Жаңалықтар

Береке бірліктен басталады

1 мамыр мерекесінің тарихы
Береке бірліктен басталады
30.04.2020 22:13 2653

Елімізде мемлекеттік деңгейде атап өтілетін айтулы мерекелердің бірі – 1 мамыр. Сіз бұл мерекенің қайдан бастау алғанын және біздің еліміз үшін неліктен маңызды мейрамдардың бірі болғанын білесіз бе? Фактілерге жүгінелік.

1 мамыр мерекесінің тарихы

1 мамыр – бүкіл әлемде 150 жылдан астам уақыт бойы атап өтілетін мереке. Ол алғаш рет Англия отарларында, оның ішінде Азамат соғысынан кейін тәуелсіз болған Америка континентінде тойланатын Еңбек күнінен бастау алған.

1856 жылдың сәуір айының соңында аустралиялық жұмысшылар 8 сағаттық жұмыс күнін енгізуді насихаттайтын митингілер мен шерулер ұйымдастырған. Бұл идеяны Канада мен АҚШ-тың еңбек адамдары, уақыт өте келе ескі Еуропа жұмысшылары қолдады. Алайда мұндай наразылық билеуші топтардың қарсылығын тудырған. Ал 1889 жылы II Интернационал Париж конгресі ұлтаралық деңгейде адал еңбек ететін барлық адамның ынтымағын көрсету туралы қаулы қабылдады.

Жарты ғасырдан астам уақыт бойы бұл күн Кеңес Одағында кең көлемде аталып өтті. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан кейін аталған мерекенің мәнін қайта бағдарлау қажеттілігі туындады.

photo_2019-02-19_12-11-34.jpg

1 мамыр Қазақстанда қандай мереке?

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мейрамның жаңа мән-мағынасы осындай. Мереке еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін төрт жыл өткен соң пайда болды. 1995 жылдың 18 қазанында Президент мемлекет өмірінің маңызды стратегиялық құрамдас бөлігі – Қазақстанды өздері тұратын ел ретінде таңдаған түрлі этностардың бірлігі мен тату өмір сүруіне бағытталған жарлыққа қол қойды. Аталған күнді алғаш тойлау 1996 жылы осы форматта және аса маңыздылықпен өтті.

Көптеген адамдар бұл мерекені өткенге құрмет ретінде, дәстүр ретінде қабылдайды. Алайда, ол біздің еліміз үшін жоғары мәнге ие.

Қазақстан – мультимәдени және көп ұлтты мемлекет. Елімізде жүз отыздан астам ұлт өкілдері өмір тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Қашанда құшағы ашық халқымыз осы жерде тұрып, өсіп-өнгісі келетін жандардың бәрін адал ниетпен қабылдаған. Кең-байтақ мекенімізде барлық ұлт пен этностық топтардың мәдениетіне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына сыйластық танытылады.

Айтулы мереке Қазақстан халқының өзара байланысын нығайтуға, түрлі этнос өкілдері арасында ашық диалог орнатуға және олардың бейбіт өмір сүріп отырғанын көрсетуге бағытталған. Бүгінде бұл мейрамның тойлануына ширек ғасыр толып отыр.

Елімізде осы күні өткізілетін барлық іс-шараның басты мақсаты – ұлттар достығын, салт-дәстүрлердің алуандығын, өзара мәдени алмасудың ашықтығын көрсету болмақ. Бұл күнде адамдар қызмет түріне, жасына және этникалық тегіне қарамастан қаланың негізгі көшелері мен даңғылдары бойымен мерекелік шеру жасап, жүріп өтеді. Бір-бірін құттықтап, этномәдени көрмелер, театрланған қойылымдар, жәрмеңкелер, ән-би байқаулары, түрлі концерттер қояды. Аталған іс-шаралардың барлығы Қазақстанда тұратын ұлт пен ұлыстардың бір-біріне деген құрметін көрсетуге арналады.

Бүгінгі күнге дейін 1 мамыр осылай тойланып келді. Биыл елдегі төтенше жағдайға байланысты азаматтар мерекелік шеруге шыға алмаса да, ниет пен тілек бір екені анық. «Береке бірліктен басталады» деген қағиданы ұстанатын халқымыз үшін ынтымағы жарасып, ұлтқа, дінге бөлінбей бір-бірін құрметтеп, бейбітшілікте өмір сүргеннен асқан бақыт жоқ!

Осы орайда елордамыздағы этномәдени орталық өкілдеріне мереке тарихына қатысты сауалнама жолдаған едік.

9d215377-e0a0-42c1-93ec-44e79ce2ff56.jpg

(Суретте: Ханифа Мациева)

Ханифа Мациева, шешен-ингуш этномәдени орталығы «Вайнах» ансамблінің көркемдік жетекшісі:

- 1 мамыр – мен үшін ең маңызды, ең әсерлі мерекелердің бірі. Бұл күнде барлық ұлт пен этностың басы қосылып, бір-біріне ақжарма тілектерін жолдап, құттықтауы өте керемет дүние. Біз ансамбль мүшелерімен осы мерекені асыға күтеміз. Бүгін-ертең біз таңертеңнен бастап сахна төрінде тұрып, көрерменге өз өнерімізді көрсетіп, түрлі тағамдар дайындап, қуанышымызбен бөлісіп жатар едік. Алайда еліміздегі карантинге байланысты бұл мүмкіндіктен құр қалдық. Әрине, бәрінің бұл жағдайда көңілі түсері анық. Соған қарамастан, ендігі жылда қайта бас қосып, мерекені бір шаңырақ астында тойлайтымызға сенемін. Барша қазақстандықтарға мереке құтты болсын!

23709432-6574-415a-933d-bb73b2a3273a.jpg

(Суретте: Равиль Валеев)

Равиль Валеев, «Таң» татар-башқұрт мәдени орталығы төрағасының орынбасары:

- Біз бұл күннің 200 жылға жуық өзіндік тарихы бар екенін білеміз. АҚШ, Ұлыбритания жұмысшыларының көтерілісі үлкен қантөгіске апарды. 15 сағаттық жұмыс уақытын 8 сағатқа қысқартқысы келген олар, тек өз құқықтарының қорғалуын ғана талап етті. Осы оқиғалардан кейін еңбекшілердің мүддесі орындалып, «Еңбек күні» деп аталатын мейрам пайда болған. Дүниежүзі 1 мамырды осылай атап өтті. Ал Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін аз уақыт өткен соң «Қазақстан халқы бірлігі күні» деп өзгертілді.

1 мамыр – ел халқының шынайы достығын, бірлігін, татулығын көрсететін мереке. Түрлі мәдениет пен салт-дәстүр көрініс тауып, олардың өзара сабақтастығын танытатын күн. Жүзден аса ұлт өкілдері татулықта өмір сүріп отырған Қазақстан үшін айтулы мейрам екені анық. Сондықтан, мамыр біздің ынтымағы жарасқан бейбіт өміріміздің нағыз дәлелі болуы керек.

2f4ad4c1-571f-49f7-938a-410316aef75a.jpg

(Суретте: Ханум Ахмедова)

Ханум Ахмедова, Нұр-Сұлтан қалалық «Барбанг» күрд мәдени орталығының төрайымы:

- 1 мамыр, ең алдымен достық пен бірліктің мерекесі. Сонымен қатар, еңбек мерекесі ретінде де есімізде қалған. Мен мамыр айы туғанда көктем келді деп қуанамын. Өйткені, астанамызда нағыз көктем осы уақытта бірақ басталатыны көбімізге мәлім. Бұрын мамыр келгенде ата-апаларымыз, ата-аналарымыз аулаға шығып, айналаны тазалап, көршілер бір-біріне көмектесіп жүретін. Сол еңбектің өзі бәрімізге қуаныш сыйлайтын. Осы себепті, мен үшін 1 мамыр қуаныш, шуақ, жылулық мерекесі болып саналады. Мамырдағы мамыражай тірлігіміз ешқашан таусылмасын!

(Суреттер кейіпкерлердің жеке мұрағатынан алынды)

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға