Жаңалықтар

Доңыз жылынан доңыз жылына дейін...

1911 жылғы доңыз жылынан басталатын қысқаша шолу
Доңыз жылынан доңыз жылына дейін...
21.12.2018 13:51 10454

Аздаған күннен соң ит жылын шығарып салып, доңыз жылын қарсы алмақпыз. Доңыз жылы қазақтар үшін, қазақстандықтар үшін, жалпы Қазақстан үшін қандай жыл? Тарихи шегініс жасап, осы жылдардағы оқиғаларға аздаған шолу ұсынбақшымыз.

1911

1911 жылы, қаңтар айының 4 жұлдызында  Алматыда (ол кезде Верный) магнитудасы 10 балды көрсеткен жер сілкінісі болған. Сол кездегі геологтардың жазбасындағы мәліметтер бойынша 452 адам қайтыс болып, 740 адам зардап шеккен. 1094 үй қираған. Ол кезде үй салу қазіргідей белең алмағаны ақиқат. 4545 киіз үйдің қирауы осыны аңғартса керек. Шығынға ұшыраған мал саны 13 000 деп көрілген. Ал, арнайы комиссияның келтірген сандары бұдан әлдеқайда төмен. Бұл жайлы мәліметтер сол кездегі  «Семиреченские областные ведомости» газетінде берілген.

Сурет http://www.voxpopuli.kz сайтынан алынды

Қарағанды облысында Қарсақбай деп аталатын шағын қала бар. Міне, сол кішкентай  қалашықтың іргесі осы 1911 жылы қаланған екен. Қарсақпайда Қазақстандағы түсті металлургияның тұңғышы – мыс қорыту зауыты салынған.

1911 жылы «Көксілдер» атты қазақ ақындарының жинағы басылып шыққан. Жинақтап, баспаға әзірлеген Ғабдолла Мұштақ. Бастырушы "Көксілдерге" жазған алғысөзінде өлең, жырларды жинап бастырған мақсатын баяндай келіп, бұл жинақты құрастырудағы мақсаты - ана тілін сақтау, ондағы көркем образдарды жоғалтпау, отанды сүюге, адамгершілікке, өнер, ғылымға құмарлықты тәрбиелеу, қазақ тіліндегі кемел шығармаларды ұрпақ жадында қалдыру болғанын айтады. Жинаққа көне эпикалық жырлардың үзінділері, Ш.Бөкеевтің, Ғ.Мұштақтың көркемдігі жоғары өлең, аудармалары, Шалкиіздің толғаулары енген. "Көксілдер" - әдебиет тарихын, әсіресе эпосты зерттеулершілер үшін бағалы еңбек.

Ахмет Байтұрсыноватың «Маса» жинағы да дәп осы жылы, Орынбор қаласында басылып шыққан.

1923

Ақмола облысына қарасты Қорғалжың елді мекенінің іргесі қаланған жыл.

1923 жылы 9 маусым күні Сәкен Сейфуллин "Еңбекші қазақ"  газетіне "Кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу керек" деген мақаласын жариялайды. Сол дәуірдің өзінде Сәкен Сейфуллин тіл мүддесін қорғайтын 9 мақала жазған екен. Өзі басқарып отырған "Еңбекші қазақ" газетін ұлт мүддесіне тиімді пайдалана алған. Сәкеннің ыждаһаттылығының арқасында 1923 жылдың 22 қарашасында Орталық Атқару Комитеті декрет қабылдаған. Сол бойынша кеңсе істері 1924 жылдың 1 шілдесінен бастап қазақ тілінде жүргізілетін болған.

Сурет https://e-history.kz сайтынан алынды

1935

Осы жылы Жамбыл облысына қарасты  Жаңатас фосфорит кен орны ашылды.

1935 жылы көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, дарынды ғалым-тарихшы, профессор, педагог Санжар Асфендияров мəскеулік профессор П.Кунтенің басшылығымен «Қазақстанның өткені: деректер мен материалдар» атты алғашқы деректер жинағын шығарады (бірінші томы). Бір жылдан  соң  екінші  томы  жарық  көреді.  Бұл  жинақта  көне  жəне  ортағасырлық        авторлардың, саяхатшылардың, тарихшылардың шығармаларынан үзінділер келтіріледі. Құнды деректер жинағының жарыққа шығуы республиканың ғылыми өмірінде айтарлықтай орын алған оқиға болады. Осы жинақтан кейін С.Асфендияровтың 1935 жылы «Қазақ тарихының очерктері» атты мектеп оқулығы баспадан шықты.

Сурет http://sc.edu.gov.kz/kz сайтынан алынды

1947

1947 жылы тамыз айында ҚазҰУ-да геология-география факультеті (кейіннен – география факультеті) құрылды. Бұл кезде факультет құрамында екі – геология және география бөлімдері болды. 1960 жылы геология бөлімінің жабылуына байланысты факультеттің аты география болып өзгертілді.

КСРО Кеңес министрлігімен БКП(б) ОК қаулысына сәйкес 1947ж. 14 желтоқсанда "Ақша реформасын жүргізу туралы және азық-түлік пен өнеркәсіп тауарларына карточкаларды алып тастау туралы")  мүмкіндік  берді.  Айналысқа жана  ақша бірліктері 1, 3, 5, 10, 25, 50, 100 номиналды купюрлар шығарылды.

Сурет https://vlast.kz сайтынан алынды

1947 жылы  Қайым Мұхамеджановтың  «Дауылдан соң» деген пьессасы жазылған (кейінірек «Майданнан майданға» деп аталған). Сол жылы 22 қазандағы Қазақстан Жазушылар Одағының Президиумының отырысында бекітіледі. Ғабит Мүсірепов: «Қайымның «Майданнан – майданға» пьесасы қазақ совет драмматургиясының жақсы табыстарының бірі есебінде театр сахнасына ұсынылуы керек», – деп ерекше баға берген.

1947 жылы, Алексей Бодня атты қойшы (шабан) ұшатын табақ көргенін айтқан. Бұл Қазақстан жеріндегі бөгде планеталықтар жайлы алғашқы қауесеттер шыққан жыл болды деуге болады.

Тамыз айының соңғы жексенбісінде  Кеншілер күнін тойлайтынымыз есіңізде болар? Бұл күнді тойлау қайдан шықты? Негізі бұл мерекенің пайда болуының алғы шарты сәл әріректе. Атақты кенші Стаханов 1935 жылы тамыз айының 30-ынан 31 қараған түні рекорд орнатады. «Стахановшылар» қозғалысының бастауы осында жатыр. Мінекей, осы күннен бастап, кеншілерге арнайы мереке күнін бекіту қарастырыла бастаған. Ал, мерекенің ресми түрді бекіген күні 1947 жылдың 10 қыркүйегі. Сәйкесінше, Кеншілер күнінің алғаш рет тойлануы 1948 жылға дөп келеді.

1959

Бұл жыл бірден есіме «Теміртау қақтығысын» түсіреді екен. «Қазақстан магниткасының» жүрегіне айналған Теміртауда болған бұл қақтығыстың басты себебі неде? Жауап іздеп көрелік.

Жалпы, 1959 жылы Теміртаудағы құрылыста 25 мыңдай адам жұмыс істеген екен. 1957 жылы, жаз ортасында Теміртауға көршілес Болгариядан жұмысшылар келеді. Бұл жұмысшылар арнайы үйлерге орналасып, ас-ауқат жағынан да таршылық көрмеген. Ал, жергілікті жұмысшылар шатырларда, жертөлелерде жайғасқан болатын. 1959 жылғы қақтығысқа дейін де кішігірім оқиғалар орын алған. Бірақ, сыздауықтың бір күні жарылатыны секілді, бұлай жалғаса берсе бұл оқиғаның орын алатындығы да ақиқат еді. 1 тамыз күні таңғы ас ішкге келген жұмысшыларды болгар жұмысшылары тамақтанып алғанша асханаға жібермей қойған. Содан соң құрылысшылар өз кезегіне шығудан бас тартады. Ашынған біреуі есік алдындағы квас құйылған бөшкенің құлпын жұлып алып, квас ішеді...Бұл қақтығыс тамыз айының 4 күні толықтай басылған екен.

Сурет https://aloban75.livejournal.com сайтынан алынды

1971

1971 ж. Алматы қаласының Қабанбай батыр көшесі мен Байсейітова көшесінің қиылысындағы Қазақ опера және балет театры саябағына Жамбыл ескерткіші қойылды. Мүсінші — Қазақстанның халық суретшісі Х.Наурызбаев, архитекторы — М.Меңдіқұлов. Мүсін мен тұғыр сұр граниттен тұтас қашалған. Биіктігі — 2,3 м

1983

30 тамыздың түнінде «Аэрофлот» авиакомпаниясына тиесілі  Ту-134А ұшағының апаты. Қазан-Алматы  бағытын бетке алған ұшақ Алматы маңайындағы Долан тауына соғылып, апатқа ұшыраған. Апаттың басты себебінің бірі Ил-62 ұшағы екеуінің қатар қонуында. Ил ұшағының экипажы қонуға рұқсатты Тудағылардан бұрын алған екен. Бірақ, Ту ұшағынан 300 метр биіктікте болған. Диспетчер ИЛді қондырып жүріп, бір минуттай Ту ұшағымен байланысқа шыға алмай қалған.

6 адамнан тұратын ұшақ экипажы, 84 жолаушы (16 бала) түгелдей қайтыс болған.

Сурет https://ru.wikipedia.org сайтынан алынды

1995

1995 ж. 17 қарашада Қарағанды металлургия комбинатын жекешелендіру жөнінде өткен жабық тендерде төрт бәсекелестен басым түсіп, штаб пәтері Лондонда орналасқан «Испат Интернэшнл ЛТД» компаниясы жеңіске жетті. Соның нөтижесінде «Испат Кармет» ААҚ құрылды.  «Миттал стил Теміртау» АҚ - (2004 жылға дейін «Испат Кармет» АҚ).

1995 жылы елде Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойы атап өтілді.

Сурет voxpopuli.kz сайтынан алынды 

1995-ші жылы «Хабар» телеарнасы жұмыс істей бастады. Ол Қазақ телевизиясы ақпараттық қызметінің негізінде құрылды, әуелгі атауы тым шұбалаңқы еді — Ұлттық Телевизиялық Ақпараттық Агенттігі деп аталған.

2007

Режиссер Ақан Сатаевтың «Рекетир» фильмі шығып, қазақстандық көрермендер жылы қабылдады.

2007 жылдың сәуір айынан бастап елімізде казино, құмар ойындар орталықтары жаппай жабылып, ойынханалардың барлығы Қапшағай және Бурабай қалаларында шоғырланатын болды.

2007 жылы Алматы маңындағы «Маловодное» ауылында қазақтар мен шешендер арасында кикілжің орын алды.

2007 жылы Алматыдағы Тәуелсіздік монументіндегі Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың алақан ізі бар қола кітапша (ескерткіш-тақта) қолды болды.

Сурет http://dostoprim.almaty.kz сайтынан алынды

Мінекей, доңыз жылына жасаған шағын шолуымыз осы. Әрине, доңыз жылдары туған ақын-жазушы, қайраткерлер жайлы жазар болсақ бұл мақаламыздың көлемі бұдан да үлкен болар еді. Сондықтан да тек, осындай оқиғалармен ғана шектелгенді жөн санадық. 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға