Жаңалықтар

Нұрқанат Жақыпбай: «Қобыланды» спектаклін қоямын деп армандаған жоқпын

Ақыл айтумен емес, еңбекпен, әуенмен, классикамен өнер көрсететін ұйым...
Нұрқанат Жақыпбай: «Қобыланды» спектаклін қоямын деп  армандаған жоқпын
12.04.2019 17:02 7766

Жақсы режиссер – театрдың бағы. Кино мен театр әлемін өмірдің шындық оқиғаларын көркем сипаттап, ондағы қайшылықтарды талас-тартысқа негіздеп ұштастыратын режиссерсіз елестету мүмкін емес. Осы орайда, Астана–Жастар театрының көркемдік жетекшісі, театр және кино актеры, есімі көпке таныс режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры, Республикалық білім беру ісінің үздігі – Нұрқанат Жақыпбаймен сұхбаттасқан едік.

 

– Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры қандай қойылымдар әзірлеу үстінде?

– Қазір Мұхтар Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыланды» дастан-драмасы желісі бойынша қойылым дайындап жатырмыз. Театр басшылары: «Театр Мұхтар Әуезовтің атында болғандықтан, өзіміздің бұрынғы қойылған «Қобыланды» спектаклімізді қайтадан өңдеп, заманауи тілмен сөйлетіп берсеңіз» деп қолқа салды. Біраз ойланыңқырап келісімімді бердім. Сол спектаклді жақында қою процесі жүріп жатыр. Спектакльдің премьерасы, Алла қаласа, осы жылдың 13-14 сәуір  күндері халықтың алдында көрсетілмек.   

– «Қобыланды» спектаклі бұған дейін 2 рет қойылған. Сол нұсқалармен таныссыз ба? Сіз спектакль арқылы не айтқыңыз келеді?

– Спектакльдің ешқандай бір аспаннан түскендей бір жаңалық алып келеді деп айта алмайиын. Ең алғаш Мұхтар Әуезов атындағы театрда 1946 жылы 6 сәуір күні Я.С.Штейн мен Қазақ ССР-ның халық артисі Қапан Бадыровтың режиссерлігімен қойылса, арада жиырма жылдан астам уақыт өткеннен кейін, 1967 жылдың көктемінде Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетов «Қобыландыны» қайта сахналағанын жақсы білемін.

Сол кезде жаңадан Өнер институтының Театр факультетіне студент болып қабылданған болатынмын. Ол кезде қазақтың ең ұлы актерлары мен актрисалары «Қарақыпшақ Қобыланды» спектаклінде ойнап жатты. Сол кезде массовкаға қатысқан болатынмын. Үзік-үзіктері есімде қалған екен. Одан бері 53 жыл өтті. Ол жылдары Қобыланды рөлінде Ыдырыс Ноғайбаев, Әнуар Молдабеков деген қазақтың талантты ұлы актерлары ойнады. Төлеген рөлін Серке Қожамқұлов сомдады. Асанәлі Әшімов, Райымбек Сейітметов те қатысқан. Ал Құртқа мен Қарлығаны КСРО Халық әртісі, актриса Хадиша Бөкеева және Фариза Шәріпова екеуі бейнелеп, үлкен әсер қалдырған. Бұл спектакль мені өте тәнті еткен. Ол кезде абитурент болсақ та, өнерпаз ретінде емес, көрермен ретінде қабылдадық. Сондай ерекше, керемет спектакль екенін кейін, дәл қазір бағамдағандаймын. Спектакльді қойған Әзірбайжан Мәдиұлы – менің ұстазым, ол кісіден режиссерлықты бітіргенмін. Әрине, жауапкершілік алғаннан кейін жүрексінесің, тебіренесің. Театр басшыларына бұл ұлы спектакль, ұлы режиссерлар қойған дүниесі екенін айтып, алғашқыда бұл ұсынысымен келіспеген болатынмын. Олардан асып түсе аламын деп ойламаймын. «Ойлана келе, Асанәлі Әшімов: «Қазақ театрында қазақ спектакльдері жүру керек. Театр саласында жүрген режиссерсың ғой осы «Қарақыпшақ Қобыланды» спектаклін қойып бер» дегеннен кейін үлкен ақсақалдың сөзін жерге қалдырмадым. Театрдың жаңа басшысы Сәбит Әбдіқалықов: «..Аға, қызметке жаңадан келіп жатырмын, осы қойылымды қойып беруіңізді өтінемін» деді. Келістім. Дәл қазір «Қарақыпшақ Қобыланды» қойылымы дайындығының аяқталу сәтіне келдік. Көп ұзамай халықтың алдында өз өнерімізді көрсететін боламыз. Тура сол спектакльді қайталадым, тура сол спектакльді қоямыз деп айта алмаймын.

Басты кейіпкер – Қобыланды рөлін Ғалымбек Оспанов және Шерхан Пірназаров сомдайды. Режиссері Аридаш Оспанбаева. Балетмейстері – Гузел Мұхамеджанова. Қоюшы-режиссер ретінде «Қарақыпшақ Қобыланды» спектаклін қоямын деп армандаған жоқпын.

Жаңа қойылымды заманауи ХХІ ғасырдың қазіргі жастарына арналған қойылым деп есептеймін. Ешқандай бір мәтінін өзгертпей, артық сөзқоспай, ұлы Мұхтар Әуезов қалай жазды, тура солай беруге тырыстық. Бірақ режиссерлық бағытты сәл-пәл қазіргі заманға икемдедік. Әуендерінің бәрін Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының талантты жастары орындайды. Оларға бағыт-бағдар беріп жұмыс істеу жақсы болды. Театрдың қоюшы-суретшісі – Мұрат Сапаров. Ол түсінікті тілмен көркем декорация жасады. Сондай-ақ, Әсел деген жас композиторымыз әсем саз, сұлу әуен жазып шықты. Оны тілмен айтып жеткізу оңай емес. Оны көру керек!

Бұрын театр композиторы деген бөлек қызмет болатын. Әр саланың композиторлары әр спектакльге музыка жазатын. Мәселен, Ғазиза Ахметқызы Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев, Мәкәлім Қойшыбаев, Нұрғиса Тілендиев, Әсет Бейсеуов, Әбілақат Еспаев. Қазір оның бәрі қалды ғой. Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік Академиялық балалар мен жасөспірімдер театрында қызметте жүргенімде Кеңес Дүйсекеев, Сейдолла Бәйтереков сияқты композиторлармен бірге жұмыс істедік. Қазір музыка жазу тоқтап қалған. Мүмкін қаражатқа да байланысты шығар.

 

– «Қобыланды» спектаклі дайындалуда... ұйымыңыз және режиссер ретінде қандай қиыншылықтарға кез болдыңыз? Оларды еңсеру үшін қандай амалдар қолданасыз?

– Әрине, қиындықтар болады. Мысалы, Мұхтар Әуезовтің тілі – өте күрделі тіл. «Қарақыпшақ Қобыланды» дастанды ол өзінің Әуезовке тән стилмен жазған. Алғашқыда ол жағынан қиналғанымыз рас. Ал қазір меңгерді. Қазіргі заманғы жастарға жеткізу үшін әртүрлі форма іздейсің. Әуезовке тән тілдің шырқын бұзбайыншы деп түсінікті әрі көп қимылды әрекетке көшесің. Әуеннің мелодикасын жоғалтпайықшы деп сауатты суретші, кәсіби композитормен бірігіп жұмыс істейсің. Әуезовтің тілін жоғалпайықшы деген тәсіліміз деп есептеймін. Басында күрделі болғанмен қазір күнделікті дағдыға айнала түсті. 

Әзірбайжан Мәмбетовтің кезіндегі бұл қойылым ең оңай спектакль болған екен. Қазақ театр өнерін бүкіл әлемге әйгілі еткен әрі ұлы режиссер – Әзірбайжан Мәмбетов. Әрине, режиссердің қолынан шыққан рөлдер оған оңай боп көрінеді. Ұлы актерлардан кейін У. Сұлтанғазин, А. Боранбаев, Ә. Кенжеев, Қ. Тастанбековойнады. Бәрі өмірден өтті.

Кейінгілерден менің қатарластарым ойнаған. Қазір жаңа толқын, жас буын ең жас мамандар ойнап жатыр. Әрине, оларға Әуезовтің мектебінен өту – үлкен мектеп екені даусыз. Егер . Онда ұлы Абайдың тілі жатыр деп есептеймін. Өнер болған соң қиындық болады, болу да керек. Өнер қиындықтан туады. Өнер қиындықты жеңуден туады.

– Жас драматургтердің шығармашылығымен таныссыз ба? Олардың қатарында көзге түсіп жүрген кімдер бар?

– Қазіргі уақытта жас драматургтер қаптап шығып кетті деп айта алмаймын. Астана–Жастар театрында жастармен тығыз жұмыс істеймін. Жас драматургтер болмағандықтан, бүгінгі заманауи тілмен сөйлемегендіктен, бүгінгі проблемаларды айта алмағандықтан, жарияламағандықтан, бұрынғы классикаларға оралып жастарға қайталап ұсынамын. Әрине, жақсы драматургия шығып жатыр. Қаншама конкурстар, оның ішінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі жариялап та жатыр. Жыл сайын Тұңғыш Президент қоры жариялап жатыр. Солардың жазғандарын оқимын. Соншалықты керемет пьеса келді деп айта алмаймын. Бүгінгі тілмен сөйлеп тұрған, өте үлкен проблемаларды айтып тұрған жастарды елең еткізе түсетін шығарманы дәл осы уақытқа дейін кездестірген жоқпын. Кездесетін шығар деп, бәрін жібермей оқуға тырасыамын. Жастардың жазған сол шығармалары бұрынғы шығармалары, бұрынғы конкурстарға қатысқан дүниелер, ескі проблемалар, тірліктер...Жалған, нанымсыз, қажетсіз. Қазіргі жастарды сендіру өте қиын. Қазіргі жастар компьютермен бірге өскен жастар. Ғаламтор арқылы әлемнен хабардар болып отырады. Ал оларды таңқалдыру өте қиын. Сондықтан, пьеса жазу да өте қиын іс. Тәуелсіздік алған кезде туған балалар қазір 27, 28, 29 жасқа келді, мінекей. Сол жастар отыз жастан асқан шағында жақсы пьесалар жазады деген үміттемін. Сол жастарды күтудеміз. Драматургия жөнінен мәселелер жетіп жатыр. Бұрынғы жазылған драматургия дәл қазіргі жастарға соншалықты үйлесе қояды деп айта алмаймын. Тек қана «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» бар. Мәселен, «Қыз Жібек» мюзиклін жасап жастарға ұсындым. Балалар төл классикамызды ұмытпасын деген оймен Астана–Жастар театрында «Айман-Шолпанды» дайындап ұсынып жатырмыз.

Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театры «Рухани жаңғыру» мақаласы бойынша бабаларымыздың елді қалай қорғағанын, ғашықтарымыздың қалай ғашық болғанын, қалай өркендегенін, ұлан-байтақ жерімізді қалай сақтап қалғанын білдіру үшін арнайы қойылып жатыр. Бұл – барлығымыздың мақсат етіп қойған дүниеміз. Әр театр осылай жұмыс істейді деп ойлаймын.

 

– Білуімше Астана–Жастар театрының құрылғанына он жылдан асыпты. Онда қызметте болуыңызға не түрткі болды?

– Маған ұнады. Өмірім солай құрылған. Актер болып Ғ.Мүсірепов театрында жұмыс істедім. Жұмыс істеп жүріп оқып, режиссураны бітірдім. Ресейде де оқыдым. Шетелдік театрларды көресің... Елімізде «Современник» театры, Таганкадағы театр, Ефремов театры және танымал Захаров секілді режиссерлар болса екен, «шіркін-ай», деп армандайтынмын. Жас кезімде оларға тәнті болдым. Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында әлі күнге дейін жұмыс істеймін. Театрда эксприменттік жұмыстарды жаным сүйетін. Сол кезде спектаклім біреуге ұнаса, біреуге ұнамай жүрді. Жастар театрында да соншалықты бірден қатты ұнай қойған жоқ. Дегенменде, шын ниетіммен Жастар театрында күні-түні жұмыс істедік. Нәтижесінде, он жылдың ішінде ең жоғарғы театр деңгейіне шығардым. Біздің Жастар театры ұжымы Қазақстан театрлары ішіндегі ең алдыңғы қатарда.

Бұл күнде Астана–Жастар театрының көркемдік жетекшісімін. Театрдың қалай құрылғанына келер болсақ, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың қолдауымен ашылған. Ол кісі «маған сіз шәкірттеріңізбен келіп ашыңыз» деген болатын. Содан шәкірттерімді жинадым. Бастапқыда 12 адам болатынбыз, қазір олардың саны қырықтан асады. Театрымызда негізінен жастар қызмет істейді. 

Әлем бойынша бармаған фестиваліміз жоқ, өте танымалмыз деп айта аламын. Жыл сайын екі-үш мемлекетке фестивальге, гастрольге арнайы шақырады. Бұл – нәтижелі еңбектің арқасы. Біздің театрда өнерді басқаша бір қырынан көрсетіп, қазіргі жастарға ұнайтын, олардың талғамына сай өнер көрсетіп жүрген театрлардың бірі әрі бірегейі деп айтуға болады. Кореяда «Азия мюзиклдерінің Меккесі» теңеуіне ие болған фестивальда іс-шара өтеді. Онда жыл сайын әлемнің 40-50 мемлекеті театр мюзикл фестиваліне қатысады. Біз олардың тұрақты қатысушымыз. Олар бізден айырылмайды. Жыл сайын сонда мюзикл апарамыз. Қазір рейтинг бойынша Орта Азия мемлекеттерінің ішінде Англиядан кейін екінші орында Жастар театры тұр. Бұл – өте жақсы нәтиже. Қазақ өнерінің ілгері жылжығанын білдіреді. Біз көп сөзге емес, көп әрекетке көшеміз. Сахнада ақыл айтумен емес, еңбекпен, әуенмен, классикамен өнер көрсетеміз.

– Классикалық шығарманы бүгінгі заманға лайықтау үшін не қажет деп ойлайсыз?

– Оған ештеңе қажет емес. Автордың мәтінін ешқандай бұрмалаудың қажеті жоқ. Ең талғамды актер керек. Актер – әуен, қимыл-қозғалыс және классикалық жағынан әлемдік деңгейдегі актерларға сай болу керек. Оған дайындық өте күшті болу керек. Ол цирк, опера, балет өнерін де меңгеруі тиіс. Онда шаршамайтын, шалдықпайтын, қарны қампиған болмау керек. Сондай өнерпаз қыз бен жігіт сахнада тұрса, бүгінгі көрермен соны жақсы қабылдайды. Өте талантты әрі музыка, сурет, тіл өнерін меңгерген болуы болса игі. Осындай актерлармен ешқандай автордың мәтінін бұзбай-ақ заманауи спектакль шығаруға болады.

 

– Астана–Жастар театры актерларды қаншалықты дайындайды? Қандай критерий бойынша таңдалады?

– Мәселен, абитуриент кезінен қабылдаймын. Төрт жыл оқиды. Ол академияны бітіріп шыққанда актер шеберлігімен қоса кәсіби әуен, кәсіби классика мен кәсіби циркті де меңгеріп шығады. Ол әртүрлі аспапта ойнай алады. Ол шаршамайтын актер болады. Күні-түні уақытпен санаспайтын актер қылып шығарамын. Мен аудиторияға алғашқы күннен келгеннен бастап қараймын. Сол аудиториядан төрт жыл бойына шықпайды. Галстук тағып, ақ көйлекпен академияның коридорында тұрмайды. Төрт жыл өткеннен кейін сыртқа шығарамын. Ол костюм киіп тұруды, сәнденіп тұруды да ұмытады. Еңбекке ғана үйренеді. Тер төгіп, адал еңбекке араласады. Және сыртқы тұлғалық тұрғысынан семірмейді, қарны шықпайды, аяғы қисаймайды. Сонда ғана көрермендер үшін сүйкімді актер болады.

Қазіргі таңда ұшақ бар, технология дамыған. Ақшасы болса шетелге барып Голивудтан немесе Бродвейден бүкіл әлемдік деңгейдегі спектакльді көріп келе алады. Сосын елге оралғаннан кейін «Неліктен біздің елімізде осындай актер жоқ, неге менің мемлекетімде осылай қойылмайды» деп армандайды. Сол себептен, олардың талғамынан шығуымыз керек. Сол үшін мен тер төгуім керек. Кәсіби актер, кәсіби режиссер болу керек. Әр жерден көрген-білгендерін алып қолданатын режиссер емес, өз миынан шығаратын режиссер болу керек. Режиссер кез-келген драматургиялық шығармадан спектакльдің жаңа формаларын, жан қозғалыстарын, жаңа қимыл-қозғалыс, жаңа бір ұжымдар ойлап табуы керек.

– Жаңашылдыққа толы қандай «тосын сый» әзірлеп жатырсыздар?

– Неге «тосын сый»? Мәселен, менің театрымда қырыққа жуық актерге екі хормейстер, екі балетмейстер бар.  Таңғы сегізден түнгі он бір-он екіге дейін жұмыс істейді. Міне, бұл үрдіс біздің әдетке айналған. Мүмкін бұл біреуге жаңалық болып есептелер. Алғашқыда бізге де жаңалық болған, қазір жаңалық емес. Күні-түні жұмыс істеу, қонып қалып ары қарай жұмысын істей беретін кездер де болады. Бірақ соның ақырғы жақсы нәтижесін көреді. Содан ләззәт алады. Елдің мақтанышына ие болады. Ғаламторда да жақсы пікірлерге ие болады. Қаншама адамның алғысын аласың. Қаншама жас-кәрі бізге келіп көзіндегі жасын мөлтілдетіп жатады. «Мен түңіліп өмір сүрудемін» деп қаншама түңілген адамдар келеді. «Сіздер мына спектакліңіз арқылы мені өмірге кері қайтардыңыз, үміт отын жақтыңыз» деп жатқандары қаншама. Бұдан артық алғыс жоқ қой. Солай емес пе?

Жастардың футбол клубтарына таласқаны сияқты қазіргі жастарымыз біздің театрымызға да таласады. Қазір гастрольге баруда қиналмаймыз. Көрермендеріміз бүкіл республика жастары, әр облыстан жанкүйерлеріміз бар. Олар бізді оқып, біліп отырады. Олар сол өңірлерде жарнаманы өздері жүргізеді. Біз осыған қолымыз жетті. Әр театр осылай жұмыс істесе жастардың сүйіктісіне айналады деп есептеймін.

 

– Театрда да, кинода да ойнадыңыз. Қай роль өзіңізге жақын? «Жерұйық» фильмінде НКВД бастығы ретінде ойнадыңыз. Өзіңіз таңдадыңыз ба?

– Жоқ, өзім таңдаған жоқпын. Мені таңдады. Менің мына түрім кішкене ондайға келе бермейді ғой. Көп киноға түсе бермеймін, қолым да тие бермейді оған баруға. Болат Әбілманов деген актер бар. Сол фильмде партнерім болды. «Жерұйық» фильміндегі Жылқыбай деген рөлге режиссер Сләмбек Тәуекел адам іздеп жүрсе керек. Сол кезде Болат: «Нұрқанат Жақыпбай осы рөлді қатырады» деген көрінеді. Сонда режиссер Тәуекел: «Өй, ол Ален Делон сияқты көрікті ғой, бұл рөлге ол келмейді. Бұл рөлге «хайуан» керек» депті. Cонда Болат: «Ол ойнағанда хайуаннан да асырып жібереді», депті. Кейін кастингке шақырды. Барғым да келмеді. Бірақ өтіп кеттім. Жылқыбайда қарама-қайшылығы көп адамға тән рөл екен. Жылқыбайды, орысша айтқанда «оправдывать» еттім, яғни кез-келген адам өзін жаман адам ретінде есептемейді ғой. Ол кейіпкер заманның тәлкегіне түсті. Бір кезде шалыс басты. Өз баласын өзі ұстап беріп, өзі жылайды. Ол жерін режиссермен келісіп, үнсіз жасайыншы деп сомдаған жерлерім де бар. Рөл өзіме ұнады. Кейін елдің жақсы алғысын алдым. Саясат жөніндегі фильм. Дегенмен де қарама-қайшылығы көп әрі дұрыс рөл болды деп ойлаймын. Сүйіп ойнадым.

Сондай-ақ, Ғ.Мүсірепов театрында бас режиссер болып қызмет істеп жүрген кезімде Ілияс Жансүгіровтың шығармасы бойынша «Исатай-Махамбет» пьесасы желісімен Жәңгір ханның да бейнесін сомдадым. Оны да жақсы қырынан көрсетуге тырыстым. Текстің ішінде ондай жоқ болса да жақсы актер кез-келген рөлді ақтап шығара алады, бұруға болады. Бұл да бір жақсы спектакль болған еді. «Мосфильм» киностудиясында чукча халқының классик жазушысы Ю.С.Рытхэудің шығармашылығы бойынша Чукоткада түсірілген «Когда уходят киты» фильмінде Армольдің рөлін сомдадым. Актерлық жұмыстарым осылай. Театр басқарып отырғаннан кейін көп қол тие бермейді. Осылай анда-санда жылт еткенде киноға түсіп қоятын жайымыз бар.

– Актерлықтан режиссураға ауысу себебін айтып өтсеңіз.

– Режиссер боламын деп армандағаным да жоқ. Ғ. Мүсірепов театрында алдыңғы қатарлы жақсы актер болып жүрген кезім. Ол жылдары Досхан Жолжақсынов, Ғазиза Әбдиева, Лидия Каденова төртеуміз жап-жас болып келген кезіміз, бірге оқыдық.

Өмірде әртүрлі жағдай болады. Театрда бас режиссерімізбен арамызда реніш болды. Қатты ренжідім. Театрдан кетсем бе екен деп жаным құлазып сыртта тұрған едім. Сол кезде бір машина тоқтай қалды жаныма. Ол театрымыздың бас директоры Гүлжахан Жанысбаева еді. Өте парасатты адам. Мән-жайды сұрады. Өз машинасына мінгізіп, сол жылдары ашылған Алматы мемлекетті театр және көркемсурет институтына алып келді. «Қазір көресің, сен режиссер боласың» деді маған. Аң-таңмын. Режиссураны армандаған жоқпын, болмаймын деп жауап қаттым. «Боласың» деп келіспегеніммен қоймай, бір есікті ашып кіргізіп жіберді. Қарасам, Әзірбайжан Мәмбетов отыр. Сол кісі курс қабылдап жатыр екен. Мен оны білгем жоқ. «Әзірбайжан Мәдиұлы, сізге актер алып келдім, режиссер болады бұл кісі» деді Г. Жанысбаева. Әзірбайжан аға мені қабылдамайтынын айтып, неліктен қабылданбайтынымды сұрап, жауап қатып, біраз қасарысып, «Оқимын!» деп тұрып алдым. Ақыры түстім сол режиссерлық бөлімге. Міне, осылай режиссерлық оқуды бітіріп шықтым. Қазір режиссермін.

– Классикалық шығармалардың ізімен отандық кинолар түсірілуде. Кино көресіз бе? Сол кинолардың қайсысы сәтті шықты деп ойлайсыз?

– Бұрын «Қазақфильм» кино түсірсе қалдырмай көруге тырысатын едік. Қазір кім көрінген түсіріп жатыр. Теледидарда қаптап кеткен фильм, сериалдар. Киноактерлар да көбейіп кетті, жылт етіп жарасып тұрған рөлі де жоқ. Әйтеуір түссе болды. Масштабта болмағаннан және пленкаға түспегеннен кейін мен оны кино деп есептей алмаймын. Сериялдар жаттанды, бір күннің ішінде бірнеше сериясын беретін кино, кино ма? Ол кино емес деп есептеймін. Киноға түсуге мен шақырады, бармаймын. Мысалы, «Қыз Жібек», «Отырардың күйреуі», «Сұржекей» фильмдері ұнайды. Актерлары, қойылымдары ерекше.

Ал қазіргі кинолардың ішінде маған өзгеше бір режиссуралық қырымен танылып жүрген Рүстем Әбдірәштің «Қазақ хандығы» фильмі ұнады. Кейбір фильмдер шетелге еліктеп, тартыңқырап түсіріп жатады. Қазақ мәдениеті тыс қалып жатады. Тарихқа қарасақ, кең байтақ жерімізді сақтап, аманаттап қалдырған жалпы ата-бабаларымыз сақтар, ғұндар, сарматтар т.б. мықты болған. Мұның бәрі қазақтың ұлы кемеңгерлігінде болып тұр ғой. Осының қадірін білуіміз қажет.

 

– Көрермен және оқырман қауымға қандай қойылымдарды тамашалуға кеңес берер едіңіз?

– Кез-келген адам театрға баруы керек. «Анаған-мынаған бар» деп айта алмаймын. Әркімнің талғамы әр түрлі. Кейбір көрермен театрға шатасып та барады, бірақ сол жерден өзіне керегін табады. Адам театрдан дәл өзіне керегін тауып алады. Оған менің көзім әбден жеткен. Одан кейін сол театрдың ең сүйікті көрерменіне айналатын болады.

– Балаларыңызды немесе немерелеріңізді өнерге қаншалықты баулып келесіз?

– Кенже ұлым қояр да қоймай өнер саласына барды. Бірақ мен қаламап едім. Өзімнің басымнан өткеннен кейін айтамын. Бұл өнер деген – өте киелі, өте қиын. Бұдан жылт етіп көрінбесең, оған барудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Сол жағынан қорқасың. Ұлым колледжін, академиясын бітірді. Қазір өзімнің қасымда жұмыс істейді. Әсіресе, өз балаңның қасыңда жұмыс істеу өте қиын нәрсе. Дегенімді істеп жүр. Басқаларға қандай талап қойсам, өз балама да сондай талап қоямын, тәрбиелеймін. Қажет болса аяушылық білдірмеймін, қуамын, солай қиналып, түсініп барып үйренеді. Ұл-қыздарымның балалары бар. Немерелерімді, бір Алла біледі, қай саланы таңдайтынын... Өмір – қиын. Өзім қиындық көргеннен кейін балаларым да қиналмаса екен деп тілейсің.  

– Шетелдік театрларға жиі барып тұрасыз ба? Ұнатып тамашалаған соңғы қойылымыңыз қандай?

– Шетелге көп шығамыз. Былтыр жазда Кореяда «Азия мемлекеттерінің мюзикл фестиваліне» барған кезде Ұлыбритания мен Қытай елдерінің мюзиклына тәнті болдық. Олар театрлық техникалық жағынан қатты дамып кеткен. Шынтуайтында, біз ол жағынан қалып қойғанбыз екенбіз. Олар ең соңғы техникаларды қолданады. Мысалы, 3D, 4D дегендей. Бүкіл декорациясын компьютерге бағдарламамен атқарады. Сондағы кішкентай ғана бір нәрсе, қалтасына салып алады да аппаратқа сала салады. Сахна жайнап шыға келеді Жаныңа не керек? Тау ма, теңіз бе, түгел көз алдыңызда тұнып тұрады. Қажетіңнің бәрі дайын. Ал біз сахнаны жайнату үшін бүкіл аппаратура, жарық, тонна-тонна декорациямызды арқалаймыз да жүреміз, шығындалып. Ал оларда сахна бос, еркін тұрады қысылмай, тығылмай, яғни декорациясы жоқ болса да, сахна жайнап тұр.

Олардың бізге таңғалатын тұсы да бар. Мысалы, оларда сол ойнаған спектакльде өлең болса, оны кәсіби әнші айтады. Хор болса, кәсіби хор ұжымы орындайды. Цирк болса, цирктің әртістері сахнада өнер көрсетеді. Балет болса, балет әртістері орындайды. Сөйтіп құбылады келіп мюзиклдетіп...

Ал бізде осының бәрін, әнін де, биін де, циркін де драмалық өздері актерлар орындайды. Біздің артықшылығымыз осында! Біз орыстың ұлы театр реформаторы Станиславский арқылы тәрбиелендік қой. Сондықтан осы мектебіміз өте жақсы. Бәрін актерлар өздері жасайтынына олар таңқалып, бас шайқайды.

 

– Сіз ұсынатын үздік кітапты айтып өтсеңіз...

– Ескі көзқараста қалып қойған деп ойлауы мүмкін, мен Шыңғыс Айтматовтың кітаптарын ұсынамын. Оралхан Бөкей, Роза Мұқанова – сүйікті жазушыларым. Маған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы ерекше.

– Театр және кино актеры, режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері. Республикалық білім беру ісінің үздігісіз. Алдағы жоспарларыңыз қандай?

– Жоспарлар көп. Солардың бірі осы жылдың 17 сәуірінде Түркияның шақыруымен «Қыз Жібек» мюзиклын қою үшін Конья қаласына барамыз. Онда бүкіләлемдік түркі тілдес халықтары мемлекеттерінің театр фестифалі өтеді. Одан кейін өнер көрсетуге Татарстан мемлекеті шақырды. Қыркүйек айында Бішкекте Артурда Халықаралық фестивалінде өнер көрсетеміз.

– Әңгімеңізге рахмет. Сізге шығармашылық табыстар тілеймін!

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға