Билікте әйелдердің көбеюінен жағдай жаман болмайды

10.03.2020 1271

Мәжіліс депутаты Наринэ Микаелянмен сұқбат

Наринэ Микаелян үлкен саясатқа 33 жасында келді. Ол саясатты емес, саясат оны таңдаған жандардың бірі. Университет қабырғасынан армян этномәдени орталығының іс-шараларының бел ортасында жүріп, жастар белсендісіне айналған Наринэ Қазақстан халқы Ассамблеясының армян диаспорасы ұсынған өзінің кандидатурасын қолдағанын естігенде, қатты таң қалғанын жасырмады. «Мен қоғамдық жұмыстарды алғыс алу үшін немесе қандай да бір мансапқа қол жеткізу үшін атқармадым. Қоғаммен, халықпен жұмыс жасаған ұнайтын. Білесіз бе, тегін жұмыс атқарып жүргенде, бұл еңбегім еленеді, оны өзгелер байқайды деп ойламайсың», - дейді «El.kz» сайтының тілшісімен өз өмірі туралы, қызметі туралы, жоспарлары туралы ой бөліскен  Мәжілістегі санаулы әйел-депутаттардың бірі Наринэ Гамлетовна.

Наринэ Микаелян 1983 жылы 6 сәуірде Алматы қаласында дүниеге келген. Ұлты армян. Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінде халықаралық құқық мамандығы  бойынша дәріс алған. Алғашқы еңбек жолын 2007 жылы әкесінің автомектебінде іс жүргізуші болып бастаған Наринэ Гамлетовна Қазақстандағы Армения Елшілігінде консулдың көмекшісі,  «Халықаралық консалтинг бюросы» ЖШС-де заңгер, «Артмедиа ЛТД» және «Алтын ағаш» корпорациясы» ЖШС-де кадрлар бөлімінің басшысы қызметтерін атқарған.

Сондай-ақ, «Наири» армян мәдени орталықтары Қауымдастығының Басқарма мүшесі,  армян қауымдастығының жастар қанатаның төрағасы, Алматы қаласының «Луйс» армян мәдени орталығы төрағасының орынбасары, төрағасы қызмет жолдарын жүріп өтті. 2016 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің алтыншы шақырылымына депутат болып сайланды.

1489659.1.1547104223.jpg

Өзім туралы

Алматы қаласында туып-өстім. Университет бітірген бойда еңбекке араластым. Әкемнің бұл уақытта өзінің жеке автомектебі бар болатын. Сондықтан, көп ойланбастан, әкеме көмектесемін деп шештім. Әрі бұл да мен үшін тәжірибе болды, себебі, мен мұнда іс қағаздарын жүргіздім. Кейін Қазақстандағы Армения елшілігінде консулдың көмекшісі болып жұмыс жасадым. Мені ешкім де бірден қызметке ала қойған жоқ, бұл қоғамдық жұмыс болатын. Есесіне, мұнда жүріп, дипломатиялық қызметтің қыр-сырын меңгеріп қалдым.  Кейін бір консалтингтік компанияда заңгер болдым.  Одан соң  үлкен бір компанияға кадрлар бөлімінің басшысы болып ауыстым. Алайда, қоғамдық жұмыстардан ешқашан қол үзген емеспін. Студент болып жүрген уақытымнан бастап Қазақстан армян мәдени орталығына жиі барып, түрлі іс-шаралардың бел ортасында жүретінмін. Бастапқыда ұйымдастыру жұмыстарына қолғабыс еттім. Осылайша, көзге түскен болуым керек, армян мәдени орталығының жастар қанатының төрағасы, Алматы қаласының армян этномәдени орталығының төрағасының орынбасары болдым.

Бір қызығы, орталықта үш рет төраға ауысқанда да, мен сол орынбасар қызметінде қала бердім. Ол уақытта 25 жаста болатынмын, сондықтан, менің орталықтың жұмысының қыр-сырын меңгергеніме қарамастан, үнемі төрағаның ер адам болуы, біздің менталитетімізге байланысты болар деп ойлаймын. Отыз жасымда Алматы қалалық армян этномәдени орталығының төрағасы болып жұмыс жасай бастадым. Ал жастармен жұмысты өзімнен кейінгі толқынға тапсырдым. Парламент Мәжілісіне сайланғанға дейін сол орталықта төраға қызметін атқардым.

Саясатқа қалай келдім?

Үлкен саясатқа мен Қазақстан халқы Ассамблеясы арқылы келдім. Шынымды айтсам, ешқашан саясатта боламын деп ойламадым. Әрине, жас кезінде түрлі арман-мақсатың болады. Болашақ заңгердің арманының шегі - жоғары заң шығарушы органда жұмыс жасау. Бірақ мен сол кезде депутат боламын, Парламентте жұмыс жасаймын деп армандамаппын.

Өз тәжірибемнен айтарым, мен қоғамдық жұмыстарды бар ынтаммен атқардым, ешқашан ол қызметім үшін ақы дәметпедім. Тіпті мен атқарып жүрген жұмыстар еленеді, көзге көрінеді деп те ойламаппын. Бірақ,  жұмысымды Қазақстан халқы Ассамблеясы жоғары бағалады.  Ассамблеядан Парламентке негізінен еңбек тәжірибесі мен жасы үлкендер ғана барады деп ойладым, ал мен депутат болып сайланғанда, 33 жаста болдым.  Бұл мандаттың мен үшін жауапкершілігі жоғары, себебі жас болсам да, маған сенім артты, міндет жүктеді. Сондықтан, Ассамблеяның, мені сайлаған елдің үмітін ақтау үшін қолымнан келгенді жасап, тынымсыз еңбек етуім керек.  

unnamed.jpg

Мәжілістегі алғашқы күн

Біз алтыншы шақырылымның жаңа депутаттары Мәжіліс дәлізімен жүріп келеміз. Маған Мәжіліс соншалықты үлкен, айбарлы болып көрінді. Бізге ең бірінші қалай дұрыс дауыс беру керек екенін көрсетті. Бұл жұмыс күні емес еді, Мәжілістен кейін бірден Орталық сайлау  комиссиясына барып, мандатымызды алдық. Елбасының қатысуымен өткен отырыста бірінші рет ант бергеніміз жадымда жатталып қалды. Қатты толқығаным есімде, қанша дегенмен көпшілік алдында ант берудің жауапкершілігін сезіну де аса үлкен міндет жүктейді екен.

Ассамблеядан сайланған депутаттардың ең бірінші міндеті - этносаралық келісімді нығайтуға күш салу. Біз этностардың ғана емес, күллі халыққа, қазақстандықтарға ортақ мәселелерді қозғаймыз. Біздің мүддеміз – бірлік пен татулық. Парламентке келген сәттен-ақ, заң қабылдау комитетіне қабылдандым. Депутаттық қызметімде бірнеше заңның қаралымына, қабылдануына қатыстым. Қазақстан халқы Ассамблеясының атынан Қазақстанда тұратын шетелдіктердің қазақстандықтар үшін кепілдік берілген тегін дәрі-дәрмекпен қамтылуын бірнеше рет көтердім. Ия, олар біздің елдің азаматтары емес, алайда Қазақстанға сырттан келіп жұмыс жасап, оқу оқып жүрген шетелдіктердің көп жағдайда өздерімен бірге отбасыларын, тіпті қарт әке-шешелерін алып келетіндері де бар. Олардың арасында қатаң аурумен ауыратындары бар. Кепілді медициналық көмек алу үшін өздерінің елдеріне қайта-қайта қатынаулары керек. Ассамблеяның қарауына осы мәселе шетелдік азаматтардың тарапынан ұсынылған болатын.  Бұл сұрақ кейін шешімін тапты.

Алғашқы депутаттық сауал

Ең бірінші депутаттық сауалым Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметіне байланысты болды. Ол еліміздің жоғары оқу орындарында Ассамблея кафедраларын ашу, оның қызмет аясын кеңейту, материалдық-техникалық базасын қамтамасыз ету болатын. Жалпы, ұлтаралық татулық, жалпыхалықтық келісім туралы тәрбиені ұрпақ санасына ерте жастан сіңіруіміз керек. Сондықтан қазақстандық студент жастардың университет қабырғасында көпұлттылық, Қазақстанда этностардың пайда болу тарихы туралы дәріс тыңдағаны абзал.  Біз осыған байланысты жоғары оқу орындарындағы Ассамблея кафедраларымен отырыс өткіздік. Бізге аймақтардан оқу орындары онлайн қосылды. Кейбір сұрақтар шешімін тапты. Үкімет те бұл мәселеге басымдық берді.  

unnamed (1).jpg

Саясаттағы әйелдер

Мемлекет басшысы үлкен саясатта, билік басында, мемлекеттік қызметте әйелдердің үлесінің артуына маңыз беріп отыр.

Әйелдер еркектермен бірдей деңгейде жұмыс жасайды. Егер әйелге бір тапсырма берілсе, ол оны орындамай жұмыс орнынан кетпейді.

Әйелдің табиғаты да сол, ол елде, әлемде бейбітшілік пен татулықтың болғанын қалайды. Қандай ана баласының өзгелермен кикілжіңге келіп, төбелескенін қалайды?! Сондықтан, олар кез-келген жағдайда мәселені бейбіт жолмен шешуге тырысады. Әйелдер төзімді, ал заң шығарумен жұмыс жасау шыдамдылықты талап етеді. Әйел адам дипломатиялық қасиеттерге ие. Осы жағынан алып қарағанда, әйел-депутаттардың әлеуметтік мәселелерді көтергенде, көпбалалы аналардың, мүмкіндігі шектеулі жандардың жағдайына көбірек назар аударатынын байқадым. Себебі, әйел -  ошақтың сақтаушысы. Сондықтан, билік басында, лауазымды қызметтерде  әйелдердің көбеюінен, жағдай жаман бола қоймайды деп ойлаймын.

Жұмысым туралы

Парламентте жұмыс жасау өте қиын. Заң жобасымен жұмыс жасау - үлкен еңбекті, уақытты, зерттеу мен талдауды қажет етеді.  Бір ғана медиация туралы заңға өзгерістер енгізу керек болса, онымен сабақтас бірнеше кодекстерге, заңдарға, нормативті құқықтық актілерге өзгеріс енгізу керек, басқа заңдармен қарама-қайшы болмауын қадағалау керек. Бұл аналитиканы талап етеді. Физикалық жұмыс болмағанымен, көбірек ойлану қажет.

Сондай-ақ, біз ел ішіне шығып тұрамыз, аймақтарда жылына төрт рет он күннен боласың. Әлеуметтік нысандарды аралап, тұрғындармен кездесесің, олар үнемі сені позитивті қарсы ала бермейді.

Заңды тереңірек зерттеп қана қоймай, адамдармен тіл табыса алуың керек, сондықтан да қиын шығар. Бірақ барлық жұмыс қиын ғой. Мәселен, мұғалімнің жұмысы да қиын. Баланың ертеңгі күні қандай болып өсетіні педагогқа байланысты. Жеңіл мамандық, жұмыс жоқ.

Бірақ ең бастысы, сен жұмысыңды жақсы көруің керек, және оған жауапкершілікпен қарауың керек. Егер адамға жұмысы ұнаса, оған барлық ынта-жігерін жұмсайды. Ал жұмысқа уақыт өткізіп, тек нәпақа табу үшін келіп-кететін болсаң, онда уақытыңның не елге, не өзіңе пайдасы болмай текке өткені.

Ал маған өзімнің жұмысым ұнайды. Біріншіден, мен заңгермін, сондықтан заң жобаларымен жұмыс жасаған ұнайды. Екіншіден, мен коммуникабельді адаммын, тез тіл табысамын, тіпті аймақтарға шыққанда, кез-келген шалғайдағы ауылдарға барған кезімде, тұрғындармен сөйлесетін тақырып таба аламын, бұл жағынан да жұмысым қызықты.

Менің бір ғана көмекшім бар. Барлық депутаттардың бір көмекшісі болады. Қоғамдық көмекшілерім де бар, олар жалақы алмайды, бірақ барлық аймақтарда негізінен этномәдени орталықтар бойынша жұмыс жасайды.

Депутат болып қалам ба?

Мерзімім аяқталғаннан кейін, солдат секілдімін, қайда жіберсе сонда барамын. Мәселен, мен кезінде Парламентке де ешқандай ойланбастан келген едім. Егер ешқандай ұсыныс болмаса, Алматыға қайтамын, ол жерде жұмыссыз қалмайтыным анық.

Заңгер ретінде құқық қорғау органдарына бара алмаймын. Біз университетте оқып жүргенімізде, құқық қорғау органдарында жасайтындарға әскери кафедраға түсуді ұсынды. Ал мен халықаралық бөлімде оқығандықтан, әскери шен алмадым.  Сондықтан, бұл енді мүмкін емес. Егер лицензия алу мүмкіндігі болса, мүмкін жеке кеңсе ашып, заңгер болып жұмыс жасайтын шығармын. Маған халықаралық қатынас саласында жұмыс жасаған да ұнайды. Сондықтан, ертеңгі күні қай салада, қандай қызметте болатынымды қазір болжап біле алмаймын. Егер шынымды айтсам, бұл туралы әлі ойланған да емеспін. Ең бастысы, маған өз мамандығым ұнайды.

cF-WSToKxJA.jpg

Тек әйели әңгіме

Сәнқой емеспін. Қандай киімнің сәнде екендігі туралы тек дүкен аралағанда ғана біліп жатамын. Жалпы, маған әдемі әрі өзіне үйлесімді етіп киінген ұнайды. Егер таңдауым түскен киім маған құйып қойғандай жарасып тұрса, оның сәнде болмағанына қарамастан, аламын. Адам өзіне ұнаған стильде киінуі керек. Ал суперсәнді деген киімнің өзіне жараспайтынын немесе жасына сай келмейтінін байқасаң, одан бірден бас тартқан жөн деп ойлаймын.

Жеке стилистім жоқ. Депутаттардың өз жеке стилистері болмайды. Алайда, халықтың алдында жүргендіктен, өзіне ыңғайлы ғана емес, көпшілікке жағымды пікір қалдыратындай әдемі киінуге, әдемі жүріп-тұруға тырысасың. Кейде бүгінгі жұмыс күніңнің қалай өтетінін жоспарлай алмайсың, себебі аяқ астынан жиналыс, қандай да іс-шара болып қалуы мүмкін, үнемі телекамералардың объективінде, көпшіліктің назарында жүресің.

Таңертең ерте тұрамын, шашымды, бет-жүзімді  өзім ретке келтіріп, жұмысқа барлық жағдайға сақадай-сай болып барамын.

Киімнің классикалық түрін ұнатамын, бірақ, жас болған соң кейде киім үлгілеріне сәндегі әдемі элементтерді қосуға тырысасың.

Қымбат сауда үйлерінен киінемін деп айта алмаймын. Алматы қаласында талғамға сай таңдау көп деп санаймын. Алматыға барғанда, көбірек шопинг жасауға тырысамын. Күнделікті киюге қымбат киімдер ала алмайсың, сондықтан бағасының да қолжетімді болғанына қараймын.  

Демалыс күндері

Демалыс күндерімді көбінесе үйде, анамның жанында өткізуге тырысамын. Кей жағдайда демалыс күндері Парламенттен үйге бума-бума қағаз көтеріп шығуға тура келеді. Жұмыс кестеміз тығыз, оның үстіне түрлі іс-шараларға міндетті түрде қатысуың керек. Кейбір сенбілік, жексенбілік күндерім Қазақстан халқы Ассамблеясымен өтеді. Маған түрлі ұлттардың дәстүрлеріне куә болып, олардың дәстүрлі, ұлттық мерекелеріне қатысқан, сұқбаттасқан ұнайды. Жалпы, демалыс күндерім үй жинау, ас әзірлеу, азық-түлік тасу секілді әйел адамдардың күнделікті күйбіңімен өтеді.

Әлеуметтік желілер туралы

Өзіңіз де байқаған боларсыз, мен әлеуметтік желілердің барлығында тіркелгенмін, бармын. Алайда, менің аккаунттарым жабық. Себебі, мұнда менің жеке өміріме қатысты ақпараттар өзімнің жақындарым мен достарым үшін жариялануы керек деп ойлаймын. Қазіргі технология заманында біз алыс-жақындағы достарымызбен, ағайынмен хабар алысып, хат жазысуды қойып кеттік. Сондықтан әлеуметтік желіні біздің бір-біріміздің амандық-саулығымыздан хабар алып отыратын құрал ретінде пайдаланамын. Ең алғашқы рет мен әлеуметтік желіде Қазақстаннан тыс тұратын ағайындарымызды табу үшін тіркелген болатынмын.

Ал түрлі кездесулерімнен, жиындардан пост жазып сурет салуға аса әдеттене қоймадым. Сондықтан бұл жағынан белсенді емеспін.

Отбасы туралы

Парламентке сайланған сәтімнен бастап, Нұр-Сұлтан қаласына көшіп келдім. Анам менімен бірге тұрады. Әкем бес жыл бұрын бақилық болып кеткен. Өзімнен үлкен ағам бар. Ол Алматы қаласында отбасымен тұрады. Өзім тұрмыс құрмағанмын.

Біздің атамыз соғыс жылдарында тұтқында болған. Соғыс аяқталғаннан кейін оларды жазалап, Якутияға айдауға жібереді. Сол жақта ол шахтада жұмыс жасап жүріп, өзі секілді айдауда жүрген отбасының қызымен танысып, үйленеді. Жаза уақыты аяқталғаннан кейін, атам туған еліне қайтып оралудан бас тартып, Қазақстанға келеді. Менің анам Қазақстанда дүниеге келген. Ал әкем Армениядан. Бірақ ол кейін анам үшін Қазақстанға қоныс аударуға келісім береді. Маған осылайша Қазақстанда туылу бақыты бұйырды. 

Ұқсас материалдар