Жаңалықтар

Батыстың би-батырлары

Ұлы даланың ұлы тұлғалары
Батыстың би-батырлары
27.08.2019 12:20 14354

Республикамыздың батыс өңірінде елі мен жері үшін талай ұрыста атой салған баһадүр батырлармен қатар, ел дауына араласып, көптеген саяси мәселелерді шешкен би-шешендер өткен. Сол сияқты халықтың діни сауатын ашып, мешіт-медресе салып, оқу-білімге шақырған имам-хазіреттер де болған. «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары» сондай ұлы тұлғалардың өмірдерегінен үзінді келтіріп, кесенелері мен мазарларын түгендеуге өлшеусіз үлес қосты. «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Елбасы еліміздің тарихи кезеңдерін қамтып, «Ұлы даланың тұлғаларына» ерекше мән беріп, олар туралы сериялы еңбектер жазылу керектігін баса айтып кеткен еді.

Жарман хазірет мешіті

Батыс Қазақстан облысына қарасты Қаратөбе ауданының Егіндікөл-Жігерлен ауылынан алысырақ жатқан Қалдығайты өзенінің жағасынан өткен ғасырдың бас кезінде салынған мешіттің орнын көруге болады. Ол мешітті діни сауатты болған Жарман имамның құрметіне «Жарман хазірет» деп атап кеткен. Көнекөз қариялардың айтуынша, хазіретке тек ер адамдар қызмет көрсетіпті. Жарман имамнан білім алу үшін Жымпиты, Шыңғырлау, Қаратөбе, Ақтөбе аймақтарынан адамдар келген екен. Одан дәріс алушылар атына «қалпе» қосымшасын қосып айтыпты. Әр жыл сайын хазіреттің өзі, туыстары және шәкірттері қажыға барып, мұсылмандық парызды өтеп жүріпті. Ел арасында Жарман хазірет көптеген дертке шипа табушы, емші ретінде де танымал болған. Жарманнан Медет, Қабиболла  есімді екі ұл тараған. Медет әке жолын қуып, ерте жастан арабша оқып, Құранды аударып, білімге құштар, өте зеректігімен қатарластарынан ерекшеленген. Кейінірек ол Шыңғырлау ауданындағы мешіттердің бірінде имам болып, сексенге жетіп, қайтқан. Ал Жарман хазіреттің өзі көрші Орынбор облысына қоныс аударып, тоқсаннан асып, қайтыс болыпты. Сухаречка деген жердегі мұсылман мазаратының біріне жерленген.  Кейінірек орыс басшылары сол жерді егістікке пайдалануға бермек болады. Зираттарды тегістеп, топырақ ысыру мақсатында табаны шынжырлы тракторды жібереді. Жүргізуші  тізгіндеген көлігін зиратқа кіргізе бере, тракторымен бірге өртеніп кетеді. Дәл осындай жағдай бірнеше рет орын алған. Шарасы қалмаған жоғары жақтағылар мазаратқа темір қоршау жасатып, орынды киелі деп таныған.

Қожантай қажы мешіті

Нақты тарихи мәліметтерде Батыс Қазақстан облысына қарасты Жалпақтал ауылын екіге жарып өтетін Қараөзеннің солтүстік жағалауында орын тепкен бұл Алланың үйін ХІХ ғасырдың 80-жылдарында Қазан татары Қожантай қажы екі мұнара етіп салдырған көрінеді. Бір ғасырдан кейін жасалған жөндеу жұмыстарында мешіттің жоғары жағы мен астыңғы қабаттарынан табылған Құран кітаптары және тағы басқа көптеген діни еңбектер өртеліп, кейбірі ешкім білмейтін жерлерге тасталған екен. Мешіттің сыртқы, ішкі және ара қабырғалары күйген қызыл кірпіштен салынған. Ел аузындағы әңгімеде ол құрылысқа арналған кірпіштер Ресейдің Саратов облысынан арнайы әкелінген. Кірпіш шығаратын зауыт кірпішті тұщы сазды топыраққа жылқының сүті мен қылын илеп, күйдіріп әзірлепті. Қожантай мешіті екі қабаттан құралған. Төменгі бөлігі дәріс оқитын, медресе, дәрет  алып, шайынатын бөлмелерден тұрса, жоғары қабаты намаз оқуға арналған. Бұл мешітке бір уақытта төрт жүз адам бірдей Аллаға құлшылық ете алады екен. Мешіт жертөледе орналасқан пеш арқылы жылытылатын болған. Оған отын ретінде Жалпақталдан он шақырым алысырақ жатқан Ақкөл көліндегі қамыстарды әкеп, жаққан. Астыңғы қабатының биіктігі екі метрге жетсе, жоғарыдағы қабат төрт метрді құраған. Ал ішкі әрлеу жұмыстарына сапалы цемент пен  әк секілді жоғары сападағы құрылыс өнімдерін қосып, пайдаланған. Мешіттің сыртына ешқандай сәндік жұмыстарын жасамаған, сол күйген кірпіштерімен тұр. Едендерін қалың емен ағаштарынан салдырған.

Күйші Мәмен Мұратұлы кесенесі

Нарын жерінде дүниеге келген атақты күйші-композиторлардың бірі де бірегейі Мәмен Мұратұлы Жаңақала ауданы Қамыссамар деген жерде 1868-1931 жылдар аралығында ғұмыр кешкен.

Атақты Құрманғазыдан дәріс алып, оның «Адай», «Байжұма», «Төремұрат» секілді күйлерін ел арасында кеңінен насихаттаған екен. Ол өзі де бірнеше күйлердің авторы: «Қайғылы қарай», «Қаражан ханым», «Ақ Шолпан», «Кербез ақжелең» және тағы басқа. ХХ ғасырдың басында қазақ жерінде болған дүрбелең дәуірді суреттейтін «1916 жыл», «1917 жыл» секілді күйлері де кездеседі. Оның туындылары ойнақы әуен арқылы тебірентіп, жан сарайыңды ашып, жігерлендіре түседі. Одан Р.Омаров, Ә.Есқалиев, Б.Қараблина секілді өнер майталмандары дәріс алған. Ол өз заманында көпшілік тік тұрып қошемет көрсететіндей талантты күйші еді. Құрманғазы, Дина және тағы басқа да күйшілерден тәлім алған ол, шәкірттерінің арқасында да қазақ еліне танымал болды дейді Ахмет Жұбанов өз естелігінде. Мәменнің күйі арқылы сол кездегі халықтың ішкі айқайын, жан сырын, хал-ахуалын ұғуға болады екен. Алтын Орда заманындағы үлкен қорды бізге жеткізушінің бірі осы Мәмен болған. Ол шебер орындаушылығымен сол өңірдегі халық жадында қалған. Оның орындаушылық, күйшілік қабілетін өнер зерттеушілері жоғары бағалайды. Күйші Мәмен Мұратұлы кесенесі Жаңақала ауданында Пятимар ауылында орналасқан.

Малтахан би кесенесі

Би 1819 жылы Батыс Қазақстан обысы Бөкей Ордасы ауданы Жетібай ауылында өмірге келген. Малтахан кесенесі де сол жерде тұр. Жаз уақытында Жайық бойында қоныстанып, қыс мезгілінде Нарын құмында көшіп-қонған. Бар-жоғы 17 жасында Исатай мен Махамбет бастаған шаруалар көтерілісіне белсене ат салысқан. Оның Жарок (Тайыр ақынның әкесі), Сапок, Қапн, Абош есімді төрт ұлы болған. Ол сөзге шешендігімен, жылдам ұтымды жауап беруімен бүкіл Бөкей Ордасына танымал болған екен. Оның осылай тауып айтқан сөздері ел арасында сақталып қалыпты. Малтаханды сөзбен жеңе алмаған болыс-байлар оның кедейлігін бетіне басып, ел алдында абыройын төккісі келеді. Бірде олар:

- Осы Малахан жұрт төрінде отырып сөйлегенде, ешкімге дес бермейді. Қоңыр тоқтының басы қолынан түспейді. Біз үйіліп-төгіліп үйіне барсақ, сіңірі шыққан кедей бізге не береді екен? Сынап көрейік, - десіпті.

Осы айтқандарын жасаған болыс бастаған топ Малтаханның үйіне сау етіп келе қалыпты. Олардың ішінде қонақтарды әрдайым қатқан-қалашпен сыйлайтын сараң би атағы бар Түскеке де, Малтахан баласының еңбек ақысын екі жылдан бері бермей келе жатқан Жүнісәлі бай да бар екен. Малтахан оларды көңілді қарсы алып, жалғыз биесінің құлынын сойып, қонақ етеді. Сонда Жүнісәлі тұрып:

- Малтаханның байлығы болмағанмен, паңдығы бар-ау, қонағын құлын етімен сыйлауын қараңдаршы, - деп мысқылдай сөйлепті.

Сонда Малтахан: «Сыйлауым тұзға кеткен қақпышпен, болса болар бәлкім менің паңдығым» дейді. Сөздің мәнісін түсінген Жүнісәлі мен Түсеке жерге кіріп кетердей болған екен.

Күйші Мұхит Мерәліұлы кесенесі

Күйші Мұхит Мерәліұлы 1841 жылы туып, 1918 жылы өмірден өткен. Ақын, композитор, әнші еліміздің батыс аймағындағы ірі халықтық  әншілік мектептің іргетасын қалаған. Бақуатты отбасында туған Мұхиттың ағалары да (Шаңгерей, Паңкерей, Сақыпкерей, Жанша, Жүсіп) өнерге жақын, әншілікті серік еткен адамдар болғанымен, осы жолда тек Мұхит қалған екен. Ол ірі жәрмеңкелерде, базарларда, той-жиындарда, мерекелерде қолына домбыра алып, ән айтқан.

Мұхит Қостанай, Қазалы, Троицк, Ақтөбе, Арал, Атырауды аралап, «әнші Мұхит», «сал Мұхит» атанады. Әнші сол кездегі қоғамдық өмір турасында «Зәуреш», «Дүние-ай» секілді туындылар шығарған. Ал «Дөң асқан», «Қыпшақ», «Паң көйлек» секілді әндері оның талантын ашып, ерекше жаратылысынан хабар береді. Мұхит Мерәліұлы сәнді киініп, жақсы тұлпар мініп, қасына саятшы, жыршы, күйші, палуан секілді жора-жолдастарын ертіп жүрген. Сол сияқты шәкірт тәрбиелеумен де айналысқан. Ол тек әнші, ақындығымен емес, күйшілігімен де танылған. Сәулебай, Тазбала, Абылдың күйлерін нақышына келтіріп орындап, өзі де жанынан күй шығарыпты. Оның бір күйін Затаевич нотаға түсіріпті. Оның ән-күйлерін екі ұлы мен немерелері сақтап қалып, осы күнге жетуіне себепкер болған. Мұхиттың әндерін жинаған Затаевич оның туындыларын таспаға түсіріп қалдырған екен. Оның кесенесі Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданының Саралжын ауылында орналасқан.

Батыр Байбарақ Құдайқұлұлы кесенесі

Батыс Қазақстан облысына қарасты Базаршопан елді мекенінен он бес шақырымдай жерде Байбарақ аталатын мазарда батырдың дулығасына ұқсас сегіз қанатты кесенені көзіңіз шалады. Кесене сырты киіз үйдің элементтерімен әшекейлендіріп, есік маңдайшасына «Байбарақ ата» деп жазылып, бес қаруы қабырғаға ілініп тұрғандай етіп, тастан қашалып жасалған. Байбарақ батырдың мұсылмандығынан хабар беретіндей дулығасының сәлдесі де көрсетіліпті.  Бізге жеткен деректер бойынша 1700 жылдарда ғұмыр кешкен. Халық аузында қалған мәліметтерді қағаз бетіне түсіріп, Байбарақ ұранының пайда болу тарихын жазған – И.Кенжәлиев. Жоңғар шапқыншылығы кезінде жау қолына түсіп қалған 14 жастағы Байбарақ қайсарлығымен, қайтпастығымен, ақылдылығымен басына бостандық алыпты. «Еліңе жіберсем, маған қандай алғыс айтар едің?» деген жоңғар батырына, «Еліңді «Байбарақ» деп ұрандап шауып кетер едім» дейді. Еліне келген соң, қалмақтарға қарсы соғысқа қол жинап, Сейтімбет батырдан бата алып, көп өтпей-ақ жоңғар басшысын тұтқынға түсіріпті. Сейтімбетке жеңіс хабарын жеткізгенде, қарт батыр өзінің жасы келгенін алға тартып, ендігі Алаша елінің ұраны «Байбарақ» болсын деп ақ батасын берген екен. Осыдан кейін «Байбарақ» есімі ұранға айналып, батыр ел бірлігін сақтап, сырттан келер жаудан қорғап, жұрт тыныштығын бұзатындарды жазалап, халық арасында өте танымал тұлғаға айналады. Оған қоса, Он екі ата Байұлының сұлтансиығына кіретін іргелі рудың ұраны «Байбарақ» болып кетіпті дейді.  

Жетпіс балуан Бақтыбайұлы жерленген жер

ХІХ ғасырдың соңында ғұмыр кешкен Жетпіс Бақтыбайұлы ел арасында палуандылығымен танымал болған. Ел арасында жеткен әңгімелерде жоғары шенді орыс ұлығының алдында, алқалы бір жиында дүниежүзілік жарыстарға қатысып жүрген орыстың палуанына қарсы қазақтардан біреу шықсын деп шарт қойылғаны жөнінде айтылады. Оның үстіне кім жеңсе, жауырыны жерге тигенді бауыздасын деп жерге қанжар қадалыпты. Бұдан сескенген қазақтар біразға дейін үнсіз қалады. Сол кезде жасы 47-48-ге келіп қалған Жетпіс палуан алға суырылып шығады. Жиылған қарттар жастарға орын беру керегін айтқанда, ол «жастар шықса, жолын кім бөгеп тұр» деп бағынбайды.

Жетпіс сіңірі шыққан кедейлігі сонша, шолақ жеңді шапанмен шығып бара жатқанда, қазақтардың бірі иығына зерлі шапан жауып жібереді. Әбден төселген палуан көз ілеспес жылдамдықпен орыс мықтысын жерге алып ұрғанда, ол есінен танып қалады. Енді «шарт бойынша, қанжармен жығылған палуанды бауызда» дегенде, Жетпіс жазықсыз адам қанын мойнына жүктемейтінін айтып, қанжарды лақтырып жібереді. Орыс билеушілері «жеңісіңе не қалайсын?» дегенде, палуан қазақтарға жер жетпей жатқандығын алға тартып, «Көкөзектің бойынан бір өгіз терісіндей жер берсеңіз жетіп жатыр» депті. Ол тілегін қабыл алған ұлық: «Сыйлық беремін, қайда саласың?» дейді. Сонда Жетпіс палуан шапанының бір ұшын ғана тосып, алтын алады. Жиылғандар оның неге шапанын толық жаймағанын сұрап, таң қалысып жатқанда: «Ең бастысы, жер алдық, қалғаны маңызды емес», - депті палуан.

Үкі би кесенесі

Үкі би өз заманында аузы дуалы, көптеген саяси істерге араласқан, Кіші жүздің белді билерінің бірі болған. Оның қызметі Сырым батыр дәуірінен басталып, Айшуақ, Жантөре, Шерғазы, Бөкей хандардың, Қаратай, Орман, Арынғазы сұлтандардың ел басқару кезіндегі күрделі тарихи оқиғалармен байланысып, дамыған. Яғни, сол кездегі халық арасында туындаған күрделі мәселелердің түйінін табу үшін би білек сыбана кірісіп, шиеленіскен қарым-қатынасты қалпына келтіруге атсалысқан. Сол тұста Кіші жүздің арасында аса танымалдыққа ие болған Үкі бидің сөзіне тоқтамаған жан болмаған деседі. Бізге жеткен мәліметтерде оның бейнесін былай сипаттайды: «Екі иығына екі кісі мінгескендей нар тұлғалы, ірі еді. Жайыққа қазақ атаулыны жолатпай, жәбірейіл жаналғыштай болған казак-орыстар Үкі биден аса алмай, оның халқына тісі бата алмапты».  Тағы бір халық арасына таралған әңгімеде 1802 жылы Хиуада қайтыс болған Сырым батырдың құнын сұрап барған топтың ішінде Үкі би де болған. Үкі би кесенесі Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Қызылжар ауылында орналасқан.

Батыр Қоске кесенесі

Қоске әулие Он екі ата Байұлының ішіндегі ең үлкені Масқардан тараған. Ол қолбасшылығымен, көшбасшылығымен, ел басқарудағы ерекше қабілетімен ерекшеленген екен. Батыр жоңғар шапқыншылығына мыңдаған қолда бастап барған, жүрек жұтқан батылдығымен ел есінде қалған. Сол сияқты оның дұға арқылы өрт, топан суды қайтаратын қасиеті болыпты. Қажылыққа да бірнеше рет барған. Қаізргі Қаратөбе ауданына қарасты, Бесоба деген жер «Қалмыққырылған» атауын алған. Кезінде дәл сол жерде Қаске батыр әскер жинап, жоңғарларға тойтарыс берген. Жергілікті жұрт батырдың аруағына Құран бағыштап, басына жиі келіп тұрады. Мәселен, өткен ғасырдың 50-жылдары жеті отар қой топалаң ауруына шалдыққанда, иелері арнайы батыр басына әкеліп түнетіпті. Сол сияқты 1912 жылы  аштықтан босып келе жатқан бір топ адам осы әулиенің басына келіп, жан сауғалаған екен. Батыр Қоске мазарын тұрғызған адамның есімі – Қадыр. Бірде сол Қадырге дерт тап болып, ұзақ уақыт айыға алмай, әбігерге түсіпті. Сонда көмекке Қоске әулие келеді. Ауруынан айығушы емшісіне бірнеше мал бергісі келсе керек, Қоске оны кедей-кепшікке таратып беруін өтініпті. «Оның орнына қайтыс болғанымда бір жылқының сүті мен қылынан мазар тұрғыз» деп өсиет айтып кетеді. Батыр Қоске кесенесі Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Жусансай кеңшарының Ханкөл ауылында орналасқан.

Қаратау би Өмірзақұлы кесенесі

Қаратау Өмірзақұлы XVIII-XIX ғасырда ғұмыр кешкен. Ол ел қорғаған батыр, әрі қара қылды қақ жарған әділ би болған. Сырым Датұлымен достық қарым-қатынас орнатқан. 1773-1775 жылдары болған Е.Пугачев бастаған көтерілісті қолдап, белсенді түрде атсалықан. Сонымен қатар, би  XVIII ғасырда ұзақ жылдарға созылған көтерілістерге қатысып қана қоймай, өзі де ұйымдастырып, Сырымнан кейінгі бастаушы тұлғалардың біріне айналған. Орыс патшалығына жазған өтініміне рұқсат алған соң, он мың Ысықтыны Жайықтың бергі жағына көшіріп алып келген. Өзінің Көкөзек бойындағы қонысына көтеріліс қолбасшыларын жиып, жиі-жиі басқосулар өткізіп тұрған. Өзі өткір ой айтып, өзекті мәселелерді шешуге білек сыбана кіріскен. Қаратау би 1802 жылы Сырым батыр Хиуада қайтыс болғанда батырдың құнын сұраушы топты бастап барады. Бидің басына қойылған құлпытасында Құран хадистерінен біршама үзінді келтіріліп, оған қосымша  «руы Ысық, тайпасы Сарысық, бөлімі... Умирақ» деп жазылған. Құлпытастың төменгі жағы сақталмағандықтан, бидің қашан өмірге келіп, қай уақытта қайтыс болғаны, құлпытасты қоюшының кім екені жөнінде дерек қалмаған. Алайда, ол орында дәл Қаратау Өмірзақұлы жерленгені рас. Оның кесенесі тұрған жер –  Батыс Қазақстан облысы Қаратөбе ауданы Жусандой ауылы.

Батыр Тіленші Бөкенбайұлы жерленген жер

Тіленші батыр орыс патшалығының отарлау саясатына қарсы шығушы топтардың ішінде айқын көрініс табады. Сол сияқты батыр Сырым Датұлы бастаған көтеріліске белсене атсалысқан. Ол Жетірудің бас биі болып, 1773-1775 жылдары болған Е.Пугачев бастаған көтеріліс пен 1783-1797 жылдары болған С.Датұлының ұлт-азаттық қозғалыстың негізгі демеуші күші болған. XVIII ғасырдың екінші жартысында патша өкіметі Кіші жүздің жергілікті басқару жүйесіне өзгерту енгізіп, арнайы комиссия құрып, жерлерін бекітіп, оны бақылаушы әскердің санын өсіруіне орай, жергілікті тұрғындар оқтын-оқтын қарсылық білдіргенін жақсы білеміз. Осы орайда Барақ бастаған батыр екі мың қолмен, Тіленшінің мың жарым сарбазы 1785 жылы Сырымның қалың қолына қосылған екен. Сол кездегі тарихи деректерде С.Датұлының қолы шамамен үш мың болғанын көрсетеді, ал біз жоғарыда айтып кеткен екі батырдың үш жарым мың қолы қосылып, көтерілісшілер санын жеті мыңға бір-ақ жеткізеді. Қозғалыстың басты орталықтары ретінде табын, тама, байақты рулары болған екен. Мәселен, тағы бір тарихи деректе Смирнов отрядына «Ембі өзенінің бойында кете, шекті, байбақты, табын, шеркеш, таз рулары Сырым, Барақ, Тіленші секілді батырлардың қарамағына жиналып жатыр екен» деген ақпарат барғаны айтылады. 1784 жылы табын ауылын қырғынға ұшыратып, екі мыңдай жылқысын айдап әкеткен Назаровтың отрядына дәл осы Барақ пен Тіленші батыр бастаған қол қарсы тұрған. Қазақтың жоғын жоқтап, оның болашағына алаңдап, шыбын жанын шүберекке түйіп, ірі қозғалыстарда елі үшін аянбаған Тіленші батырдың денесі Батыс Қазақстан облысы қазіргі Шыңғырлау ауданындағы Белогор ауылына қойылған.

Саудабай би Көккөзұлы жерленген жер

Саудабай би өз дәуірінде аты көпке танымал белгілі тұлға болған. Ол ел басқару ісіне белсене араласып, саяси мәселелерді шешуге үлес қосқан, би-болыстығымен танылған. Ескі көз қариялар Алладан жауын сұрағанда малды Саудабай Көккөзұлының зиратына барып бауыздап, тоғай жағына шатыр тігіп, садақа береді екен. Жиылған жұрт тарамай жатып, аспан бұлтқа оранып, нөсерлетіп кететін көрінеді. Би ұрпақтары бүгінге дейін сол ауылды мекен етіп келеді. Тағы бір деректерде 1916 жылы патша қазақ жігіттерін майданның қара жұмысына алу жөнінде жарлығы шыққанда бес шақты болыстың жігіттері осы Саудабай би басына жиналыпты. Олар патша жарлығына қарсы шығып, қолға қару алып, күресетін болып шешеді, егер жанпида етсе, шәһитпыз деп ант берісіпті. Сол жерде-ақ, патша үкіметінен келген адамды ұрып жығып, қолындағы тізімін жыртып тастап, қарсылық білдірген. Би құлпытасында қару-жарақтың және діни заттардың белгісі бар. Қасбетіндегі жазуда «Алача руы Барамық тайфасы Тоқбас бөлімі Көккөз баласы Саудабай офат 77 йашында Йаздырды балалары Тілес, Бөлес, Қарубай,...рубай, Құрман, Тұрытай мырзалар. 1849» делінген, оны оқыған Қ.Құттымұратов. Саудабай би Көккөзұлының денесі Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданы Базаршопан ауылының оңтүстік-батыс шетіндегі көне және қазіргі мазаратта жатыр. Әлі күнге дейін бұл орынға зиярат етіп келушілер жетіп артылады.

Қазы би Сырымұлы жерленген жер

Сырым Датұлының ұлы Қазының жатқан жерін «Қазының қылы» деп те атайды жұрт. Ол 1770-72 жылдары дүниеге келіп, тоқсаннан асқан шағында өмірден өткен. Туған жері ретінде Жымпиты ауданы Сарыой ауылы айтылады. Қазы әкесінің жанында жүріп, талай ұрыстарға қатысып, өзінің ақылдылығымен, қайсарлығымен көзге түседі. 1802 жылы әкесі Хиуада жазатайым қайтыс болғанда, оның жасы 30-32-ке келіп қалыпты. Халқы Сырым Датұлы өмірден озғанына бір жыл толған соң, Қазыны атқа мінгізіп би етіп сайлаған. Ол туралы ел аузында көптеген аңыз-әңгімелер кездеседі. Бір күні Қазы төрелер отырған үйге кіріп келсе, төрде отырған бір кісі: «Амансың ба, Қазы би, шекесі жалтыр тазы би» деп келемеждеуге тырысыпты. Сонда Қазы еш тайсалмастан: «Аманшылық, төрелер! Ат жақсысы боз болар, құс жақсысы қаз болар, жер жақсысы саз болар, ер жақсысы таз болар, аталарың Нұралыны әкем Сырым шапқаннан, жүректе жүрген сыз болар» - деп жауап беріпті. Сөзден жеңілген төрелер, оған төрден орын береді. Қазы би Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Жеткөз ауылында жерленген.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға