Жаңалықтар

Сезім барда, көзім керек емес

Жақында ғана Ресейдегі «Удивительные люди» байқауының финалисі атанып, талайды таңғалдырған талантты суретші Ренат Елубаевпен сұхбат
Сезім барда, көзім керек емес
07.11.2018 14:51 6942

Ренат Елубаев – белгілі суретші, импрессионист, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, халықаралық байқаулардың лауреаты.

- Ренат, көзіңізді байлап қойып сурет салу идеясы қалай пайда болды?

- Көзді жұмып сурет салу идеясы осыдан бірнеше жыл бұрын кездейсоқ пайда болды. Саябақта ойнап жүрген балаларға қызық үшін көзімді жапқызып, оларға жылқы, ит, мысық сияқты түрлі жануарлардың суретін салып бердім. Байқап қарасам, көзімді жұмып салсам да расымен де жақсы шыққан сияқты. Сөйтіп мен бұл қабілетімді жетілдіре бастадым. Негізі, менің ойымша әр адам өзінің жан дүниесін, іште жатқан сезімдерін  түсініп, сол сезімдерді басқара алса ол өзін басқа қырынан ашады, өзінің қабілеттерін дамыта бастайды. 

- «Удивительные люди» жобасына қатысу туралы айтып берсеңіз. Бұл жобаға қалай келдіңіз?

- «Удивительные люди» шоуы Ресейде осымен үшінші жыл өткізіліп келе жатқан үлкен телевизиялық жоба. Жобаға Ресей ғана емес, әлемнің басқа да елдерінен неше түрлі өнер иелері, таңғажайып адамдар қатысты. Мен алдымен бұл жобаның іріктеуіне қатыстым, сонда өнер көрсетіп, келесі кезеңге жолдама алдым.

 

- Алғашқы кезеңде сіз француз суретшісі Паскаль Праттың картинасын көзіңізді жұмып тұрып, 5 минут ішінде салып бердіңіз, көрермендер бұл өнеріңізге ерекше таңданыс білдірді. Сіз үшін осы кезде не қиынға соқты?

- Сайыстың шарты бойынша мен берілетін картинаны алдын-ала білген жоқпын, тек ұйымдастырушыларға портреттер және импрессионизм жанрындағы туынды болсыншы деп өтініш білдірген едім. Ал шоу басталғанда картинаның бірнеше бөліктерге бөлініп, қозғалып тұрғаны мен үшін күтпеген жағдай болды. Дегенмен де, менің ойымша аз ғана уақыттың ішінде жақсы салып шықтым деп санаймын. Бұл шоудан соң интернеттен көрген адамдар өз ризашылықтарын айтып, қолдау білдірді. Шетелде еліміздің атын шығаруға сәл де болса үлес қостым деп ойлаймын.

- Байқаудың ақтық сынындағы өнеріңіз туралы айтсаңыз?

- Финалға 60-қа жуық адамның ішінен 10 адам ғана өтті. Олардың әрқайсысы өз саласының майталмандары, барлығы да шын мәнсінде таңғажайып адамдар. Мен үшін осы адамдармен бірқатарда болып, финалға шығуымның өзі үлкен жетістік болды. Финалда мен осыған дейінгі көрсеткен майлы бояумен сурет салуды қайталамайын, ерекше нәрсе көрсетейін деген оймен мүсін жасауды жөн көрдім. Негізі, студент кезде қызығушылықпен мүсін жасап көргеніммен, онымен кәсіби түрде айналысқан  емеспін. Сондықтан мен үшін бұл тағы да бір сынақ, үлкен тәуекел болды.  Шынын айтсам, финалдағы жасаған мүсініме өзімнің көңілім толған жоқ. Мүсіннің детальдарына мән беріп, әдемілей түсуге сәл уақыт тапшы болып қалды. Алайда, таныс мүсінші достарым көзді жұмып тұрып аз уақытта осындай мүсінді жасау әркімнің қолынан келе бермейді деп, оң бағасын берді. Бұл жоба мен үшін тағы бір мектеп, өзіңді сынап көрудің бір тәсілі болды. Жалпы, суретшілер бір орында тоқтап қалмауы керек, әрдайым ізденісте болуы керек.

 

- Сіз кімге еліктейсіз? Кімді үлгі тұтасыз?

- Суретшілердің ішінен өзіме импрессионизм бағытын негізін қалаушылардың бірі Клод Моненің шығармашылығы ұнайды. Оның картиналары жаныма өте жақын, оның туындыларынан ерекше әсер аламын. Сонымен қатар беларуссиялық суретші Марк Шагалдың картиналары да ұнайды. Жалпы, көптеген суретшілер Францияға барып кеңінен танымал болған, дәл сол Моне, Пикассо, Модильяни да сол Францияда жүріп сурет салып, шығармашылығын дамытып, атақты суретшілерге айналды.

Мен жалпы суретшілерге еліктеп қана қоймай, олардан өзіме керек дүниені іздеймін. Атақты суретшілердің картиналарын тамашалап, олардың бояуларды қалай үйлестіргенін, түстерді қалай әдемі келтіргенін зерттеп жүремін.

 

- Суретшілердің Францияда кеңінен танымал болатынын, ондағы суретшілерге жасалатын жағдайды айтып қалдыңыз. Ал еліміздегі суретшілерді қолдау шаралары туралы ойыңыз қандай?

- Еуропа елдерінде, Жапонияда тіпті кәсіби суретші болмаса да, оларды мемлекет қолдап, барлық жағдайды жасайды. Әрине, біздің елімізді Еуропамен салыстыруға келмейді. Дегенмен де, қазіргі жас суретшілерге мемлекет тарапынан аз да болса көңіл бөлінуде деп ойлаймын. Жеке басыма қатысты айтар болсақ, елімізде бір-екі рет көрмемді өткіздім, ол кезде мемлекеттен қолдау болды. Ал шетелдік көрмелер мен байқауларға өз қаражатыммен барып қатыстым. Алдағы уақытта бұл жағдай түзеледі деп ойлаймын.

 

- Сіз неден шабыт аласыз?

- Шабытты көбінесе өнер адамдары байқамайды, ол әр кезде әртүрлі келуі мүмкін. Әдемі табиғаттан, сұлу әйелден де шабыт алуға болады. Шабыт – түсініксіз, тылсым дүние. Шабыт бірде бар, бірде жоқ болады, ол көңіл-күйге тікелей байланысты. Көбінесе суретшілер көңіл-күйі жақсы болғанда сурет салады. Суретшілердің ақындардан айырмашылығы осы деп есептеймін. Мұқағали Мақатаев ақындар туралы «Өлең деген тумайды жайшылықта, Өлең деген тулайды қайшылықта» дейді ғой. Ал, суретшілерде керісінше қайшылықта шабыт келе бермейді. Суретшілерге жақсы туынды салу үшін жақсы көңіл-күй керек.

 

- Сұхбатыңызға көп рахмет! Шабытыңыз шарықтай берсін!

­- Рахмет!

 

Сұхбаттасқан: Базарбек Қамысбаев

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға