін анықтау мақсатында рейдтік іс-шаралар жүргізіп отырамыз. Егер түнгі уақытта жасөспірімдердің жүргенін анықтаған жағдайда баланың заңды өкілі мен ойын-сауық орталығының иесі әкімшілік жазаға тартылады.

41142.jpg

Айдын Құмарбекұлы, ата-ана:

Қазір интернеттің пайдасынан гөрізиянын да көріп жатырмыз. Бүгінде балалардың интернетке тәуелділігі рас. Мысалы үшін, өзімнің баламды алайын. Өзіміз таңертеңнен кешке дейін жұмыста болғандықтан, баламызды әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр. Соған қынжыламыз. Кішкентай нәрестенің тілінің шығуы, ал жасөспірімдердің қайда, не істеп жүргендігінен хабарсызбыз. Олар көп нәрсені интернеттен алады. Желіде отырады, бір-бірімен хат алысады. Бізбен аз әңгімелеседі. Бұл – қазіргі заманның індеті. Бала мен ата-анасының әңгімелесуі сирек. Мысалы, «Жұмыстан үйге келген бойда телефонды қолдарынан аламыз. Бүтін бір отбасы болып жиналып, әңгімелесеміз. Әңгіме барысында демалыс күнге деген жоспарымызды айтамыз. Бұл – кәдімгідей көзбе-көз әңгімелесу. Мұның барлығы тәрбиелеу мақсатында жүргізілетін жұмыстар болып саналады», – деп, мен өз туыстарым мен достарыма, таныстарыма айтып жүремін. Бұрын біздің ата-бабаларымыз әңгімелесіп, дастарханның басында отырып-ақ, талай дау-дамайды шешкен, ел мен елді татуластырған. Телефонсыз айлық жерден хат алысып, хабар жіберген. 

full.jpg

Интернетсіз де ақылды, білімді, шешен болған. Сол тәрбиенің үлкен бір мәні бар. Қазір біз бұл жағына аса қатты мән бермейміз. Ұлым – бүгінде студент. Оның жарты күні сол интернетте отырумен кетеді. Себебі, ол кешке дейін телефонда шұқшиып отырады. Мен жұмыста жүрсем де оны біліп жүремін. Ұлым сабаққа бара жатса, да сабақта отырса да, сабақтан келе жатса да – сол телефонға тәуелді. Әрине, технологияның дамыған заманы, интернетсіз, телефонсыз жұмысымыз алға баспайтынын алға тартамыз. Десек те, instagram, facebook сияқты қаптаған әлеуметтік желі бізге керек емес дүниелер деп білемін. Бұл – менің жеке пікірім. Ұлым «өзіме қажетті ғана ақпаратты аламын», – деп айтса да, қызылды жасылды жарнамалар мен әлеуметтік желі жаңалықтары адамның көңілін еріксіз бөліп, уақытыңды текке өлтіреді. Бұл – шындық. Таңертең бір-екі рет қоғамдық көлікпен жұмысқа келдім. Жастар, балалар, үлкендер – барлығы құлақтарын бір-бір құлаққаппен бітеп алған. Музыка тыңдап отырған ешкім жоқ, бәрі әлеуметтік желіде отыр. Көрдім де, қайран қалдым. Тіпті, телефонға телміргеніміз соншалық, қасымызда кім отырғанын да байқамаймыз. Сондықтан, бұған тиым салу керек қой деп ойлаймын. Және қатаң бақылау керек. Балалардың ата-анасымен әңгімелесуі өте сирек. Негізі бәрі үйдегі ата-анаға байланысты. Сол тәуелділіктен арылту үшін ата-ана бос уақытында, жұмыстан кейін балаларына көңіл бөліп, уақыт табуы тиіс деп ойлаймын.

children-min.jpg

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ғаламторға тәуелділік – өте қиын мәселе. Ал оның салдары тіптен сорақы. Оған жаға ұстатар жаңалықтар легі айқын дәлел. Жылына қаншама жасөспірім интернеттегі жазбалары үшін жазаланады. Желі арқылы танысып, педофилдің құрбаны болғандар да жоқ емес. Бұл тізімнің шегі жоқ... Бала видео ойындарға тәуелді болып, денсаулығына қауіп төндіреді. Мамандардың сөзіне қарағанда, ғаламтордағы қауіп-қатерлермен күресте ата-аналар, мұғалімдер және әлеуметтік қызметкерлер маңызды рөл атқарады екен. Осы үштік үнемі балаларға ғаламтордағы қауіптер туралы айтып, белгілі бір жағдайлар туындағанда өздерін қалай ұстау керектігін түсіндіріп, олардың мінез-құлқын қатаң бақылап отыруы керек. Сонда ғана елімізді жарқын болашаққа бастайтын саналы ұрпақ тәрбиеленіп, халқымыздың болашағы бұлыңғыр болмайды.

 

 

(Суреттер: yandex.kz сайтынан алынды )