Жаңалықтар

Жасылкөл жайлы аңыз

Үлкен Алматы көлі жайлы не білеміз?
Жасылкөл жайлы аңыз
29.09.2018 13:27 14521

Қазақ даласы небір аңыздар мен әфсаналарға толы. Үлкендерден «Әнебір шатқалдың олай аталу себебі не? Мына өзенді неге бұлай атаған?» деп сұрасаң, сақалын алақанымен сипалай отырып түрлі аңыздарды кезегімен айтып береді. "Сакралды Қазақстан" деген керемет бағдарлама бар. Нағыз "өшкенді жандыратын, өлгенді тірілтетін" бағдарлама. Десек те, көбіне еліміздің киелі мекендерінің атын ғана біліп, оның неліктен солай аталу тарихына мән бере қоймаймыз.

Алматы жаққа қыдырыстай барған жұрттың ат басын бұрып, жиі соғып кететін бір мекені бар. Бұл – Үлкен Алматы көлі. Халқымыз бұл көлге ертеде Жасылкөл деген атау берген екен.  Жұрттың ерекше ықыласына бөленген бұл көл жайлы аңыздар не дейді? Ертең бала-шағамызбен қыдырыстап барған кезде тосылып қалмаймыз ба? Мінекей, осындай жағдайлар бола қалған жағдайда кібіртіктеп қалмас үшін сіздерге осы көлдің неліктен «Жасылкөл» атанғаны жайлы айтып берейін.

Бәйшешегі бүр жарған көктемнің соңын ала бере, алқаптарда қызғалдақтар тербеле бастаған мезгілде ауылдағы шеткері бір үйден шыр етіп жылаған нәрестенің дауысы естілді. Бұл дауысқа қуанбаған жан қалмады. Себебі, баланың ата-анасы бұл нәрестені ұзақ күткен жақсы адамдар болатын. Бала туа салысымен жан-жағына есті адамша барлай қарайды. Босандырып алған әйелдердің бұл әңгімесін естіген отағасы баласының есімін Есқали деп қояды. Есқали расымен қатарластарына қарағанда өте ақылды бала болып өседі. Тіпті, ауылдағы үлкендердің өзі Есқалидан ақыл сұрап, оның берген кеңестерінің септігі тигендігін ел арасында  айтып жүретін.

Есқали жиырма жасқа толғанда әке-шешесі оған үйлену керектігі жайлы әңгімелер айта бастайды. Ондай кездері Есқали жәй ғана жымиып, сырғақтай құтылады екен. Бір күні жігіт үйіне жүзі салыңқы болып оралады. «Балам-ау, саған не болды?» деген анасының сөзіне Есқали көрші ауылдағы бір қызға ғашық болып қалғандығын айтады. Жігіттің ата-анасы бұл жаңалыққа қуанып қалады. Бірақ, қыздың есімін естігенде ата-анасының да қуаныштары су сепкендей басыла қалады. Ол қыздың есімі Жәния болатын. Қыздың сымбаттылығы жайлы аңыздар алысты-жақынды ауылдарға жыр болып жайылған болатын. Оның зүбәржаттай көздеріне тіке қараған жігіттер қыздың шырмауына қалай түсіп қалғанын білмей қалатын. Тек, қыздың әкесі маңайға айлакерлігі мен пайдакүнемдігімен аты шыққан ауқатты жан еді. Бар ойы қызын барынша қымбат бағалап, жұртқа өз дақпыртын одан әрі асыру еді. Есқалидың әке-шешесі де бағымызды сынап көрелік деп үстеріне бар жақсысын іліп, сый-сияпаттарын алып, қызға құда түсуге барады.

Бай қонақтарды сыпайы қарсы алып, әңгімелерін тыңдайды. Сыйлықтарын қабыл алады. Содан кейін құда түсіп келіп отырған кезекті ақымақтарға қарата былай дейді.

- Қымбатты қонақтар! Келгендеріңізге рахмет! Балаларыңыз да нағыз менің қызыма лайықты жігіт екен. Егер, менің сіздерге қояр шартымды орындасаңыздар ант етемін, қызым Есқалидікі болады. Ал, егер орындай алмаса кешіріңіздер, біз лайықты адамды әрі қарай күтетін боламыз.

Есқали мен ата-анасы бастарын шұлғып, мұқият тыңдап отырады. Іштей байдың қандай тапсырма беретіндігін күтіп, жүректері атша тулайды.

- Мен, осынау алқабымызды әдемі бір көлдің пайда болғанын қалаймын. Ол көлдің түсі менің қызымның көзі түстес көк-жасыл түсті  болуы шарт. Мұнымен біткен жоқ. Сендер маған асыл тастар мен алтын-күмістерден тұратын бағалы сыйлықтар әкелулерің керек.

Есқалидың ызадан жүзі түтігіп кетеді. Дегенмен, өзін сабырға шақырып байдың сөзіне басын шұлғиды.

- Осының барлығын орындауға сіздерге бір күн беремін. Жоқ, бір күн аз болар... Екі күн. Әрине, шартым оңай емес. Осыны ескере отырып мен сіздерге үш күн мұрсат беремін. Төртінші күні таңертең шарттарым орындалмаса Жәниядан үміттеріңді үзе беріңдер!

Есқали мен ата-анасы бастары салбырап үйлеріне қайтады.

Ертесіне әке-шешесі ұйқыда жатқан мезетте Есқали ала-құла киініп үйден шығып кетеді. Үстіне әкесінің шапанын теріс айналдырып киген, иығына киіз дорба ілген,  басына анасының алабажақ орамалын шандып байлап алған жігіт ұзақ жүреді. Бір шатқалға жеткен соң Есқали жан-жағын барлап ұзақ қарайды. «Осы маңайда жын-перілер болуы мүмкін. Мен мұны тексеріп көрейін» деген жігіт:

- Мына шатқалдың кереметін-ай! Ауасы қандай тамаша. Сап-салқын, тып-тыныш. Самал жел соғып тұр. Көп жерлерде болдым. Бір жерде ыстық. Енді бір жерде суық. Бір жерлерде жел тым күшті болса, екінші бір жерлерде үп еткен жел жоқ.  Дәл мұндай кереметті көрмеппін. Бұл жер жаныңа ләззат сыйлайтын мекен екен. Осы үшін басымды иіп алғыс айтар едім. Бірақ кімге айтамын? - деп айқайлайды.

Сол кезде «Маған айтуыңа болады» деген дауыс естіліп, құлағының түбінен біреу ысқырып өткендей болады. Аяқ астынан жел тұрып, Есқалидың алдында Жел перісі пайда болады.

- Сен осындай ма едің Ұлы Жел перісі? Рахмет саған, – деп жігіт қолын кеудесіне қойып, басын иіп алғысын айтады.

- Сен кімсің? – деп сұрайды Жел перісі.

- Мен жер бетін шарлап жүрген жолаушымын. Мына жерді көріп, жаным рахатқа бөленді.

- Бәсе, бұл жердің адамына ұқсамайсың. Киімің де біртүрлі. Маған да алғыс жаудырып жатырсың. Біздің алқаптың адамсымақтарынан өзгешесің. Олар күңкілдегеннен басқа түк те білмейді. Оларға ештеңе ұнамайды. Кейде оларға жыным келгенде біресе боран, біресе құмды дауыл соқтырып, енді бірде желсіз аптаптар жасап тұруға мәжбүрмін.

- Бәрекелді! Бұл сенің расымен де әділ екеніңді көрсетеді. Мен  жер аралап жүріп талай дүниені көріп жүрмін. Осы маңадйдағы бір шатқалдан тағы бір жел перісін көргенмін. Ол осы маңайдағы ең мықты Жел перісі менмін деп мақтанды. Дәу қойтасты үп деп көтеріп алып басқа жерге қоя салатын.

- Немене?! Бұл алқапта менен өткен мықты жоқ! Қара бері!- деп ызаланған пері дәу тасты көтеріп алады.

- Охо! Мықты екенсің. Бірақ, ол да шамамен осындай тасты көтерді. Мен одан «ана тұрған тас үйіндісін көтере аласың ба?» деп сұраған едім. Ол  маған «Бұны ешкім көтере алмайды» деп жауап берді.

- Мұндай тас үйінділерін  ойнап жүріп көтере аламын.

- Ал, сен осы тас үйінділерін анау екі таудың арасына апарып қоя аласың ба?

 - Қоя аламын. Мұқият қара! Жүрген жерлеріңде ең мықты Жел перісі мен екенімді айтып жүр – деген пері дәу тас үйінділерін бір сәтте көтеріп алады.Айналаны шаң-топырақ басып кетеді. Құмды дауыл басылған кезде Есқали екі таудың ортасында тағы бір тас үйінділерінен құралған таудың пайда болғанын көреді. Жел перісі жанына оралғанда:

 - Сен шынында да мен көрген Жел перілерінің ең мықтысысың. Мен сенің даңқыңды осы атырапқа, барған жерлерімнің барлығына жыр қылып айтатын боламын.

- Жолың болсын жолаушы! - деп сәттілік тілеген жел  уілдеп барып жоқ болады.

Сол жерге түнеп шыққан Есқали әрі қарай жол жүреді. Бір тауға жеткен кезде:

 - Қандай әдемі тастар. Жер дүниені шарлап жүріп мұндай әдемі тастарды көрмеппін. Мұндай әдемі тастарды кім жасады екен? Сол жанға алғысымды айтар едім, – дейді. Сол кезде Есқалидың тап төбесінен «Мен жасадым» деген дауыс естіледі. Тау дірілдеп, тастар қопарылып, жігіттің алдында Тау мен тастың әміршісі пайда болады.

- Сен осындай ма едің? Тау-тастың перісі. Талай жерді кезіп, мынандай әдемі тастарды көрмеген едім. Саған алғысым шексіз.

- Ааа, бұл жерлік емессің бе? Бәсе, сықпытың бөлек.  Бұл мекеннің адамына ұқсамайсың. Бұл жердің адамдары менің қойнауымдағы асыл тастарды жинап алып, тау-тасты зақымдағаннан басқа түк те бітірмейді. Сөйте тұра маған еш алғыс та айтпайды. Мен ол жексұрындардың үстіне тас құлатып тоқтатып отырмын. Сен де менен бірдеңе сұрауға келген боларсың? Біліп қой, мен адам баласына көмектеспеймін!

- Оның не? Мен ұшарын  жел, қонарын сай білген қаңбақтай дала кезген жолаушымын. Көп дүниені естимін. Көп дүниені көремін. Тек, жақында тағы бір тастар  мен таулар әміршісін көрген болатынмын. Ол маған алуан түрлі асыл тастарын көрсетіп мақтанды.

- Онда тұрған не бар екен? Менде де бар ондай тастар, - деп гүр ете қалады Тау мен тас перісі.

- Иә, сенде де асыл тастардың бар екенін білемін. Бірақ, әлгінің айтуынша көк-жасыл түсті ғажайып тастар тек сонда ғана бар екен. Басқа тау мен тастың әміршілерінен артықшылығым осы дейді.

- Әй, ақымақ адам баласы! Ол сені алдаған ғой. Мінекей, ондай тастар менде де толып жатыр. Сенбесең көрсетейін, - деген пері тау мен тасты дір еткізіп жоқ болып кетеді. Сәлден соң қайта пайда болып, Есқалидың алдына жарқырап тұрған көк-жасыл түсті зүбаржат тастарды тастай салады.

- Керемет! Мені алдамаған екенсің. Бірақ, ол да осынша тастарды көрсеткен болатын. Соған қарағанда екеуіңнің байлықтарың шамалас болды ғой.

- Ол мүмкін емес! Мұндай тастар тек менде ғана көп. Ол тастарымды мен таудың ең түпкі қойнауына сақтап отырмын. Қалағанымша ала аламын. Қалағанымша жұмсай аламын!

- Егер, осындай тастарың расымен көп болса анау үш таудың арасында жатқан жылғаны зүбаржат тастарыңмен көміп тастай аласың ба? Сонша тас табылады ма сенен?

- Мінекей, мұқият қарап ал! – деген пері тау мен тасты дірілдете жөнеледі. Аспанан жасыл-көк түсті тастар жауып, таудың қойнауы жасыл түске боялады.- Көрдің бе? Мұндай кереметті мен ғана жасай аламын. Ал, енді жолыңнан қалма жолаушы! Мен жайлы жүрген жеріңде айта жүр!

- Көрдім, көрдім! Сен расымен де мен көрген тау перілерінің ішіндегі ең Ұлысы екенсің. Сенің байлығыңа жететін байлық басқаларда жоқ. Аман-сау бол! - деп Есқали перімен қоштасады. Тау етегіне түскен жігіт мөлдір бұлақтың басына келіп, суынан шөлі қанғанша сіміреді.

- Аһ! Қандай керемет су! Дәмі тіл үйіреді екен. Мұндай суды ешқашан ішпеген екенмін. Бұл судың иесі кім болды екен?- деп Есқали жан-жағына қарайды. Сол кезде:

- Бойыңа жұқсын, іше бер! Бұл судың иесі менмін – деген дауыс естіледі. Сол сәтте Есқалидың алдына Су перісі пайда болады.

- Бұл менің суым. Қалағаныңша ішіп, ыдысың болса құйып ал. Себебі, сен енді мұндай суды кезіктірмейсің, - дейді.

- Мен жер-жаһанды кезген жолаушы едім. Неге бұл алқапта үлкен өзендер мен көлдер жоқ? – деп сұрайды жігіт

- Әрине, өзен мен көл жасау менің қолымнан келеді. Бірақ, оның барлығын кім үшін жасауым керк, не үшін жасауым керек?  Бұл жердің тұрғындары менің суымды бағаламайды.

- Мен бұрындары тағы бір Су әміршісін көрсеткенмін. Ол шағын жылғадан сарқырама жасап, кішкене бұлақты өзенге айналдырған болатын. Сірә, бұндай өнер соның ғана қолынан келеді.

- Сол да сөз болып па? Ондай дүние менің де қолымнан келеді.

- Олай болса сен өзен ғана жасап қоймай оның арнасын да бұра алатын шығарсың. Анау таулардың арасында жасыл тастармен көмкерілген алқап бар. Суыңды сол алқапқа қарай бұра аласың ба? Егер, сол ойпатты суға толтырсаң мен сені осы алқаптағы ең мықты, ең құдыретті Су әміршісі деп білетін боламын, – дейді Есқали.

Су перісі өз өзінен бұрқырай бастайды. Бір сәтте шағын бұлақ үлкен өзенге айналады. Жолындағы ағаштар мен басқа да бөгеттерді бұза-жарып, арнасын бұрып тау ойпатын толтыра бастайды. Сөйтіп, бір сәтте зүбәржат тасты алқап үлкен көлге айналады.

- Сен расында да мен көрген Су перілерінің ішіндегі ең мықтысы екенсің. Мен жүрген жерімде сенің есіміңді жырға қосып жүретін болайын. Рахмет саған! - деп Есқали Су перісімен қош айтысады.

Есқали көлге зер сала қараса, судың түсі расымен де өзінің ғашығының көзі түстес екен. Өзін бақытты сезінген жігіттің жүрегі атқақтай тулайды. Сөйтіп үйіне бет алады. Балаларын жоғалтып мұңайып отырған ата-анасының қуанышында шек болмайды. Есқали болған жайттың барлығын баяндап береді. Сөйтіп олар байдың ауылына келеді.

Бай оларды мысқылдай қарсы алады. Ал, Жәния болса айлакер әкесі тағы қандай сылтау айтар екен дегендей алаңдаулы кейіпте отырады. Себебі, сұлу қызға Есқали да ұнап қалған болатын.

- Иә, не болды? Менің тапсырмамды орындадың ба, жігітім?- деп кекете сұрайды.

- Иә, орындадым. Жүріңіз мен сізге көлді көрсетейін, – деп жігіт байды ертіп киіз үйден шығады. Екеуі бір төбенің басына келеді.

- Әнекей, өзіңіздің суреттегеніңіздей көл осы.

Бай өз көзіне өзі сенбейді. Не істерін білмей қыпылықтай бастайды. Кенеттен ойына тағы да бір әдіс келеді.

- Иә, бұл көлің менің ойымнан шықты. Есқалижан, бірақ сен бір дүниені ұмыттың. Сенің маған сыйлайтын сыйың қайда? Алтын-күміс, не болмаса асыл тастардан сыйың болсын деген едім ғой.

- Ол сыйымды да ұмытқан жоқпын. Мына көлдің асты толған зүбаржат тастар. Қанша аламын десеңіз де еркіңіз білсін. Сол тастарды ала алсаңыз жақын маңайда сізден асқан бай болмас еді.

Бай шарасыздықтан сылқ отыра кетіпті. Бермейін десе жігіт барлық шарттарын орындап тұр және жұрт алдында берген сөзі бар. Осылайша  сараң бай ақылды да епті жігітке ай десе ауызы, күн десе көзі бар Жәниясын берген екен.

Мінекей,  Жасылкөл жайлы аңыз бізге осылай сыр шертеді. Алматы жаққа барсаңыз міндетті түрде соға кетіңіз. Бірақ, көл астынан зүбаржат тас алудан аулақ болыңыз. Білетіндер, асыл тасты аламын деп сүңгіген адамдардың қайта шықпағанын айтады.

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға