Жаңалықтар

Қасқалдақ пен шүрегей

"Қара бауыр қасқалдақ" әнінің бізге беймәлім тарихы
Қасқалдақ пен шүрегей
14.12.2018 08:12 21631

Бұрындары Тәуелсіздік күні қарсаңында жиі қойылатын, түрлі шараларда әншісі де, әнші емесі де  орындай беретін екі ән бар болатын. Біреуі «Желтоқсан желі», екіншісі «Қара бауыр Қасқалдақ» әні. Өкініштісі, жұрттың көбі осы екінші әннің көңілдірек орындалатын, тоқсаныншы жылдардағы палаткада өтетін тойларда қойылатын нұсқасын ғана біледі. Ал, бұл ән сөзінің толық нұсқасы қандай және оны кім орындайды, сөздері кімдікі? Осы сұрақтарға жауап іздеп, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Болат Нүкібайұлы Әбдіахметов ағамызбен сұхбаттасқан едік.

- Ассалаумағалейкум аға! Келе жатқан Тәуелсіздік күні құтты болсын! Сізді танымал қылған «Жалаң аяқ қызыңызды» былай ысыра тұрып, «Қара бауыр қасқалдақ» әні жайлы сөйлессек. Меніңше, сіз орындайтын нұсқаны екінің бірі біле бермейді...

-  Бұл ән алғаш шыққанда тек қана екі шумақты ән болған. Әркім әр жерде сол нұсқаны орындап жүрді. Алматы қаласында, Сейфуллин көшесінің бойында «Жерұйық» деген мейрамхана болған. Ұлттық бағыттағы мейрамхана еді. Сол жерге біз тамақтануға баратынбыз. Мен ол кезде «Арқас» тобының құрамында едім. Мейрамхана болған соң ән шырқалады ғой. Сол әндердің қатарында «Қара бауыр қасқалдақ» әні де айтылатын. Оған мейрамханада отырған жастарымыз билейтін. Бұл жерде көбіне қазақтың спортсмен жігіттері, баяғыда рэкет деуші еді ғой, түрлі топтың белсенділері жүретін. Сол жігіттер де осы әнге билейтін. Осы ән қойылған сайын менің жүрегім ауратын...

Алматыдағы мықты жігіттердің ішінде Сабыржан деген жігіт болған. Шымкент жақтың, Темірлан ауданы, Қарааспан ауылының жігіті. Нағыз ұлтын сүйген жігіттердің бірі болатын. Сол замандарда қазақ қызы көшеде басқа ұлт өкілімен қолтықтасып кетіп бара жатса, ерінбей көлігінен түсіп, әлгі қызға да, жігітке де ақыл айтатын әдеті бартын. Наурыз мейрамын жалпыхалықтық мереке ретінде тұңғыш рет тойлаған жылы Сабыр мені, композитор Марат Омаровты және ақын, журналист Мұхтар Бөпетаевты өз ауылына апарды. Қазір Сабыр да, Мұхтар да о дүниелік болып кетті ғой. Жандары жаннатта болсын. Сол жолы Мұхтармен жақсылап таныстым. Алматыға қайтар жолда Мұхтар маған «Бөке, мынау «Қасқалдаққа» бір сөз жаздым. Мына шумақтарын қалдыра отырып, жаңа шумақтар қоссақ айта аласыз ба? Қорықпайсыз ба?» деді. Өзі маған әнді домбырамен орындап берді. Ән сөзі бірден ұнады. «Айтамын» деп уәде бердім. Сенің айтып отырғаның сол Мұхтардың сөзі қосылған нұсқа ғой. Жалпы, бұл әннің авторы Лесбек Аманов, сөзінің бірінші шумағы Есенғали Раушановтікі, Мұхтар Бөпетаев 2,3,4 шумақтарының авторы. Бірақ, ол мәтіннің бір жерін ауыстыруға мәжбүр болдым. Оның өзі телевидениеге өтпейтін болғандықтан. «Ұя қалса иесіз, айдын үшін сол қайғы. Қаңғып келген Колбиндер, елге пана болмайды» деп келетін. Ішінде Қонаев, Колбин деген сондай сөздер болатын. 1991 жылы Қазақ телеарнасы мен жайлы деректі фильм шығармақ болды. Ресейде «Август ПУТЧі» болып жатқан кез еді. Мені түсіргелі жатқан бағдарламаның бас режиссері, әрі бас редакторы Хадиша Сейітқұлова апамыз «Болат, аумалы-төкпелі заман болып тұр. Ресейде төңкеріс болып жатыр. Ертең осы сөздер үшін тағдырың түбегейлі өзгереді. Тым болмаса Қонаев пен Колбин жайлы жолдарыңды өзгерт» деп кеңесін берді. Содан, студияға барып адам аттары аталатын жолын өзгертіп, қайта жаздым. Бағдарламаға жалпы оншақты ән жаздым. Сол бағдарлама арқылы бұл әнді Қазақстаннан бөлек Моңғолия, Қытайдағы қандастарымыз тыңдады.

Біреулер «Бұл әнді әуелі Болат Құсайынов орындаған еді ғой» деп айтып жатады. Мен оған таласпаймын да. Бірақ, ол орындаған нұсқа бағана сөз басында айтқан билейтін ән еді.

- Тәуелсіздік күні жайлы не айтасыз? 1986 жылғы оқиға кезінде қайда болдыңыз?

- Мен жалпы, бұл күнді мереке ретінде тойлауға қарсымын. Бұл қаншама қыршын жастың ғұмыры қиылған күн. Әлі күнге қолымызда нақты бір ізге түскен цифрлар жоқ, деректер жоқ. Бұл біз үшін аза тұту күні болуы керек.

1986 жылы Москвада Гнесиндер атындағы музыка училищесінде оқып жүргенмін. Дәл сол күні Мұхтар Шаханов ағамыздың шығармашылық кеші болып жатқан. Мұхтар ағамыз сахнада, мен көрермен ретінде залда отырғанмын. Евгений Евтушенко кешті жүргізіп отыр. Шамамен бір сағаттан соң сахнаға екі-үш жігіт шығып, «Сіздер мында тыныш қана қалай отырсыздар? Алматыда жастарды қырып жатыр» деп айқайлады. Мен сол жолы Мұхтар Шаханов ағамызбен танысқан болатынмын...

- «Қара бауыр қасқалдақ» өміріңізді өзгерті ме?

- Хадиша Сейітқұлова апамыздың айтқаны расымен де алдымнан шықты. Мен сол әнге дейін қазақтар арасында  Юра Шатунов секілді танымал болған едім. Той-томалақтардан, концерттерден қолым босамайтын. Әнді басқаша орындаған соң менің жолым жабыла бастады. Концерттерге шақыру алмай қалдым. Есімде қалатын жарқын сәттердің бірі 1993 жылғы «Жас қанаттың» лауреаты болуым. Конкурстарға жолдама бермей, баратын болсам да өз қаражатыма барып қайтатын күнге жеттім. Мысалы, 1994 жылы Польшада халықаралық  «Сопот-94» конкурсына қатыстым. Министрлік еш көмек көрсетпеді. Сол кезде Болат Әбілов шығындарымның 50 пайызын көтеріп берді. Бірақ, бұл ақша маған жеткіліксіз. Еріксіз  өнерімді сыйлайтын семейлік спортсмен жігіттерге хабарластым. Олар ертеңінде Семейден ұшақпен келіп, қолыма қажет сомманы ұстатып кетті. Сөйтіп, сол конкурстан 4-орынды иемденіп қайттым. Маған дейін бұл конкурсқа Қазақстан атынан ешкім қатыспаған болатын. Роза Рымбаева ертеректе, КСРО кезінде қатысқан екен.  Жалпы, менің жолымды жүйелі түрде жапты деп айта аламын. Әлі күнге шақырту алмайтындығым да соның себебі шығар...

"Жас алаш" газетінің тілшілері және Мұстафа Өзтүрік ағасымен бірге түскен суреті. 1995 жыл.

- Семейлік мықты жігіттермен қайдан танысып жүрсіз? Түбіңіз сол қаладан ба?

- Иә, мен Шар қаласында туғанмын. Бірақ, балалық шағым, ер жеткен жерім - Аягөз. Абайдың ұрпағымын. Мықты жігіттер «Өнерде жүрген жерлесіміз, бауырымыз» деп, мені көтермелеп жүретін.

- Қазір қайда тұрасыз? Кейінгі жылдардағы шығармашылығыңыз жайлы айтсаңыз?

- Мен екі жыл Қытайда тұрдым. Одан кейін бір жарым жылдай Тайландта тұрдым. Елге келгеніме 3 жылдың жүзі болды. Алматыда тұрып жатырмын. «Ер туған жеріне» деген сөз тегін айтылмаған ғой. Дамыған  елдерде жүріп, құлазыған қу даланы, қысы жоқ елде жүріп, үскірік аязы мен бет қаратпас бораны бар туған жерімді сағындым. Ал, ол жақтарға кету себептерім де қызық. Менің келіншегімнің туристік фирмасы бар. Ресейдегі серіктестерінің бірі келіншегімнен күйеуі жайлы сұрайды. Менің әнші екенімді білген соң шығармашылығыма қызығады. Сөйтіп, сол жақтан бірақ шықтық. Ол жақтың конкурстарының да дәмін таттым. Саған екі сағат ән айтқызып, мына жақта отырып өздері дауыс беретін конкурстары бар екен. Елімізден ол конкурсқа Бақтияр Тайлақбаев, Роза Рымбаевалар да келді. Құдайдың көзі түзу болды ма, конкурсқа әрі қарай қатысу бағы маған бұйырған екен. Бәлкім, кәсіби әнші болғандықтан 15 тілде ән орындайтындығым да өз септігін тигізген болар.

Кейінгі жылдары композитор Бауыржан Тұрғараевтің жиырмадан астам әнін қоржыныма қостым. Жалпы, Бауыржан өзіме ұнайтын композиторлардың бірі. Мен онымен 1989 жылы «Тамаша» ойын-сауық отауында танысқан болатынмын.Таза қазақы тамаша әндер.

- Сізді танымалдық шыңына шығарған ән «Жалаң аяқ қыз». Бұл әнді қазір Айқын Төлепбергенов те орындайды. Өзгерістер көңіліңізге қонды ма?

- Бәлкім жастар жағы бұл әнді сол Айқынның орындауында ғана естіген шығар. Менің орындауымдағы әнді сендердің әке-шешелерің жақсы біледі. Сол кезде еліміздің қай өңіріне барсам да, көрермендер осы әнді қайталап орындауымды сұрайтын. Күн құрғатпай  әр қаладағы түрлі концерттерге шығып, қазіргі танымал әншілер секілді хит болған кезім еді. Ал Айқын бауырым әнді орындағанын клипі шыққан кезде бір-ақ естідім.  Мұқағали Мақатаев тірі болғанда не дейтінін кім білсін? Ән авторы тірі ғой. Ол кісінің ойын біле алмадым. Өзіме ұнамағанын жасырмаймын.

- Кеше ғана сахнаға шыққан әншілер ел алдында есеп беріп жатады. Сіздің ондай ойыңыз жоқ па?

- Ой көп, орындауға мүмкіндік жоқ. «Жалаң аяқ қыз» әнінің сахнада орындалғанына келесі жылы тура 30 жыл толады екен. Бұл дегеніңіз, менің үлкен сахнаға шыққаныма 30 жыл деген сөз. Келесі жылы 58 жасқа толамын. Менің Республика сарайында концерт беретін жағдайым жоқ. Былайша, жылына 3-4 мәрте Алматы маңайында қайырымдылық концерттерін беріп тұрамын.

- Бір жылдары Астанадағы Симфония оркестрінде де қызмет еткен екенсіз...

- Конгресс холда, Президент оркестрінде істеген кезімді сұрап отырсың ғой. 2001 жылдар дәлірек айтсам. Айлығым он мың теңге болды. Жұрттар елу мың табатын ол кезде. Ермек Аманшаев деген алтын жігіт бар. Маған көмек қолын созған адамдардың бірі. Ара-тұра «Бөке, қиналып жүрсіз ғой» деп 5-10 мың теңге беріп тұрады. Жатақханадан бір бөлме тауып беріп, сонда орналастырды. Содан, қол қусырып отырмайын деп  қымбат мейрамхананың бірінде ән айттым. Сол кезде 50 мың теңгені бір күнде тауып жүрдім.

- Филипп Киркоров екеуіңіздің группалас екендігіңіз рас па?

- Иә, Москвада, Гнесиндер атындағы училищеде екеуміз төрт жыл бірге оқыдық. Кезінде Қазақстанды шулатқан «На-На» деген топ бар еді ғой. Соның жетекшісі Бари Алибасов екеуміз бір ауылданбыз. Ол да біздің Шардың тумасы.

- Бізге көңіл бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет! Алдағы жылы шығармашылық кеш өткізуіңізге, тыңдармандарыңызбен қайта қауышуыңызға тілектеспін!

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға