Жаңалықтар

Дәстүрлі музыканы дәріптейтін топ

«Қорқыт» тобы Гиннес рекордтар кітабына енуді мақсат етіп отыр
Дәстүрлі музыканы дәріптейтін топ
14.02.2020 17:17 5011

Ғасырлар бойы әсем әуезбен әуелей шырқалған дәстүрлі әндер бүгінде өнер әлеміндегі баға жетпес құндылықтар. Ықылым заманнан бастап ел тарихындағы елеулі сәттерден сыр шертіп келген рухты әндер мен күйлер баз қалпында осы күнге дейін жетіп отыр. Сондай тарихы тереңде жатқан дәстүрлі әндерімізді халық аспаптарының сүйемелдеуімен көпшілік алдында паш етіп жүрген көптеген өнерпаздарымыз бар. Солардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Мемлекеттік академиялық филармониясының «Қорқыт» саз тобы.

«Қорқыт» саз дәстүрлі тобы осыдан бес жыл бұрын яғни 2015 жылы қараша айында құрылған. Бұл топқа өнерпаз қыз-жігіттерді ҚР Мәдениет қайраткері және топтың көркемдік жетекшісі Шолпан Қорғанбектің өзі  жинапты. Айтуынша, сол кезде өзі қызмет етіп жүрген Қазақ ұлттық өнер университетінің бірінші курсында білім алушылардың қатарынан іріктеп алған.

– Басшылықтан шоу-бизнес саласында қызмет етіп жүрген «Тұран» сынды топтардан ерекшеленетін өзгеше топ құру жайында ұсыныс келіп түсті.  Әрі-бері ойланып, өнерге жақын әрі осы салада білім алып жатқан жас өнерпаздарды жинай бастадым. Барлығы да кәсіби музыканттар... Басында 10 адам, кейін 12 адам, қазіргі кезде санымыз 18 өнерпазға жетті. Бұйырса, осымен тоқтаймыз деп ойлап отырмыз, - дейді топтың көркемдік жетекшісі.

TEMA7169.jpg

Бұл ұжымның бірегейлігі мұндағы музыканттар бірнеше аспапта ойнай біледі. Тіпті олардың қатарында сирек кездесетін көмеймен ән орындау техникасының қыр-сырын жетік игергендер бар. Топтағы қыз-жігіттер ең көп дегенде бес аспапта, ең аз дегенде үш аспапта емін-еркін ойнай біледі.

Олар құрылған сәттен бастап көпшілікке құлақтан кіріп, бойды алатын күй өнерінің құдіретін насихаттап жүр. Ұжым мүшелері қобыз, қылқобыз, домбыра, сырнай, мүйіз сырнай, шаңқобыз, шертер, сазсырнай, дауылпаз, бас домбыра, су ағаш, сыбызғы, тоқылдақ сынды қазақтың барлық халық аспаптарында ойнайды. Олар көбінесе көркемдік жетекшісі Шолпан Қорғанбектің өңдеуінен өткен күй, жыр, терме сынды қазақ фольклорының жанрларын нақышына келтіріп орындап, жұртшылықтың жылы ықыласына бөленіп жүр.

– Тобымыз құрылғаннан кейін екі апта ішінде Қытайда өткен халықаралық этно-музыканттар фестиваліне қатысуға ұсыныс түсті. Бірден заттарымызды жинап, Сиань қаласына барып, өнерімізді көрсетіп қайттық. Осылайша әлемнің төрткүл дүниесінен жиналған музыканттар өнер көрсеткен сахнада тұсауымызды кескен болатынбыз. 

TEMA7188.jpg

(Фотода: Шолпан Қорғанбек)

«Қорқыт» дәстүрлі саз тобы гастрольдік сапарларға да белсенді шығып тұрады. Оларға сол жылы Қытайдан бөлек, көрші Ресейге де барып, қазақтың мәдени мұрасын насихаттау мәртебесі бұйырған. Сонымен қоса, олар елдегі үлкен сахналарда да өнер көрсетіп келеді. Елорданың 20 жылдығына орай бүкіл Қазақстанды аралап, дәстүрлі өнердің шын жанашырларына өз өнерлерін паш еткен.

– Бұл гастрольдік сапардан біз керемет әсер алып қайттық. Біздің концерттердің шымылдығы Қорқыттың күйлерімен ашылғанына өзім іштей риза болдым. Оған халық та разылығын білдірді. Әр облыста концертке келген халық санын айтып жеткізе алмаймын. Жұрт ұйып тыңдағанын сырттай байқағанда тұла бойыңды ерекше сезім билеп, шабыттың үстіне шабыт келе береді екен. Тіпті топтағы қыз-жігіттердің арқалары қозып, шын жүректерімен беріле, өнерлерін көрсетті. Жалпы өзім қазақ өнерін қадірлейтін ұрпақ барына тағы бір көзімізді жеткізіп, қуанғаным рас...

Топ өз шеберлігін әрдайым арттырып отыруды мақсат етеді. Сондықтан республикалық, халықаралық деңгейлерде өткізілетін байқауларға әрдайым қатысып отырады. Жүлделі орындарға да ие болып келеді. Мәселен, бұл топ былтыр «Көне Тараз күмбірі» мен Қостанай қаласында ұйымдастырылған республикалық этно-фольклорлық фестивальдерге қатысып, бірінші орынға ие болды. Сонымен қоса, жақында Катардың Доха қаласында өткізілген «Cultural Diversity» халықаралық деңгейдегі фестивальге қатысып қайтқан болатын.

– Осындай байқауларда өнер көрсету арқылы өнерпаздар кәсіби тұрғыда шыңдалады әрі өзге әріптестермен тәжірибе алмасады. Мәселен, біз, композиторлар, топ жетекшілері бір-бірімізбен араласып, шығармаларымызды беріп тұрамыз. Бұл бір орында тұрмай, алға жылжуға әрі дамуға мүмкіндік береді. 

TEMA7044.jpg

Ұжым құрылғанынан бастап осы уақытқа дейін қысқа мерзім ішіндегі өнер жолындағы шығармашылық қызметтері лайықты деңгейде бағаланып келеді. Атап айтсақ, ҚР Президенті әкімшілігінің, ҚР Мәдениет және спорт министрілігінің, Нұр-Сұлтан қаласы Мәдениет басқармасының және ҚР Білім және ғылым министрлігінің арнайы дипломдарымен, мақтау қағаздарымен, алғыс хаттарымен марапатталған болатын.

Дәстүрлі саз тобы алдағы күндері төл өнерімізді кеңінен насихаттау мақсатында және Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойы қарсаңында 75 шығарманы орындап, еліміздің Гиннесс рекордтар кітабына енуді мақсат етіп отыр.

– Өнер ұжымы елімізде бірінші рет нон-стоп режімінде музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен шығармаларды кідіріссіз әрі бір деммен жатқа ойнап шығады. Жалпы репертуарымызда 300-дей шығарма бар. Бірақ соның ішінде өнерпаздар 35-ін жатқа біледі. Гиннесс кітабына енеміз деген мақсатпен екі аптаның ішінде үзіліссіз әрі демалыссыз 40 шығарманы жаттап алдық. Уақыт жақындаған сайын дайындықты одан сайын күшейтіп, барлық шығарманы қайта-қайта орындап жатырмыз. Бұйырса, Гиннесс рекордтар кітабына еніп, сүйіншілемекпіз.

Шолпан Қорғанбекке мұндай ұсынысты өнерпаздардың өздері былтыр қыс мезгілінде айтқан. 

– Топтағы қыз-жігіттер биыл топтың құрылғанына бес жыл болуына орай ерекше шаралар өткізуді ойға алып, осындай ұсыныс тастады. Мен сол ұсынысты қолдап, көп уақыт өтпей дайындықты бастап кеттік. Негізінде 45 шығарманы 15 күнде жаттау кез келген адамға қиынға соғатыны рас... Дегенмен де тәуекелге бел буып, 45 шығарманы жаттап шықтық. Таңғы 8:00-де бастап, үйімізге түнгі 3:00-4:00-терде қайтқан кездер болды. Шамамен күнделікті 20 сағаттай уақытымызды осыған арнадық.

TEMA7088.jpg

Қазіргі кезде өнерпаздар соңғы әзірліктерін пысықтап жатыр. Олар 75 шығарманы еш үзіліссіз үш жарым сағат бойы орындамақ.

– Діттеген мақсатқа жеткен кезде «үйрендік» деп сөзбен айту оңай ғой,,, Бірақ аз ғана уақыт ішінде осындай асуды бағындыру үшін ең бастысы – ерік-жігер болу керек деп ойлаймын. Әлбетте, бұдан бөлек, адам өзінің мамандығын ұнатуы керек. Олай болмаса, қанша жерден көп жұмыс істегенмен, жақсы нәтиже шықпайды. Әрдайым шәкірттеріме: «Сіздер әр нотаға жан бітіресіздер. Әр шығарманың тағдыры сіздердің қолдарыңызда. Яғни қандай да бір шығарма ары қарай жолын табуы не мүлдем орындалмай қалуы тікелей сіздердің орындауларыңызға байланысты» деп ұдайы айтып отырамын. Өйткені шығарманы тыңдаған әрбір адам әсер алып қайтуы керек.

Өнерлі топ бұл жолғы репертуарға Қорқыттан бастап қазіргі заманғы композиторлардың шығармаларына дейін енгізіп отыр. Құлақтың құрышын қандырар «Адай, «Сарыарқа», «Балбырауын» сынды өзге де күйлерді және ҚР Мәдениет қайраткері, композитор Еділ Құсайыновпен бірге де музыкалық аспаптардың сүйемелдеуімен орындайды.

Бір қызығы өнерпаздар бірнеше аспапта ойнаумен қоса, өз жанынан күйлерді де шығарады. Солардың бірі домбырашы, әрі топтың концертмейстрі Айбек Әрімбек. Алматы қаласының тумасы 24 жастағы өнерпаз шығармашылыққа 15-16 жасында бет бұра бастаған.

– Бала кезімде әкем домбыра үйрен деп айтып жүретін. Тіпті үйірмелерге де бар дейтін. Бірақ өзім де іштей ұмтылыс болмағандықтан, қызығушылық танытпадым. Алғаш рет қолыма домбыраны 14-15 жасымда алдым. Содан 9-сыныпты бітірген жылы жаз кезінде үйде теледидардан домбырашы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Мұрагер Сауранбаев ағамыздың жеке концертін көріп қалдым. Концерт біткен соң барша көрермен қол шапалақтап, жылы лебізін білдіріп жатты. Домбырашының таланты жүрегіме қатты әсер етіп, мен де осы салада қызмет еткім келді. Бұған дейін таңдауым түсіп жүрген бағдарламау мамандығы жайына қалып, мен 2011 жылы Алматы қаласындағы П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжіне оқуға түстім, - дейді Айбек Кенжеғалиұлы. 

TEMA7066.jpg
(Фотода: Айбек Әрімбек)

2015 жылы колледжді бітірген соң бұған қызығушылығы одан сайын артқан Айбек кейін Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетіне дәстүрлі өнер факультетінің «Домбырашы» мамандығына оқуға түседі. Білім алып жүрген алғашқы жылы осы дәстүрлі саз тобына домбырашы ретінде қабылданады. Одан бөлек Айбек шаңқобыз және сыбызғы аспаптарын жақсы меңгерген.

– Музыкаға, өнерге жақындығымды байқаған университеттегі домбырадан сабақ берген ұстазым, домбырашы-күйші Орынбек (Дүйсен) ағайым маған күйшілік өнерді зерттеп, буындарға бөліп, меңгерген соң, өз жаныңнан күй шығарып көр деп айтып жүретін. Бірақ, жүрегім дауаламай біраз жүрдім. Тек биыл Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев Кемелұлының Алтын Орданың 750 жылдығын өткізу туралы халыққа жария еткенін естіген соң, соған арнап күй шығару туралы ой келді. 

Бір айта кетерлігі, Айбек өзінің алғашқы туындысын бір жетінің ішінде шығарыпты.

– Бұл күй өте жылдам темппен орындалады және бұдан қазақ батырларының бейнесін көруге болады. Жалпы, жастарымызға рух беруі үшін шығарылған дүние. Үш бөліммен тұратын күй шамамен екі минутқа созылады.

Бірақ та бұл күйді алдағы маңызды кеште Айбек жалғыз өзі ғана емес, барлық топпен бірге орындайтындықтан, топ жетекшісі Шолпан Қорғанбек ансамбльге лайықтап өңдеп шыққан. 

– «Алтын Орда» күйін шығарған соң бірінші жетекшім Шолпан апайыма көрсеттім. Ол кісі өзі де негізінен шығармаларды өте көп жазатын адам. Естіген бойда қуанып, басынан аяғына дейін тыңдап, жақсы пікірін білдірді. Өзім әзірше қазақтың ұлттық музыкалық аспаптарына өңдеп, жаза алмаймын. Сондықтан аспаптарға өңдеу ісін өз мойнына алды. Айтулы шара жақындаған сайын «Тұла бойымда аздаған қорқыныш сезімі бар. 

Әлбетте, олай болуы заңдылық. Өйткені ол тек домбырашы емес, концертмейстер ретінде топтың бағыттаушысы. 

Жалпы осындай музыкалық аспаптармен сүйемелдейтін дәстүрлі саз топтары бар да, ұлтымыздың рухани мұрасы жаңғыра бермек.

(Суреттер авторы: Артем Чурсинов)

 

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға