Жаңалықтар

«Еріктілік – риясыз жақсылық жасау»

«Астана қайырымды жандары» еріктілер жобасы туралы
«Еріктілік – риясыз жақсылық жасау»
09.09.2020 12:06 4399

Еріктілік маңызды және қажетті іс. Бүгінде еріктілікпен қатар қайырымдылықпен айналысатын ұйымдар мен топтардың саны жылдан-жылға артып келеді. Сондай еріктілер жобаласының бірі, өз еркімен ақысыз қызмет көрсетіп, қоғамдық жұмысқа белсенді араласып жүрген – «Астана қайырымды жандары» еріктілері.

«Еріктілік – риясыз жақсылық жасау»

«Астана қайырымды жандары» бүгінде тек бір бағытты ұстанбай, жан-жақты жұмыс жасап келеді. Олар мұқтаж отбасыларға көмектесіп, оларға жұмыс тауып беріп, балалар мен қарттар үйіне және де мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсетеді. Сонымен бірге әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырып, ауру жандардың еміне қаражат жинап, сауапты іс жасап жүр.

– Астана қайырымды жандары» жобасын 2015 жылы Алматыдағы Айдын Тоқсанбаева деген қыз он бес қаладан ашқан болатын. Оның ішінде «Шымкент қайырымды жандары», «Алматы қайырымды жандары», «Тараз қайырымды жандары» және тағы да басқа жобаларымыз әр қалаларда бар. Бүгінгі таңда жұмысты жастардан құралған топ мүшелері басқарып келеміз, – деді топ мүшесі Камал Мадина.

«Еріктілік – риясыз жақсылық жасау»

Еріктілер сонымен қатар жыл сайын футбол мен волейболдан турнирлер өткізіп отырады. Түскен қаражатты мұқтаж отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етуге, қарттар үйіндегі қариялардың арманын орындау үшін жұмсайды.

Біздің еріктілер қолымыздан қандай көмек келеді сол көмектің барлығын жасаймыз. Мұқтаж отбасыларға көмектесіп қана қоймай, оларға жұмыс тауып беріп, балалар үйіндегі балаларды қыдыртып, мүмкіндігі шектеулі жандардың бір күнін бақытты етіп өткізу үшін әр түрлі іс-шаралар ұйымдастырамыз. Мен үшін еріктілік ерлік іс сияқты. Еріктілерді қазіргі заманның батырлары деп айтсам артық етпес. Олардың басым бөлігі жастар. Еріктілер жалдамалы пәтерде тұрып, ата-анасынан жырақта оқып жүріп, қоғамға пайдасын тигізіп жүр. Студенттер сабақтан бос уақыттарын текке өткізбейді, сауатты іспен айналысады. Жалпы өзім 2017 жылы «Астана қайырымды жандар» еріктілер жобасының қатарына қосылдым. Алғаш рет Айдын Тоқсанбаеваның instagram парақшасынан көріп, «Ертегі әлемі» деген аталатын балалар үйіндегі жасөспірімдерге арнап ұйымдастырылған тойға қатысып, билет алдым. Сол кезде мен сияқты жастардың қаншама баланы қуантып, сол бүлдіршіндердің арманын орындағандығының куәсі болдым. Ол кеш мен үшін ерекше әсер қалдырды. Сол сәттен бастап мен де қарттар үйіндегі қарияларды қуантамын деген шешімге келдім. Ол 2017 жыл болатын. Содан міне үш жылдан астам уақыттан бері «Астана қайырымды жандар» еріктілер жобасының мүшесімін, – деді еріктілер тобының мүшесі Мадина.

«Еріктілік – риясыз жақсылық жасау»

Қазақта «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» деген сөз бар. Жастардың ізгіліктің нақты көрінісін көрсетіп жүрген игі істері көңіл қуантады. Расында да біреуге көмек көрсету үшін бай болып қажет емес, тек қана мейірімді жүрек пен таза ниет болса болғаны. Халқымыз қайырымдылықты қасиетті, қастерлі ұғым санаған. Сондықтан қоғамда өз ортамызды ынтымақ пен қайырымдылық мекеніне айналдыру өз қолымызда екенін ұмытпағанымыз жөн.

Жақсылық жасап жарысып жүрген «Астана қайырымды жандар» еріктілер жобасы үшін 2019 жыл ерекше ең табысты жыл болыпты.

«Еріктілік – риясыз жақсылық жасау»

– Біз өткен жылы өте көп іс-шара ұйымдастырдық. Ай сайын бірнеше рет қайырымдылық іс-шараларын өткізіп отырдық. Түрлі бағытта қолымыздан келгенше мұқтаж жандарға көмек көрсеттік. Атап айтатын болсақ, көше тазалаушы кісілерге өзіміз қолдан бәліш, самса, бауырсақ пісіріп алып барып, ыстық шай бердік. Ол кісілермен әңгімелесіп, еңбектерінің зор екенін айтып, кішігірім көмек көрсеттік. Аз да болса мотивация беру мақсатында қолдау білдірдік. Себебі күннің ыстығы мен суығына қарамастан отбасын, бала -шағасын асыраймын деп жүрген жандардың еңбектері кей кездері елеусіз қалып жатады. Қаламыздың тазалығын сақтап, өркендеп көркеюіне үлес қосып жүрген жұмысшыларды ұмыт қалдырмағанымыз жөн деп санаймын,– дейді ерікті.

«Астана қайырымды жандары» сонымен бірге 2019 жылы «Қайырымды такси» деп аталатын тегін такси қызметін іске қосқан болатын. Аязды күндері 10-15 машина шығып, көшеде, аялдамаларда тұрған қарт кісілерді, кішкентай балаларды мекен-жайына немесе баратын жеріне дейін тегін жеткізіп отырды. Шағын болса да қайырымдылық акциясы қаншама адамның жүрегіне жылу ұялатып, қуаныш сыйлады. Бұл акция көпке үлгі болады деп сенеміз.

«Еріктілік – риясыз жақсылық жасау»

– Біз «Қайырымды такси» акциясына өз арамыздағы еріктілерден жанармайға ақша жинап, қаражат бөлдік. Машиналарды интернет желісінен, өзіміздің топтан жинадық, – деді еріктілер жобасының мүшесі Мадина.

Еріктілер мамыр айында 1 мамыр мерекесіне орай «100 ата-апа» деген іс-шара өткізіпті. Үлкен тойханада өткен кешке қарттар үйіндегі жалғызбасты аталар мен әжелер шақырылған.

– Ата-апаларымызды лимузинге отырғызып, құрмет көрсеттік. Барлығы бізге сенім артып, өте керемет кеш болды. Қарияларымыз қартайған кезінде жас баладай болып қалады екен. Араларында лимузинге бірінші рет отырған кісілер де бар. Сол кісілердің қуанышында шек болмады. Сонымен қатар танымал әншілер мен би топтарын шақырдық. Одан кейін Рамазан айында «Рухани кеш» деп аталатын үлкен ауызашар бердік. 200 адамға арналған дастарханға топ мүшелерімен бірге мұқтаж отбасылар келді. Қаржылай көмектесіп, қолдау білдіріп жүрген кісілерді қонақ ретінде шақырдық. Сонымен бірге түрлі сайыстар ұйымдастырдық. Діни сұрақтар бойынша сайыс жеңімпаздарына «Умра» қажылығын сыйға тарттық. Ол сыйлықты 67 жастағы Гүлжамал апайымыз иеленді. Ешкімді елеусіз қалдырған жоқпыз. Оның арасында балалар үйіндегі балаларды кинотеатрға, ойын-суық орталықтарына апарып үлкен қуаныш сыйладық. Мұқтаж отбасының балаларын саябақтармен келісіп, барлық аттракциондарға тегін отырғыздық. Арнайы аниматорларды шақырдық, – деді еріктілер тобының мүшесі.

«Еріктілік – риясыз жақсылық жасау»

«100 ата-апа кеші» – қартын қазынам деп ардақтаған жастардың халықымыздың дәстүрін жалғағандығының көрінісі іспетті. Қарттар үйінде тұраын жалғызбасты қариялар үшін бұл ерекше кеш және естен кетпес естелік.

– Бүгінде «Астана қайырымды жандары» еріктілерінің құрамында 60 ерікті бар. Осы жылдар ішінде ең көп дегенде еріктілердің саны 180 адамға дейін жетті. Еріктілердің бірі отбасы жағдайына байланысты шығып кетсе, екіншілері қаланы ауыстырып көшіп кеткендері болды. Іс-шараға мүлдем қатыспай қойған кезде өзіміздің тобымыздың ережесі бойынша топтан шығарылғандары да болды. Ендігі мақсатымыз тобымызды басқа бағытқа өзгертсек дейміз. Тағы бір мәселе бүгінгі таңда мұқтаж отбасылардың санын өзіміз көбейтіп жатырмыз деп ойлаймын. Кейбір мұқтаж отбасыларға жұмыс ұсындық. Жұмысқа құлшыныс, ниет білдіргендерінің саны өте аз. Жағдайлары орташа болса да, тегін нәрседен бас тартпай күтіп отыра бермей, еңбек еткендері дұрыс деп санаймыз. Біз жастардан құралған еріктілер бола тұра ешкімнен ақша сұрамаймыз. Кезінде 150-160 топ мүшелері болған кезде «Рухани кештер» ұйымдастырдық. Топ мүшелері ақша жинап барлығын өз қалтамыздан шығардық. Бірақ қазіргі уақытта карантинге байланысты топ мүшелерінің барлығының жағдайы бола бермейді. Сондықтан жұмыс істеп, жүгері, мақта сатып, еңбек ақымызбен тапқан ақшамызды қайырымдылыққа жұмсап жатырмыз, – деді ерікті.

«Еріктілік – риясыз жақсылық жасау»

«Астана қайырымды жандары» еріктілері осы уақыт аралығында көптеген жанға қуаныш сыйлап, көмектескен мұқтаж жандардың саны шексіз.

– «Астана қайырымды жандарының» құрамында жүргеніме төрт жыл болды. Қайырымды жандар тобында жүруімнің себебі кішкентай да болса көмекке мұқтаж бір адамға көмегім тисе екен деймін. Ісімізбен бала-шағамызға, жүрген ортамызға үлгі болуға, Алланың разылығы үшін сауап жинау үшін жалпы біреуге жақсылық жасап, ол адамның қуанғанын көрсем өзімді бақытты сезінемін. Еріктілер жылы атқарылып жатқан істер көп. Мұқтаж отбасылардың жағдайына көп қарайластық. Азық-түлікпен, киім-кешек, мектепке қажетті оқу-құралдарымен көмектесіп келеміз. Көптеген турнирлер ұйымдастырылды. Алдағы уақытта да көптеген іс-шаралар жоспарда бар,– деді ерікті Қалима Сүлейменқызы.

Сөз соңында қайырымдылық жасап қаншама жанға қуаныш сыйлап жүрген еріктілер тобына алғысымызды білдіреміз. Жақсылық жасау әр адамның қолынан келеді. Біз жақсылық пен қайырымдылықты жасаған сайын бақытты қоғамның босағасын бекітеміз. Сондықтан жақсылық жасауға асығайық!

 

 

Бөлісу:
Суреттер: «Астана қайырымды жандары» еріктілерінің жеке мұрағатынан алынды Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға