Жаңалықтар

«Ерікті болу – айналаңа қуаныш сыйлау»

«Ақ сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігінің игі істері
«Ерікті болу – айналаңа қуаныш сыйлау»
08.07.2020 17:18 5253

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды «Еріктілер жылы» деп жа­риялап, адамдарға шын ниеті­мен көмек­тесіп, оларға қолдау қажеттігін айтқан болатын. Содан бері өз еркімен қоғамға пайдасын тигізуді көздейтін еріктілердің қатары артып келеді. Бұл әрбір азаматты, жастарды ынталандыруы тиіс. Жалпы ерікті болу – қоғам­ға адал қызмет атқара жүріп, ата-баба­дан аманат болып жеткен адам­гершілік қасиеттің адам болмы­сынан ажырамауына жастар тара­пынан еңбек етуі. Сондай жастардан құрылған ерікті ұйымдардың бірі – «Ақ Сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігі. 

«Ерікті болу – айналаңа қуаныш сыйлау»

Алмас Тоғай Бақтиярбекұлы ұйымдастырған «Ақ Сұңқар» жастар бірлестігі  2011 жылдың 29 желтоқсан күні заңды түрде тіркелген. Бастапқыда қоғамдық бірлестіктің мақсаты – мемлекеттік сатып алым мен гранттарға қатысу, қарапайым халық пен жергілікті атқарушы органдар арасында байланыс жасауға, жастардың бастамаларын қолдауға, олардың қоғамдық, саяси-құқықтық сауаттылығын арттыру, жастардың бойында көшбасшылық қасиеттер мен патриоттық сезімдерді қалыптастыруға бағытталды. Бүгінде бірлестіктің мақсаты мен міндеттеріне толықтырулар енгізіліп, еріктілік бастамаларды жүзеге асыруға, мемлекеттік гранттарды жастарға кеңінен насихаттап, олардың іске асуына қолдау көрсетіп жүр. Қазіргі таңда бірлестіктің жанынан «Sunqar» еріктілер қозғалысы құрылып, ерікті жастармен жүйелі жұмыстар атқарып келеді.

­– Қоғамдық бірлестіктің ең ауқымды іс-шараларының бірі – «Zhas Project» жастар корпусын дамыту орталығының байқауы. Оған 1 млн теңге көлеміндегі грант бөлінген. Ол жастарды кәсіпкерлікке баулу мақсатында жүзеге асырылған. Байқауда біз 30-ға жуық топ, 109 адамды 1 млн теңге көлемінде грантты жеңуі мен жүзеге асыруына тікелей өз үлесімізді қостық. Қазіргі кезде бірлестіктің жанынан 50 ерікті жастар базасы жасақталып, жұмыс істеп келеді, – деді еріктілер ұйымының басшысы Еркін Әбдиев.

«Ерікті болу – айналаңа қуаныш сыйлау» 

Бүгінгі таңда бірлестіктің ең негізгі мақсаты – еріктілер санын 300-ге жеткізу болып табылады. Бұл бірлестіктің жұмысын оңтайландырып, әлеуметтік осал топтарға арналған көмектерді жүйелі әрі кеңінен жасауға мүмкіндік береді. «Ақ Сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігінің екінші міндеті – бірлестікке демеушілер іздеу. Үшінші кезекте олар әлеуметтік осал топтан шыққан балаларды арнаулы және жоғары оқу орнына облыстық бюджеттен бөлген квота арқылы грантқа түсіруді жоспарлап отыр. Сонымен бірге кемінде он жасты кәсіпкерлікті дамыту бойынша бөлінген гранттарды жеңуге және жүзеге асыруын қамтамасыз ету жолында еріктілер көмек беріп келеді. 

«Ерікті болу – айналаңа қуаныш сыйлау»

– Менің ойымша, кез келген адам ерікті атанып, еңбектеген баладан, еңкейген қарияға көмек көрсете алады. Әрбір адамның өз еркіммен қоғамдағы болып жатқан бір қиын мәселені шешілуіне өз үлесін қосатын жандарды еріктілер деп есептеймін. Менің ерікті атанып, адамдарға көмектесуіме Тараз қаласындағы Жастар саясатындағы Серікбол Бердіқожа, Исатай Ғабиден, Исламбек Дастан, Есіркепов Абзал және Камал Тұрлыхан сынды алдыңғы аға бауырларымыз себепкер болды. Біз жастарды қоғамдық, саяси-құқықтық сауаттылықтарын арттыру бағытында жұмыс атқарамыз. Жастардың бойында параға мүлде төзбеушілік қағидатын сіңіре отырып, әр салада жетістіктерге жетуіне қол ұшымызды созып келеміз,– деді  Еркін Әбдиев.

Жалпы осы уақытқа дейін бірлестіктің еріктілері өз күшімен мемлекеттік грантты   жеңуге деген күдігі өте мол болыпты. Алайда қазір табанды жұмыстардың арқасында жетістікке жетуге болатындығына көздері жетіп, бірлестік пен біріге білімдерін шыңдауға және өзі сияқты теріс ұғымда жүрген жастардың пікірін өзгертуді қолға алуда. Жалпы гранттардан бөлек бірлестік еріктілері әлеуметтік осал топтарға көмектесу барысында өзіне, ұйымға сенім артып, көп балалы аналардың, жағдайы төмен қарттарымыздың, мүмкіндігі шектеулі жандар мен кенеттен сырқаттанып жүрген адамдардың алғысын алып жүр. Және де бірлестікке осындай мүмкіндік бергендері үшін ризашылықтарын білдіріп жатыр. 

«Ерікті болу – айналаңа қуаныш сыйлау»

«Ақ Сұңқар» ЖҚБ төрағасы Әбдиев Еркін Қайырбекұлы –  тек ерікті ғана емес, «Erkin» жеке кәсіпкерлігінің директоры. Тараз қаласында 1998 жылдың 25 сәуірінде дүниеге келген ерікті Жамбыл политехникалық жоғары колледжінде оқуын аяқтап, қазіргі таңда Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің 2-курсында білім алып жатыр.

Жалпы еріктілік қанымызға сіңген қасиеттің бірі. Біздің бойымызға ата-бабамыздың «Қайырымы бар қазақпыз» деген ұраны сіңген деп айта аламын. Жалпы еріктілікке колледжде 1 курс оқып жүргенде «Жас Отан» жастар қанатымен бірлесе жұмыс істеп жүріп келдім. Алғаш рет ардагерлер жайлы ақпарат алып, олардың мұң-мұқтаждарын ескеріп, содан шығудың жолын іздестірген болатынбыз. Қыс мезгілінде қарттарға көмек көрсетуге бірінші рет бардық. Аяғымыз қардың еріген суына шылқылдап, тоңып әрі шаршап жеттік. Бірақ та әр кірген үйімізден қарттар шайымен қоса, тәттілерін беріп, бізге алғысын білдіріп, батасын бергенде жүрегіміз жылып, жаңағы суықты, шаршағанды ұмытып қайта өзіммен   бірге келген достарыммен одан сайын әлденіп, ойнап-күліп бізге берілген тапсырманы қуана орындадық. «Атадан бота қалғанша, бата қалсын» деген даналы сөздің мағынасын сол кезде түсінгендей болдым. Жатар алдында ішімізден өзіңе деген құрметің өсіп, мақтаныш кернеп, өзімнің пайдаға жарағаным өте қуантты. Осылай еріктілік жолға келіп, қазір неше түрлі әлеуметтік осал топтағы адамдармен жұмыс жасап, халықтың батасын алдық. Ол бізге үлкен жігер береді, – деді ерікті Еркін Қайырбекұлы. 

«Ерікті болу – айналаңа қуаныш сыйлау»

Одан кейін осы ұйымда еріктілікпен айналысып жүрген жастардың да пікірін білуді жөн санадық. Ерікті Кенжеш Дариға Бекжігітқызы:

– «Ақ Сұңқар» ЖҚБ жанынан құрылған "Sunqar" еріктілер қозғалысына Еркін Әбдиев бастаған командаға айырықша стиль, жаңаша шығармашылықты байқағандықтан және команданың өзіндік ерекшеліктеріне байланысты қосылған болатынмын. «Sunqar» еріктілер қозғалысы 2019 жылдың 15 қыркүйегінде ресми ашылған болатын. Біз сол күннен бастап қазыналы қарттарымызға көмек көрсетіп, азық-түліктермен қамтамасыз етіп, үйлері мен аулаларын тазартып, ризашылықтары мен баталарын алдық. Тараз қаласының тұрғыны, жерлесіміз, кішкентай бүлдіршін Қанатбекқызы Асманың емі үшін ай сайын «Қайырымдылық волейболын» ұйымдастырып, жиналған қаражатты бүлдіршіннің шет елге барып ем алуына, дәрі-дәрмектеріне және де өз қажеттіліктеріне жұмсадық. Елімізге келген індеттің арқасында болған карантинде елімізге, Тараз қаласының тұрғындарына түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, маскалар мен антисептиктер таратып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз еттік. Еліміздегі аты жаман вируспен тұспа-тұс келген Мақтааралда болған төтенше жағдайда да, бей-жай қарай алмай Мақтаарал халқына азық-түлік, киім-кешек алып барып, көмегімізді көрсетіп қайттық. Осылайша «Sunqar» еріктілер қозғалысында және Еркін Әбдиевтің командасында болғаныма қуанамын. Біздің бірге атқарған жұмыстарымыз, жеткен жетістіктеріміз мені қуантады. Біз әлі талай шыңдарды бағындырып, талай жетістіктерге жетеміз, – деп өз пікірін білдірді.

«Ерікті болу – айналаңа қуаныш сыйлау» 

Келесі ерікті Фариза Нұржанқызы Амантаева – «Ақ Сұңқар» ЖҚБ жанынан құрылған «Sunqar» еріктілер қозғалысының белсенді мүшесі.

Еркін Әбдиев бастаған командаға ерекше, жаңашыл бастау мен мейірімді орта байқағандықтан және команданы белгілі бір дәрежеге көтерілуі үшін өз үлесімді қосқым келгендіктен кірген болатынмын. Себебі, «Басқаға қуаныш сыйлай білген адам – ең бақытты жан» дегендей, мен ерікті болғаннан шабыт аламын. Осы жылы Нұр-Сұлтан қаласында «Еріктілер жылы» аясында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «BIRGEMIZ» республикалық еріктілердің фронт кеңсесін ресми түрде іске қосып, ел еріктілерінің алдағы ісіне сәттілік тіледі. Біз «Sunqar» еріктілер қозғалысы 2019 жылдан бері жұмыс жасап жатырмыз. Біз сол күннен бастап «Қайырымдылық волейболын» жиі ұйымдастырдық. Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен тыл ардагерлерінің үйлеріне барып, үй шаруаларына, аула жұмыстарына көмектесіп отырдық. Әлемді жаулаған індет бастау алғанда, қарап қалмай, Тараз қаласын аралап, халықтарға түсіндірме жұмыстарын жүргіздік. Карантин уақыты болған кезде маска тарата отырып, тұрғындарды сақтандыру шараларымен айналыстық. Тура осы уақыттар шамасында Мақтаарал ауданында болған төтенше жағдай кезінде біздің еріктілер үйде құр қарап жата алмай, ақша қорын ашып, жиналған қаражатты сол жаққа керекті азық-түлік пен киім-кешектер апарып, өз қол ұшымызды создық. Өз ойымды қорытындылай келе, «Сұңқар» еріктілер қозғалысының мүшесі екеніме қуаныштымын. Біз көптеген жетістіктерге қол жеткіздік, бірақ алатын әлі талай асуларымыз алда. Біз біргеміз! – деді жас ерікті Фариза Амантаева.

Қорыта келгенде айтарымыз, алдағы уақытта еріктілердің ерен еңбегі ақталып, азаматтық қоғамның дамуында белсенді үлестерін қосып, мемлекетімізді жаңа деңгейге көтеретініне сеніміміз мол. Егер әрбір қазақстандық пен жастардың бойында адамдарға жақсылық жасауға, белсенді өмір сүруге және айналаңа қуаныш сыйлауға деген дағды қалыптасса, алынбас қамал, бағындырмайтын биігі болмайды.


Бөлісу:
(Суреттер: «Ақ сұңқар» жастар қоғамдық бірлестігінің жеке мұрағатынан алынды) Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға