Жаңалықтар

«Байқоңыр» туралы білуге тиіс 5 факт

Ресей жыл сайын 115 млн $ төлейді
«Байқоңыр» туралы білуге тиіс 5 факт
16.10.2017 09:45 6495

Өткен ғасырдың 50 шы жылдары Кеңес Одағында құрлық аралық баллистикалық ракетаға қажеттілік туындап, оны жасап шығару жұмысы тұрды. Ал зымыранның ұшу қашықтығы сегіз мың шақырымға жететіндігі, Одақты жаңа кедергілерге тап қылды. Осылайша, Азия мен шығыс бөлікке дейін жететін арақашықтықта жаңа жол жабдықтап, міндетті түрде полигон ашу керек болды. Міне, осыдан елдегі ыңғайлы аудандар аталып, оның ішіне біздің республикадан бөлек, Қалмықия мен Дағыстан да кірді. Алғашында Қарағанды облысына қарасты Байқоңыр аталатын кентті полигон ету көзделген, бірақ ғарыш айлағына лайықталған орын бірнеше мың шақырым жердегі Арал маңынан бір-ақ шықты.

«Байқоңыр» ғарыш кешені туралы алғаш 1955 жылы айтылды. КСРО-ның министрлер кеңесі, кейіннен «Байқоңыр ғарыш айлағы» деген атпен танымал болған №5 Ғылыми зерттеу полигонын салу керек деп шешті. Орталық ретінде 40 мың халқы бар, қазіргі Байқоңыр қаласы бекітілді. Яғни, ғарыш айлағының астанасы деген атқа ие болды. Қаланың атауы тек 1996 жылы ғана өзгертіліп, Ленинск атауынан арылды.

Еліміз егемендікке қол жеткізген соң, ғарыш айлағы біздің иелігімізде қалды. Дегенмен, 1993 жылы  Байқоңыр Ресейге 20 жылға жалға беріліп, 1995 жылы тіптен сол елдің құрамына өтіп кетті. Осылайша, федералдық маңызға ие қала болып саналды. 2004 жылы РФ Президенті В.Путин Байқоңырдың жалға алу мерзімін ұзарту туралы сөз қозғады. Екі ел арасында жаңа келісім орнап, Ресей Байқоңырды 2050 жылға дейін жалға алды. Ал 1994 жылы көрсетілгендей жалға беру ақысы жыл сайын $ 115 милн. құрады. Ресей әр жылы космодром обьектілеріне ондаған млн, қала тұрғындарының жақсы өмір сүруін қамтамасыз ету мақсатында 30-40 млн қаржы құяды. Қазақстаннан 17 млн. долларға электроэнергияны сатып алып, теміржол, автожол шығындарын өтеп, кеден үшін салық төлейді.

1961 жылдың 12-сәуірінде ғарыш айлағынан бірінші рет «Восток-1» зымыраны ұшырылып, ол ғарышта 1 сағат 48 минут болған екен. Оның ұшу жылдамдығы 28 мың км/сағ-ты құраған. Бұл жылдамдықты жерде елестете де алмайсыз. Жалпы, «Байқоңыр» ғарыш айлағынан қазақстандық және шетелдік 130-дан аса ғарышкер ғарышқа аттанған. Жарты ғасырдың ішінде мың жарым ғарыштық аппараттар мен жүзден аса континетаралық баллистикалық зымыран ұшырылған. Жалпы 40-қа жуық зымыранның түрі, 80-нен аса ғарыштық аппараттың түрі сынақтан өтіпті.

«Байқоңыр» ғарыш айлағында бүгінге дейін 40-қа жуық апаттар болған. Бірақ, нақты ақпарат кездеспейді. 1996 жылы 14 тамызда «Союз» зымыран тасығышы құлады, осы апаттың ізін ала 1997 жылдың 20 мамырында «Зенит» зымыран тасығышы діттеген жеріне жетпей, апатқа ұшырады. 1999 жылы да екі рет «Протон» зымыран тасығышы құлап, табиғатқа орасан залал әкелді. 2007 жылы Жезқазған қаласынан 40 км жерде «Байқоңырдан» ұшырылған ғарыш кемесі құлап, бір тонна гептил (өте улы сұйықтық) төгілген еді. 2013 жылы адами фактордың кесірінен «Пратон-М» ғарыш кемесі көкке көтерілгеніне 17 секунд өтпей жатып, жарылып кетті. Апат салдарынан 600 тонна гептил төгіліп, бірнеше гектар жер бүлініп, жарамсыз болып қалды. «Байқоңыр» ғарыш айлағынан еліміздің аумағына жыл сайын шамамен 30-35 мың тонна улы заттар таралады. Ракеталардан түскен заттар әсіресе Қарағанды, Павлодар мен Шығыс Қазақстан облыстарын улап келеді. Мәселен, Шет ауданына тисілі жер түгелімен гептилмен ластанған, Ұлытау ауданының 74%-ына, Жаңарқа мен Ақтоғай аудандарының 37%-ына зиянды сұйықтық төгілген. Қазақстандағы осы секілді 47 аймақтан зымыранның қалдықтарын табасыз.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға