Би – сезім мен нәзіктілікті жеткізуші өнер

Бидің денсаулыққа тигізер пайдасы мол

Қазақ жұртында сахна өнері, оның ішінде би өнері бұрыннан ерекше қошеметке ие. Бұл өнер талғам мен сезімнің, жинақылық пен нәзіктіліктің көрінісін айшықтайды. Оған қоса, жұрттың эстетикалық болмысын әспеттейді. Ол халқымыздың мәдениетін дене қозғалыстары арқылы жеткізеді. Көрерменге айтар ақпаратты би тілімен көрсету үшін өнерпаздың тума дарыны, ерекше табиғи қабілеті болуы шарт. Музыкалық ырғаққа сай дене қимылы мен қозғалыстары арқылы мың бұралған сан түрлі образдарды бейнелеуге болады. Бекзат өнер саналатын би көрерменге адамның ішкі жан дүниесі мен мінез-құлқын да дәлме-дәл жеткізуді мақсат етеді. Тіпті тіл жеткізе алмайтын дүниелерді бимен айшықтауға болады. Одан бөлек, бұл өнердің денсаулыққа тигізер пайдасы да орасан зор. Ол адамның арқа, іш, аяқ бұлшық еттерін нығайтады әрі сергектік сыйлайды. Және буын мен омыртқадағы зат алмасуын жақсартуға септігін тигізеді. Ал шетелдік мамандар бишілік өнер адамға мол энергия мен мықты қуат береді деп есептейді. Байқасаңыздар, латын-америка мен еуропалық билер спорттық бал билер тобына жатады. Себебі оларда спорттық ойындардың элементтері көбірек кездесетіні мәлім. Жалпы кез-келген халықтың өзіндік ерекшеліктеріне қарай бишілік өнердің көркемдік бейнелеу мазмұны мен құралдары да түрліше болып келеді. Бүгінде осы саланы өркендетуге өз үлесін қосып жүрген «Әлем» эстрадалық би ансамблінің көркемдік жетекшісі Лаура Мұқаевамен әңгімелескен болатынбыз.

Өмірін шығармашылыққа арнаған жан

Лаура Мұқаева Аббатқызы 1985 жылы Батыс Қазақстан облысы Бөкей орда ауданы Сайқын ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Әкесі ауыл шаруашылығымен айналысса, анасы аудандық емханада медбике болып қызмет еткен. Қос ағасы мен әпкесінен кейінгі үйдің кенжесі Лаура бала-бақша жасынан бастап биге құмар болып өсіпті. Оның бұл өнерге қызығушылығын оятуға ата-анасының да біраз септігі тиген. Өйткені «әке-шешем де неше түрлі билерді өте жақсы билеген. Тіпті небір тойлардың көркін қыздырған жандар болған. Кезінде анам гимнастикамен де шұғылданған» дейді қызы Лаура Аббатқызы.

099eb495-d26c-48f9-b1e7-0a784be52140.jpg   

– Бала-бақшадан бастап мектепті бітіргенше түрлі іс-шараларға қатысып, түрлі билерді биледім. Бұл мен үшін тек сабақтан тыс кезіндегі уақытша хоббиім болған жоқ. Мектеп сахнасынан бөлек, ауылымыздың аудандық мәдениет үйінде «Орда гүлдері» атты ансамблінде де өнер көрсетіп жүрдім. Әр түрлі әуендерге би қойып, соларға лайықтап киім үлгілерін тіктік. Жалпы бұл ісімізді үлкен қызығушылықпен атқардық, - дейді Лаура Мұқаева.

Бала кезінен бишілік өнерін тастамаған ол Мәншүк Мәметова атындағы жалпы білім беретін орта мектепті 2002 жылы бітіріп, Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетіне білім грантымен «Хореограф» мамандығына оқуға түседі.

– 2006 жылы оқуымды тәмамдап, қолыма кәсіби маман екенімді растайтын дипломымды алған соң, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы жанынан ашылған «Наз-Ерке» халық би ансамблінің құрамына қабылдандым. Мұнда шамамен бір жылдай уақыт жұмыс істедім. 2007 жылы күз кезінде елордада Батыс Қазақстан облысының мәдениет күндеріне орай үлкен мереке болды. Осы мейрамға филармониядан бір топ өнерпаз өнерімізді көрсетуге келген болатынбыз. Сол уақыттағы жетекшіміз Күлбекова Айгүл Кеңесқызы менің кандидатурамды бас қаладағы мемлекеттік филармонияның жанынан жаңадан құрылған «Шалқыма» халық би ансамблінің көркемдік жетекшісі Абдрасул Есекеев Нажимадинұлына ұсынған болатын. Арада көп уақыт өтпей ол кісіден ансамбльге мүше болуға шақырту алдым. Бұл қараша айы еді.

Ал желтоқсанда филармониядағы жұмысынан шығып, өмірін өнерге арнаған Лаура елордаға жол тартады.

– Пойыздан түскен бойда мені темір жол вокзалынан Абдрасул Нажимадинұлы қарсы алып, жатақханаларына алып келді. Мұнда ансамбль құрамындағы қыздармен таныстырып, жатақханаға орналастырды. Сөйтіп, 2007 жылдың желтоқсан айынан бастап Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің мемлекеттік академиялық филармониясының «Шалқыма» халық би ансамблінің бишісі болып өнер жолымды ары қарай жалғастырдым.

Алты қыздан құралған ансамбль ұлттық билермен қатар, өнерсүйер қауымды ұлтымыздың салт-дәстүрлерімен, әдет-ғұрыптарымен жақынырақ таныстырды. Одан бөлек, бұл топ орыс, өзбек, башқұрт, корей, белорус, ұйғыр, қытай, парсы, армян сынды әлем халықтарының би композицияларын да орындады. Үлкен сахналарда өнерлерін көрсетумен қоса, ұжым көптеген өнер жарыстарына қатысуды әдетке айналдырды. Ұжым 2007 жылы елордада өткен «Шабыт» халықаралық шығармашылық жастар фестивалінде Шара Жиенқұлова атындағы арнайы дипломға ие болса, 2009 жылы Уфадағы халықаралық «Берзәмлек-Содружество» фестивалінің лауреаты атанып қайтты. Сонымен қоса, 2010 жылы ұйымдастырылған «Шалқыма «Халықаралық» Шабыт» шығармашылық жастар фестивалінде Гран при иегері атаныпты.

– 2014 жылы осы халық би ансамблінің қоюшы балетмейстер лауазымына тағайындалдым. Осыдан бір жыл бұрын яғни 2013 жылы топтың көркемдік жетекшісі Абдрасул Нажимадинұлынан би қоюға ұсыныс түсті. Көп уақыт өтпей сол жылы өзімнің алғашқы би мен өрнектелген қойылымымды қойған едім. Жаңа қызметпен қоса, бишілік жұмысымды қатар атқарып жүрдім. Жалпы бұл «Шалқыма» халық би ансамблінің қоржынын шамамен екі-үш жаңа қазақ билерімен толықтырған болатынмын.

«Бишілер күн сайын дене қыздыру жаттығуларын жасайды»

– 2016 жылы қазан айында филармония жанынан «Әлем» эстрадалық би ансамблі құрылып, оның көркемдік жетекшісі болып басшылық мені тағайындады. Сол күннен бастап бүгінгі күнге дейін жетекшілік қызметін атқарып келемін. Бір айтарым, бұл – өте жас ұжым. Жаңа қызметке бекітілген кезде топта ешқандай әртіс болмады. Топтың алғашқы шығармашылық ұжымын өзім жан-жақтан іздеп, жинаған болатынмын.

Бұл эстрадалық би ансамбль сан түрлі әрі күрделі хореографиялық нөмірлерді орындай алатын әмбебап әртістерден құралған. Сонымен қоса, шығармашылық ұжымның әр мүшесі актерлік шеберлікті де жетік меңгерген.

– Әлбетте, алғашында қиын болғаны рас. Өзім әртіс болып жүргендіктен мұндай лауазым мен үшін мансап жолында жаңа баспалдақ болды. Бірақ та қызмет жолында кездескен қиындықтарға қарамастан мен барлық тапсырмаларды тыңғылықты орындауға бар күш-қайратымды салдым. Сол кездері бұл жұмысты қиын деп бас тартпай, одан бір нәтиже шығаруды мақсат еткен осы ісімді ерлікке балаймын. Бұл да бір өнерге деген жанашырлық деп ойлаймын. Эстрада жанры менің бағытым болмаса да, осы қызметте бірқатар жұмыстарды бастап кеттім. Өзім көбінесе қазақ биіне жақын болғандықтан ансамбльге эстрада бағытында жүргізетін мұғалім қажет болды. Ансамбліміздің қоюшы балетмейстері болып Қазақ Ұлттық өнер университетінің түлегі Анель Ислямова бишілерге эстрадалықпен қоса, заманауи бағыттағы билердің сан түрін қойып, өзінің жұмысын атқарып жүр.

Қоюшы балетмейстердің айтуынша, жаңа биді қою шамамен екі ай не одан да көп уақытты алуы әбден мүмкін. Бұл өз кезегінде биді дайындап шығу қажетті қимылдардың оңай не қиындығына байланысты болып келеді. Оған қоса, өнерпаздың әртістік қабілеттерін көрсететін би жасауы қажет. Шығармашылық ұжым өнерсүйер қауымға концерттері арқылы хореографиялық өнердің сұлулығын көрсетуді мақсат етеді. Олардың репертуарларынан классикалық және заманауи стилдегі билерді, хип хоп пен рок-н-роллды тамашалай аласыз.

Жалпы жұртшылық арасында эстрада бағытындағы билерді насихаттайтын топтың көркемдік жетекшісі Лаура Аббатқызы 50-ден аса түрлі билерді дайындаған. Олардың қатарында сан түрлі хореографиялық композициялар мен күллі әлем халықтарының билері бар. Сонымен қатар, репертуар қоржыны қазақстандық композиторлардың музыкасына қойылған би түрлерімен де толығыпты.

– Күрделі техникаларды орындау әрі дене жарақаттарын алып қалмас үшін бишілер әр күн сайын алдымен дене қыздыру жаттығуларын жасайды. Мұнда денені шынықтыру, денені қалыпқа келтіру, бұлшық етпен, арқамызбен, аяқпен, қолмен жұмыс істейміз. Классикалық биден алғашында өзім беретінмін және қоюшы балетмейстер де беріп жүрді. Ал қазір осыған бағытталған Жанат Сәрсенбаев есімді балет жөніндегі репетиторымыз бар. Ол кісі кезінде Күләш Бәйсейітова атындағы театр және опера балет театрында көп жылдар қызмет еткен. Жанат Дәулетұлы – А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищесінің түлегі. Ұжымда қыздармен қоса жігіттер де болғандықтан бұл қызметке ер адамды алуды жөн көрдік. Өйткені өздеріңіз білесіздер, қалай дегенмен де ер адамның көзқарасы мүлдем бөлек болады. Ер бишілерімізге ер адамдық көзқарас қажет екенін ескеріп, осындай шешімге келдік.

«Би қою оңай шаруа емес»

– Ансамбль құрылған кезде басшылық тарапынан бұл топ қазақ, испан, заманауи әлемдік билерді билеуі қажет деген арнайы міндет қойылды. Әуел баста топ құрылған сәтте бір өзім болғандықтан қазақ билерінен бастауды жөн көрдім. Әлбетте, би қою ол оңай шаруа емес. Тіпті бір күнде біте салатын жұмыс та емес. Мұнда алдымен музыканы бойға сіңіру керек. Оны сіңіріу үшін адамда тыңдай білу өнері болуы шарт. Өз басым музыканы жиі тыңдауды әдетке айналдырғанмын. Сол музыканы тыңдап, бойға сіңірген соң, әуенге мың бұралып билегенде түрлі қимылдар дүниеге келеді. Осылайша әуенді тыңдау арқылы жасаған жаңа қимылдарды алдымен бойға сіңіріп, топтағы өзге әртістерге қоямын.

d22fcea6-92eb-4fa3-b287-24aea20d1883.jpg

Музыкамен әрленген би хореографиясы жып-жинақы бейнелер арқылы қандай да бір болмысты әспеттеп, адам баласының ішкі жан дүниесін көрсетуге бағытталады. Кез келген халықтың өзіне ғана тән бишілік өнері, пластикалық бейнелілігі, қимыл-қозғалыстары бар. Әр ұлт өкілдерінің биін билеген уақытта бишілер оның салт-дәстүрін, киім үлгісін, мінез-құлқын көрсетуі қажет. Мысалы, түбі бір түркі елінің қыздары бірқалыпты ұстамды билесе, ер кісілер би арқылы өздерінің күштілігін, мықтылығын көрсетеді. Ал Шығыстың бишілері мың бұралған билері арқылы бет-әлпетінің нәзік құбылуы әрі қолдарының қозғалыстарымен ерекшеленіп тұрады.

Бишілік өнердің қыр-сырын меңгерген маман арнайы білімі бар әртістермен жұмыс істеу оңайырақ екенін айтады.

– Өйткені олар бір көрсеткен қимылды, биді, жылдам ұғып алып, ары қарай жұмыстарын жалғастыра береді. Ең алдымен, кез келген бишінің қимылы арқылы көрерменге оның мән-мағынасын түсіндіру мақсат етіледі. Әр би, әр қойылым өнерсүйер қауымның көз алдында белгілі бір дүниенің тарихы ретінде көрінуі қажет. Сол себепті бишінің қимыл іс-әрекеттері бір сөзбен айтқанда, сөйлеп тұруы шарт. Биді көрерменге қаз қалпында жеткізу музыкамен қоса, әртістердің кәсіби шеберлігіне тікелей қатысты болып келеді.

Бишілік өнердің осындай деңгейіне жету жолында әртістер тыңбай дайындалуы қажет.

– Қимылдардың мән-мағынасын дәлме-дәл жеткізу үшін әртіс өзінің пластикасымен, аяқтарымен, көздерімен, көңілімен, күлкісімен және т.б. жұмыс жасауы керек. Жалпы біз бір биді сахнаға алып шығару үшін күнделікті әр қимылына жеке-жеке тоқталамыз. Биді дұрыс қою тек қоюшы балет-мейстерге, не көркемдік жетекшісіне байланысты емес. Бұған ұжымдағы барлық шығармашылық топ бірге           атсалысып, өздерінің махаббаттарын салып жұмыс істеуі қажет. Сол кезде ғана сағаттап дайындалған еңбегімізден жақсы дүние шығады.

766390bf-89f2-4d27-89cf-12a5d49c2f97.jpg

Сахнадағы би қойылымының болмысы толық ашылу үшін би мәнері, музыка, әртістік шеберлік және киім бір арнада тоғысуы керек.

– Әртістерлің әр биге арналған костюмдерін өзім қадағалап отырамын. Костюм тіктірер уақытта алдымен арнайы дизайнерлермен ақылдасамын. Оларға киім үлгісінің эскизін сыздырмас бұрын биді басынан аяғына дейін қойып, көрсетемін ,музыкасын тыңдатамын. Арасында өзімнің бірнеше қалауымды айтамын, олар да өз пікірлерімен бөлісіп жатады. Сол кезде дизайнерлерге костюмның үлгісін қағазға түсіру оңайырақ болады. Жалпы осындай процесстерден соң өзіміз қалаған костюмнің сызбалық нұсқасы дүниеге келеді.

Би сөзсіз, тілсіз өнер болғандықтан бишінің тек дене қимылымен, бет-әлпетімен баяндалады. Маманның айтуынша, оны би тілінде жеткізу үшін өнерпаздың ерекше тума дарыны болғаны жөн. Десе де, Лаура Аббатқызы бұл салаға тынымсыз еңбектің нәтижесінде келуге де болатынын айтады. Бастысы, бұл өнермен айналысқан адамның ішкі рухани әлемін жан-жақты ашады, бойынадғы ізгілікті қасиеттерін оятады.

Үздіксіз ізденіс нәтижеге апаратын жол екенін ескерсек, бишілік өнер адамның ішкі жан дүниесін рухани байытатын әрі жанын тазартатын құдіретті өнер болып есептеледі. Жастайынан бимен айналысқан жандардың өнерге сүйіспеншілігін, өмірге құштарлығын, еңбекке ынтасын арттырады. Бір сөзбен айтқанда, би өнерінің жеке тұлғаның қалыптасу жолында тигізер әсері айрықша.

«Әлем» эстрадалық би ансамблінің репертуар қоржыны бай

«Әлем» эстрадалық би ансамблінің репертуар қоржынында «Күн шуақ», «Би әлемі», «Шаттану», «Би тербеген Астана» және тағы басқа би нөмірлері бар. 2018 жылдың қазан айында Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, профессор Тойған Ізімнің 50 жылдық мерейтойына орай «Өнермен өрілген 50 жыл өмірім» атты ауқымды мерекелік концертке «Әлем» эстрадалық би ансамблі қатысып, өнерлерін көрсеткен болатын.

e146f3fa-9b99-4cbb-8e32-4b634a6a526b.jpg

– Біздің ансамбль әртістері эстрада әншілерімен бірлесе жұмыс істеп, концерттерде хореографиялық қойылымдар қойып жүр. Мәселен, бір концертте біз 15-16 әншінің артынан би билеп, өнер көрсеткен кездеріміз болды. Мен барша бишілердің алдында басымды иемін. Өйткені олар әр биді сахнаға алып шықпас бұрын үздіксіз еңбек етіп, тер төгіп жүр. Қиындықтардың барлығына шыдап, тынымсыз дайындық жұмыстарын жүргізеді. Сол арқылы олар өз саласының хас шеберлері екендіктерін көрсете білді. Мәселен, сахнада әншілеріміз фонограммамен ән айта алса, бишілеріміз де ондай мүмкіндік жоқ. Сахнаға әр шыққан сайын билерін билеп, 100%, тіпті 200% өздерін көрсетуге тырысады. Би кезінде басында не ортасында болмаса соңында «аздап демала тұрамын», «белгілі бір қимылды орындамаймын» сынды ұғым мүлдем жоқ.

Бұл ұжым еліміздегі түрлі ауқымды мерекелерге қатысып, өнер көрсетіп келеді. Оған қоса, олар «Асылым», «Асыл мұра» «Рауан» және т.б. топтармен бірлесе талай биді сахнаға шығарды.

Би өнерінің денсаулыққа тигізер пайдасы мол

Жалпы бидің қай түрі болмасын адам ағзасы үшін өте пайдалы. Әсіресе би жүрек-қан тамырлары мен тыныс алу жолдарының жұмысын жақсартады, иммунитетін күшейтеді әрі зат алмасу процесі жақсы жүреді. Бидің көмегімен адамның бойындағы сезім мен эмоцияны жеткізуге де болады және жеңіл әрі бақытты сезінуге көмектеседі. Сондай-ақ мидың жұмысы жақсара түседі. Психологтардың пікірінше, күйзеліс пен қорқынышқа жақын жандар көп билеуі қажет. Өйткені би адамның рухани жанын сөзден де артық емдей алады. Балалардың жеке тұлға ретінде қалыптасу жолында бидің тигізері әсері өте көп. Би өнерімен айналысқандар жан-жақты болуға машықтанады.

– Би өнері ең алдымен адамды тәрбиелейді. Қазақ биі арқылы қазақтың дархан даласының тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын жалпы мәдениетін жеткізуге болады. Сондықтан бишілік өнерді меңгерген жандар би қимылдарын меңгерумен қоса, ұлтымыздың өнерін бойға сіңіре алады.

Бір айта кетерлігі, бишілік өнер кез келген адамды тәртіпке баулиды.

– Бишілер сабаққа кешіге алмайды. Өйткені аз уақытта кешігіп қалса, дене қыздыру жаттығуларын өткізіп алады. Ал денені қыздырмай бидің түрлі қимылдарын жасаса, өздеріне кесірі тиеді. Мәселен, тобығын шығарып алуы, белін ауыртып алуы мүмкін. Тіпті тізесі қақсап ауырып, мазасын алады. Сондықтан әр биші өзінің денсаулығына жауапкершілікпен қарап, күнделікті күн режимін сақтайды.

Лаура Мұқаева би өнерінің өзге салалар сынды өз айтары бар, өз көрсететіні бар, өзінің қалыптасқан жүйесі бар екендігін айтады.

– Еліміздегі әр хореографиялық училище биге қызығушылығы бар балаларды мектеп жасынан оқытып, үйретіп, дайындап шығарады. Сол сияқты маған да кезінде көптеген қиындықтарды еңсеруге көмектескен әрі бүгінде осындай кәсіби маман ретінде даярлаған Айгүл Кеңесқызы, Ақмарал Әміржанқызы сынды барлық ұстаздарыма басымды иіп, алғысымды айтқым келеді. Олар жалғыз мені ғана емес, бізге дейінгі және бізден кейінгі көптеген болашақ шығармашылық адамдарына хореографияның қыр-сырын үйретуге бар күш-жігерін сарп етті. Бізге тек үйретіп қана қоймай, сахнада кәдімгі маман ретінде билейтіндей деңгейге жеткізу үшін пайдалы әрі тағылымды дәрістер беріп, оны тәжірибе жүзінде ұштастыруға көп көмегін тигізді. Қарап отырсақ, сол ұстаздарымыздың берген білімдерінің арқасында бүгінде өнер жолында еңбек етіп, би өнерінің дамуына өз үлесімізді қосып келеміз. Барлық ұстаздарыма шығармашылық табыстар тілеймін.

Би өнерінде қызмет етуді жоспарлап жүргендерге пайдалы кеңес

– Алдағы уақытта би саласына келуді жоспарлап жүргендерге дұрыстап ойланып алыңыздар дегім келеді. Бұл ең бастысы адамның дене бітіміне байланысты екенін естен шығармау қажет. Дене бітіміңіз көптеген қиын қимылдарды жасауға қаншалықты дайын әрі болашақта сол биді тастамай, жалғастырып әкете аласыз ба? Осы сауалдарға жауап тауып алған жөн. Өйткені көбі өнер ордаларын бітіріп, диплом алып шықса да, би де билемей, сабақ та бермей, басқа мамандыққа ауысып кеткендер де бар.

49f17d84-0435-4944-9989-c4ba55df0390.jpg

Өмірін өнерге арнаған Лаура Аббатқызының айтуынша, хореограф мамандығын тәмамдаған жандар өте жан-жақты болып келеді.

– Өйткені олардың адамдармен тіл табысып, тез сөйлесіп кету қабілеті өте жақсы дамыған. Сондықтан хореографтар барлық салада өз орнын таба алады. Ал осы өнерге келгісі келгендер ойланып келсін деген кеңесімді айтқым келеді. Расында өнер жолына дайын ба? Сол жолда кездескен қиындықтарды еңсере ала ма? Күнделікті өз-өзімен жұмыс істеуге дайын ба? Өйткені дайындық барысында бишілер өз бетімен жұмыс жасайды. Қызмет жолын осы саламен байланыстыруды мақсат етпесе де, кішкентай кезінен би үйірмелеріне барған балалар ешқандай зиян шекпейді. Керісінше оның пайдасы мол.

«Кей кездері қатал болуға, кейде жұмсақ болуға тырысамын»

– Әр саланың ұстанатын өзіндік ұстанымдары бар болатындай би өнерінде де арнайы қағидалар баршылық. Мәселен, залға мұғалімнен кейін бишілерге кіруге рұқсат болмайды деген қағидамыз бар. Яғни ұстаз келгенде барлық шығармашылық топ залда болуы шарт. Дайындық барысында кей кездері қатал болуға, кейде жұмсақ болуға тырысамын. Ара-тұра әртістерді еркелетіп аламын. Жалпы оларға ойнап-күліп, бастарынан сипап үйрететін кездер де болып жатады.

«Әлем» эстрадалық би ансамблі көк байрағымыздағы қыран құс сынды қанатын кеңге жайып, жыл өткен сайын репертуар қоржынын толықтырып, өз өнерлерімен жұртшылықты қуантып келеді. Би өнері – эстетикалық құрал. Би арқылы түрлі ұлт өкілдерінің өзіндік ерекшеліктері, іс-қимылдары көрініп тұруы қажет. Жалпы бишілік өнер  – бөлек әлем. Оның дамуында шек жоқ. Сезім мен ой тереңдігін, өмірге деген құштарлықты тілсіз жеткізетін «Әлем» эстрадалық би ансамблінің алар асуы әлі алда...

Түйіндей келе айтарымыз, ұлттық би өнері жас баланың бойына өз ұлтының төл рухани мәдениетін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын дарытады. Осындай игі қасиеттерді бойға сіңірген тұлға өз елінің ғана патриоты емес, өзге елдің де қазынасын құрметтей алатын әрі өркениеттің көшіне ілесе алатыны сөзсіз...

(Суреттер кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды)

Ұқсас материалдар