Жаңалықтар

26 жыл сахнада жүрген «Шолпан» би ансамблі   

Ұлттық биді насихаттап жүрген ансамбльдің мың бұралған қыздары мен ширақ қимылды ұлдары сахнаның сәнін келтіріп, көрерменіне шаттық көңіл сыйлап жүргеніне ширек ғасырдан асып отыр  
26 жыл сахнада жүрген «Шолпан» би ансамблі   
15.04.2019 11:48 8082

Жалпы, Үлгілі «Шолпан» хореографиялық ансамблі еліміздің астанасында биыл екінші концертін ұйымдастырды. Былтыр ғана би ансамблі Қарағандыда 25 жылдығын атап өткен болатын. Бүгінде олар өңірдің қазақ би өнерін дәріптеп жүрген беткеұстарлары десек артық айтқандық емес. Біздің елімізде ғана емес, алыс-жақын шет елдерде де өнерімен көпті тәнті етіп келеді.

1998 жылы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі ұжымға «үлгілі харекетшіл ұжым» деген атақ берген. Қазіргі таңда олардың жетістіктеріне таңдай қағуға болады, облыстық, республикалық және халықаралық байқаулар мен фестивальдер бойынша 30-Гран­при және 48-Бірінші премиясын иеленген. Осы уақытқа дейін алыс-жақын 15-тен аса елді аралап, өзге жұртты өнерімен тамсандырып, көрерменнің ыстық ықыласы мен қошеметіне бөленуде. Ал олардың әрбір алған жүлдесін айтсақ, саусақ жетпейді. Соның бірді­екілісіне тоқталсақ, V Ұлттық дельфийлік ойындардың, Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің жеңімпазы атанған, сондай-ақ, «Бозторғай» халықаралық байқауының, «Айгөлек» республикалық телевизиялық байқауларынан бірнеше мәрте жеңісе жеткен.

Қарағандыда негізі қаланған ансамбль ауқымын кеңейтіп, былтыр ғана еліміздің астанасынан филиалын ашты. Кішкентай ғана бүлдіршіндердің құрамынан басталған ансамбльдің елордада 5 және 23 жас аралығындағы 150-ге жуық өнерпаз болса, Қарағандының өзінде ұл-қыздардан құралған 500-ге тарта бишісі бар. Олар әрбір дайындықта бидің небір түрлерін үлкен құлшыныспен үйренеді және содан ләззат алады. Мұндағылар балалардың ойын түріндегі және эстрадалық билерінен бастап, үйренуі қиын түрлеріне дейін именбей меңгереді. Оның ішінде халық биі де, классика да, заманауи би де бар.

«Ансамбльдегі дайындықтар – тек денені дұрыс қалыптастырудың, әсемдік, сымбаттылық, сұлулыққа тәрбиелеушінің бірі ғана емес, «Шолпан» ансамблі – балалар  мәңгі достар болып қалатын тату әрі үлкен отбасы» дейді Нұр-Сұлтандағы филиалының жетекшісі Гүлстан Омарова. Ұжым өнер көрсетумен қатар, Қарағанды, Алматы мен Нұр-Сұлтанда өтетін түрлі әлеуметтік маңызды шараларға да жиі қатысып тұрады. Ал осы жерден қанат қаққан түлектер де ансамбльді ауыз толтырып мақтап отырады.    

   

Гүлнар ОМАРОВА: «Қыздарым да негізгі жұмысын тастап, би өнерін таңдады»

Қарағанды қаласындағы №39 орта мектептің базасында балалар биінің қазақ ансамблін құрған және Қазақстандағы би өнерінің өрге жүзуіне үлкен үлес қосып келе жатқан Гүлнар Меңдібайқызы Омарова, бір қарағанда, кезінде әлемге танылған Шара Жиенқұлова, Нұрсұлу Тапалова сияқты қазақтың атақты бишілерін еске салады. Бүгінде Әлия, Айжан, Гүлстан есімді көрікті 3 қыздың анасы, 5 жиен-немересінің әжесі боп отырған Үлгілі «Шолпан» би ансамблінің жетекшісі Гүлнар Омарова еңбегі елеусіз қалған жоқ, Н.Назарбаевтың Алғыс хатымен марапатталған, «Үздік хореограф», «Үздік қосымша білім беру педагогы» атақтары бар,сондай-ақ, «Астана қаласы білім беру саласының алтын қоры» Құрмет кітабына енген.   

‒ Бүгінде ансамбльдің ширек ғасырлық тарихы бар, елімізде ғана емес, өзін өзге мемлекеттерде де мойындата білді, бүгінде халықтың қошеметіне бөленіп келеді. Ендеше, сол жүріп өткен күндеріне бір көз жүгіртсек, жалпы ұжым қалай құрылды және Шолпан деп аталуының қандай да бір сыры бар ма?

‒ Шолпан ансамблін ең алғашында балаларға арналған би үйірмесі ретінде аштым. Оны бұрын менің билегенімді білетін әрі өнерімді ұнатқан ата-аналар қалады. Ал атауына қатысты айтар болсам, «таңғы жұлдыз» деп атайтын Шолпан ғаламшарымен байланыстырып қойдық. Шолпан Күн шығардың алдында (таңертеңгі жұлдыз) және Күн батқаннан кейін (кешкі жұлдыз) бір-ақ көрінеді, сол сияқты біздің ұжым да ертелі-кеш талмай еңбек етеді. Екінші бір жағынан, кезінде бірге билеп, бір жүрген құрбымның құрметіне арналады. Өкінішке қарай, 35 жасында өмірден озды, «Шолпан» сол достығымыздың естелігі болсын дедім.

‒ Би билеу қызығушылығыңыз болды ма?

‒ Билеуді армандадым.1960-70 жылдары кәсіби бишілер, хореографтар болмады. Кішкентай совхозда, бұрынғы Целиноград облысы Балқаш ауданына қарайтын Барақкөл ауылында өстім. Би өнері туралы сол кездегі «Советская эстрада и цирк» деген журнал нөмірлерінен оқып, суреттерін қарап билеуді қыздармен өздігімізден үйрендік. Сахна киімдерін де өзіміз тіктік, оның дизайнын, ою-өрнектерін де қиялымызға қарай жасайтынбыз. Өнерпаздарға арналған аудандық байқауларға қатысып, орындар алып тұрық.

Ал Қарағанды мемлекеттік университетте оқып жүрген шағымда «Жарқын» ансамблінде биледім. Кейін №39 орта мектепке тарих пәнінің мұғалімі болып орналасып, сонда сабақ бере жүріп би ұжымын ұйымдастырдым, яғни екі жұмысты қатар алып жүрдім. Ақыры, толықтай тек ансамбльдің жұмысына ден қойдым, себебі таңнан кешке дейін көп уақытым мен күш-қуатым соған кетті. Ол кезде қазіргідей емес, би үйретуші жалғыз өзім ғана едім, оның үстіне енді ғана тәй-тәй басып келе жатқан жоба болғандықтан тындыратын іс көп болды. Мен ол кезде бар болғаны, балалардың көзінен қызығушылық, ұмтылыс көргім келді. Сондықтан солардың көңілінен шығу үшін, биге деген құштарлығын ояту үшін барынша еңбектендім. Сонымен қатар, олардың жақсы тәрбие алып, ақ адал, еңбекқор болғанын, бойында көшбасшылық қасиет қалыптасқанын қаладым.          

‒ Қазіргі таңда «Шолпанның» репертуарында қандай би түрлері бар?

‒ Ұжымның репертуарында әртүрлі бағыттағы билер көп. Алғашқы кезде мұнда келгендер «Бақытты жанұя», «Отыншы ергежейлілер», «Бәйшешек»  сынды біраз балалар және ойын түрлі билерін үйренеді. Ал ересек жаста өнерпаздарымыз қазақ, өзбек, орыс және басқа да халық билерін меңгереді. Негізінен ересек жаста қазақ ұлттық биіне және шығыс билеріне, заманауи хореографияға басымдық береміз. Негізінен, жыл сайын есеп беру концертін береміз және әр жылда 5-8 жаңа қойылым дүниеге келеді.  

 ‒ Шыны керек, кейбір ата-аналар хорегорафияны мамандық көрмей, кейде балаларының таңдауына қарсы шығады. Соған қарап, бишілер тұрақты табыс таба ма деген ой келеді. Ансамбль өнерпаздары қайда өнер көрсетеді?  

‒ Көптеген іс-шараларға қатысуға ұсыныс түсіп жатады. Мысалы, кейінгі жобамызға келсем, Хабар арнасы 13-14 наурыз күндері «Қазақстан» концерт залында Наурыз мейрамына арналған телевизиялық концерттік түсірілімін жасады. Одан басқа, Қазақстан халқы ассамблеясының шараларына, Астана, Алматы қалаларында өтетін республикалық мерекелерге арналған концерттерге қатысамыз. Бүгінде білікті би үйретуші қыздарымыз бар, біреуі А.В.Селезнев атындағы Алматы хореографиялық училищеде оқыса, енді бірі Қазақ ұлттық хореография академиясын бітірген.  Бастысы, адамда ниет, ынта болуы тиіс. Осы кезекте, өз туған қыздарымды мысалға келтіре аламын, жақсы жерде жұмыс істеп жүргеніне қарамастан, бір жарым жыл бұрын олар елордада «Шолпан» би ансамблінің филиалын ашты. Бірі Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінде қызмет етсе, екінші қызым Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттікте істеген болатын. Алайда жүрек қалауы би өнерін таңдап отыр. Ал мен оған ешқандай қарсылық білдірмеймін, себебі әр адам көңілі қалаған іспен айналысуы тиіс деп білемін. Ең маңыздысы, содан жаны рахатқа бөленіп, құлшынысы оянып, шабыттанып жатса болғаны. Себебі сонда еңбегінің жемісін көреді.

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға