«Татулық пен тұрақтылық – еліміздің басты байлығы»

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні

Елімізде мамырдың алғашқы күні  бірлік мерекесімен бірге кіреді. Ол күнді жаңа сипатта тойлап, тәуелсіз Қазақстанның ерекше мейрамдарының біріне айналдыру идеясын осыдан 24 жыл бұрын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған еді. Сол уақыттан бері, 1 мамыр – егемен еліміздің ерекше мерекесі атанып, барлық ұлт-ұлыстар ортақтаса тойлайтын күнге айналды.

eac09b9c-0383-49c2-b503-819d789cc912.jpg

Наргизам Махмудова, Нұр-Сұлтан қаласындағы республикалық Қазақстан ұйғырлары мәдени бірлестігінің жастар қанаты төрайымы, «Жаңғыру жолы» РЖҚ төраға орынбасары:

– Мен үшін 1 мамыр бірлік күнінің маңызы өте ерекше. Ұлан байтақ қазақ жерінде жүз отызға тарта ұлт пен ұлыс өкілдері тату-тәтті бір шаңырақтың астында өмір сүріп келеді. Әрине, бұған ең бірінші себепкер – ынтымақтастығымыз. Елімізде бұл мейрамның алар орны ерекше. Бірлігіміздің жарасқанының арқасында мемлекетімізде тыныштық орнап, күндеріміз шаттық пен бақытқа толы болып келеді. Елбасының жүргізген салиқалы саясатының арқасында осы бейбіт күнге жетіп, барлығымыз Қазақстанның көк байрағының астында табысты ғұмыр кешіп келеміз. Бұл – тек бір күнде тойлап, бірлігімізді көрсететін мереке емес, жыл бойы сол дәстүрді сақтап, татулығымызды шынайы танытатын мереке. «Абысын көп болса, ас көп» демекші, ырыс-берекеміз де сол ынтымақтың арқасында артары хақ. Ұлттар арасындағы байланысты нығайтып, осында өмір сүріп жатқан халықтарды достыққа тәрбиелеп, бір-біріне сыйластығын қалыптастыру – мерекенің басты идеясы.

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің бір сөзінде Ассамблеяның басты әрі негізгі міндеті еліміздегі қоғамдық келісім дегені бар. Сол сияқты ұлтаралық татулық мәселесі Ассамблеяның сан қырлы қызметінің бір жолын ғана көрсететінін жеткізген еді. Айтайын дегенім, Қазақстан халқы Ассамблеясы қазіргі пандемия жағдайында мұқтаж жандарға көмек қолын созып, барынша жәрдемдесуге тырысып жатыр. Әрине, мұның өзі еліміздегі барлық ұлт-ұлыстың басқа түскен қиындықты бірдей көтеруге ниетті екенінен хабар береді. Бірлігі жарасқан елдің әрбір азаматының жүрегінде бір-біріне деген бауырмалдық, жанашырлық бар екенін аңғаруға болады. Сол ерікті жандардың қатарында өзім де жүрмін. Елбасымыздың «Біз біргеміз» фондымен бірлесе, күні-түні қолымыздан келгенше, жағдайы нашар отбасыларға кішкене де болса, көмегімізді тигізіп, осы қиын күндерді бірге өткеруге атсалысып жатырмыз.

Расымен де, еліміздегі бірлік мерекесі тыныш өмір мен татулықта күн кешіп келе жатқан барша ел тұрғындарының шын ықыласпен, асыға күтетін мейрамы. Өкінішке қарай, биыл төтенше жағдайға орай, үйде қарсы алуға тиіспіз. Оның өзі де – ел қамы үшін. Бұл күн – еліміздің әрбір тұрғыны үшін Қазақстанға деген сүйіспеншілік пен патриоттық сезімнің, тұрақтылық пен жалпы ұлттық келісімнің мейрамы. Қазақстанның негізгі қорғаушы күші – қоғамдық келісімменен ұлтаралық үйлесімді сақтау Отан алдында тұрған ең басты міндет боп саналады. Біздің саяси тұрақтылығымыз, ішкі ауызбіршілігіміз – мемлекетіміздің негізгі байлығы. Оны сақтап әрі бағалауымыз керек. Әрмен қарай да сол көгімізде жарқыраған ашық күніміз үшін татулықты берік ұстануымыз қажет деп білемін. Мен барша қазақстандықтарды келіп жеткен мерекемен шын жүректен құттықтап, әрбір отбасыға бақыт, байлық, ырыс, береке тілеймін. Бастысы – еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қазақстан өркен жайып дамып, еліміз молшылыққа кенеліп, әлемнің алдыңғы қатарлы мемлекеті болсын. Ол үшін осындағы әрбір азамат өз үлесін қосатынын естен шығармаған жөн. Мереке мерекеге ұлассын!


Ұқсас материалдар