Жаңалықтар

Алашыңның арыстарын ардақта

Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған арнау өлеңдер
Алашыңның арыстарын ардақта
29.05.2017 16:22 9047

1920-1930 жылдары Қазақстанда мәдениет, білім мен ғылым саласындағы, әдебиет пен өнердегі жетістіктермен қатар, келеңсіз құбылыстар да орын алады. Өйткені бұл кезең мәдениеттің тарихи тамырынан, әлемдік өркениеттің жетістіктерінен ажыраған жылдары болып табылды. Сонымен бірге бұл кезеңде зиялы қауым өкілдерінің саяси қуғынға түсіп, тоталитарлық жүйенің құрбанына айналған болатын. Бүгінде қазақ жұрты мамырдың соңғы күнінде талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күнін атап өтеді. Атаулы күн Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1997 жылдан бастау алады. El.kz редакциясы назарларыңызға ақындарымыздың осынау қайғылы жылдар жайлы және қуғын-сүргіннің құрбандарына арнап жазған арнау өлеңдерін ұсынады:

Ахмет Байтұрсыновқа арнау

 

Кеңестің айтқанына шын қырсығып,
Қазақтың ертеңіне шын күрсініп.
Қазақтың болашағын аңсап кеткен
Репрессияда құрбан болған Байтұрсынов.

Жазушы еді болмаған зиян ісі
Ұлты үшін төгілген жиған күші.
Ахметім ақиқаттың ақ кемесі,
Елін сүйген- елі сүйген зиялысы.

Ақиқатты ашық айтып,ту қып тіккен,
Шын патриот тәрбие алған ана сүттен.
Қазақ үшін ашық айтып жанын берген
Қарыздармыз қаны үшін қазақ біткен.

Жазушы еді,кей кездерде ақын еді,
Ерліктері ел есінде рахым ет.
О,Құдайым,қазағымның ұлына
Елі үшін жұмақты өмір нәсіп ет.

Жақтырмады советтік қызыл өкімет.
Марқұм аға ел-жұртына асыл ет.
Елі үшін жанын қиған-ұлы аға
Алтын адам – Байтұрсынов Ахмет.

Сенің арқаң азат болды кең дала,
Алып кеттің мойыныңа зор жала.
Төмендегі қазағыңды көтерген
Шыңға апарған,асқақтаған сен ғана.

Өкінішті,марқұм болдың жерлейтін,
Орны толмас,құдірет жоқ емдейтін.
Сен жалынсың ешқашанда сөнбейтін,
Мұра қалды артыңнан еш өлмейтін.

Жақсыбай Айбек Қайрақбайұлы

Құранның шындығындай дарынды адам

Зейінді, зердесінің ұясы бар,
Құдайдың өзі әкеліп құя салар.
Ғылымның жан білмейтін құпиясы,
Басына баянды етіп ұя салар.

Өлеңі бұғалыққа бағынбаған,
Толқындай бұйраланып ағындаған.
Ақыннан Жұмабайдай фатиха алды,
Құранның шындығындай дарынды адам.

Бақ қонды оннан жаңа асқанында,
Асарсың өнердің сан асқарында.
Жарқырап әлі бір күн тұрарсың сен,
Жұлдыз боп қазағымның аспанында

С.Бейсенұлы
 

Қайран аға – ғұламасы қазақтың

Ахаңнан да бейхабар боп отырмын,
Көкірек – от, көңіл – тұман, соқырмын.
Қайран аға – ғұламасы қазақтың,
Тамызығы өлең-жалын, отымның.

Ақ оралып, жүйрік озар күн келер,
Сіз бен бізді тірі болып кім көрер?!
Әттең сол күн сөйлер ме едің Ахмет,
Ар алдында адалдыққа күн берер.

Адамды сен табар едің, ғұламам,
Тура жолмен қайда жүрсең жүр аман.
Ей, тіршілік!
Ар мен Ахаң беттессін,
Басқа тілек кетсем де өліп сұраман.

Файзолла Сатыбалдыұлы

 

Карлаг жайлы

Карлаг жайлы оқып біраз мәлімет,
Өлең жазу дарыған бір қабілет.
Жаратқаным, жазар жырды жатсынба,
Еліміздің болашағын жарық ет!

Карлаг жайын талдап дәйім ойлап ем,
Мың қыжылдан шомып кеттім ойға мен.
Өзегіме өрт тигендей ашындым,
Көмейімнен құйылғандай бойға өлең!

Өткенге де,келерге де тағылым,
Қара өлеңнің қамын жедім,қажылым.
Карлагтағы шарлап кеткен далаңды,
Көк бөрінің көзіндегі назымын.

Нәубет жылдың жазылмаған жарасы,
Атылмады қай қазақтың данасы?
Өлеңменен шәйттерді жоқтаған,
Мен қазақтың қамын ойлар баласы!

Азап кешіп, тозақ көрген ұлдары,
Қаза тапқан қайсар,рухты қыздары.
Мұздың бетін тіліп кеткен тікендей,
Ұмытылмас, лагерь-лаңкес жылдары.

Сүт бетіне шыққан халық қаймағы,
″Халық жауын″мазақ етіп байлады.
Орыстардың орашолақ бітпейтін,
Ойынына айналғандай қайдағы.

Қасіретті киелімнің үні еді,
Еңіреткен ерлерімнің жұрегін.
Қанмен атам,жаспен анам суарған,
Бостандығым боз даланың тірегі.

Адам қанын құйғандай боп каскаға,
Адамзаттың арын сатты ақшаға.
Төзе жүріп, темір қолдар тәубе етті,
Жанын тіліп жалған жылда жатса да.

Егер берсе бірер сәтке майдан дем,
Арылар ек қайдағы жоқ қайғы әннен.
Шанағыңды үзіп жатса қайтесің,
Шымырлатып жүрегіңді айғаймен.

Бетпақ жеңіп,бақытыңды әкетер,
Көңіліңді өкінішпен жас етер.
Белін буып,білегін де сыбанса,
Біздің қазақ бәрін елге паш етер.

Алашыңның арыстарын ардақта,
Қыздарыңды езгіге сап қорлатпа.
Саясатқа табынғанда солақай,
Жүрегіңді көндіре біл оң жаққа.

Сол заманнан қастықты да үйренер,
Қара халық қайғырғандай күйге енер.
Ойландырған күңірентіп ойымды,
Қабырғам да,қайғы-көңіл күйзелер.

Таным болған,тәлім болған тарихы,
Тұтқындардың тұрақты бұл саммиті.
Сараланбас сан тарихтың бөлшегі,
Талқыланбас тағдырыңның тарифі.

Бұл қасірет көз алдымнан кетпейді,
Жазған қолым шаршамайды, төк, мейлі.
Шырайыңнан шықпаса егер шындық-жыр,
Жүрегіңнен жүрекке де детпейді.
Санамыздын жауапсыздықты өшіріп,
Жүрейікші мәртебемді өсіріп.
Жыр жазамын, Карлаг жайын қозғап бір,
Жүрегімнен ақ қағазға көшіріп.


Найзабаев Ақжол

Есте қалсын! Болсын тарих сабағы!

Озбырлықтың бәрі болды, жамандығы қалмады,
Тоталитар жүйесін іске асыру арманы...
Миллиондар сорлады жалған, жала айыппен,
Франциямен тең келді лагерінің аумағы.

Ұлтымыздың бетке ұстар зиялысын қамады,
Дүркіретіп Карлагы кең даламды таптады.
“Жойсын” деген нұсқауға қолын қойған “ жалтақтар”
Әйелдерін күн ұылып, Алжирге әкеп жабады.

“58-бап” болды әлі күшінде,
“қара көлеңке” әр пақырдың түсінде.
“Әкесіздік ауруы” пайда болды біртіндеп,
“некесіз бала” туылды сұсты карлаг ішінде.

“Тамұқ” деген қасіретке ие болды Сарыарқа,
Кейбіреуге керегі кресло мен тақ қана.
Балалары шетінеп шетінен кетіп жатса да,
Көз алдында Сталин, айналасы қап-қара.

“Мамочкин домымен” лагерлері жалғасты,
“Кіп-кішкентай тағдырға” озбырлық қолы жармасты.
Қатарлары тез сиреп, біртін-біртін кеткен соң,
Өткен әрбір адамға “құтқаршы” деп жар салды.

Аналарға мал баққызды, кеш батқанша далада,
Қара беттік не деген, сыймайтын ой – санаға.
Атып қана тастады екі – үш малы жоғалса,
Құны төмен болғандай маңыраған малдан да.

Карлаг деген – қасіретті заманның,
Тағдырымен арпалысы адамның.
“Антропологиялық дағдарыстың ” залалы,
Есте қалсын! Болсын тарих сабағы!


Даукен Қайсар
 

Ар алдында


Алдыңда тұрмын,
Кінәлап қайтем өзгені?
Ақ жүрек Арым,
Ашынған жаның төзбеді,
Жаралы Жердің,
Қаралы Жердің қайғысын
Батпандап алып, тартқанда Тарих безбені.

Жүрдім бе өткен күндерім үшін арланбай,
Келдім бе, әлде болашағыма қамданбай?
Азынап өткен азалы Заманалардың
Азабын тарттым,
Жаһанда жалғыз қалғандай!

Бозқасқа шалып боз таңда,
Оймен не түрлі
Бозарып тұрдым батысқа бұрып бетімді.
Оқ атып Машук түбінде мұңмен мұнартқан,
Қараойда қанжар сермеген өзім секілді.

Көкөзек қайта толғандай дүрмек, дүбірге,
Қособа көзден жоғалды сүңгіп іңірге.
Бұғау мен кісен қоңырау соғып алдымнан,
Жолымды менің бастады қайта Сібірге.

Сұп-суық, сұр бұлт төсінен тамшы тамбастан,
Сұрланып тұрды шерменде болған шерлі аспан.
Көгермес, білем, көз жасын жұтып КарЛагтың
Сарғылтым Дала сан тұяқ қанды мөр басқан!

Тұр, әне, Тайга мұңыма кірпік қақпаған,
Колыма жатыр қайғыдан теріс ақпаған.
Омырауынан сүт саулап өткен АЛЖИР мен
Бухенвальт үшін
Алдыңда қалай ақталам?!

Отқа да түстім,
Өртенген шақта өзегім
Суға да түстім.
Қайтемін енді?
Төземін!
Хиросимада лаулаған Тарих бетінің
Жарығыменен…
Жаһанды қайта кеземін!

Оспадар қоғам осқылап қанды сауырын,
Арқырап зулап келеді тарпаң Дәуірім.
Азамат болсаң,
Адамзат үшін жауап бер!..
Ар-ұжданыңның алдында 
Сен де, бауырым.


Арман Қани 
 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға