Жаңалықтар

Қазақтың көне музыкалық аспаптары туралы не білеміз?

Қазақ халқының музыкалық аспаптары
Қазақтың көне музыкалық аспаптары туралы не білеміз?
Фото: Бақытгүл Абайқызы 22.09.2017 16:50 11153

Қазақ халқы – ежелден ән мен жырға, би мен күйге ден қойған, музыкалық бояуы қалың халық. Ағыл-тегіл мол қазынаның қаймағын қалқып сақтап үлгерген кешегі А.Затаевич сияқты музыка зерттеуші, жинаушыларға халқымыз қарыздар. Себебі, бар бояуымен, нәрімен жетпегенмен, түрлі зұлматтар мен үркін-қорқынның алдында жұрнағы қағазға түсіп, сақталып қалған жоқ па?

Қазақ халқының музыкалық аспаптары сан алуан. Шертпелі, ұрмалы, сілкімелі, көмейлі, үрлемеді, қақпалы, ілмелі т.б. аспаптардың бәрін халқымыз өзінің қолында бармен, туған даласында өсетін өсімдіктердің сабағы мен сүрегін, жан-жануарлардың терісін, ішегін, сүйегін, мүйізін, қазақ жерінен қазып алынатын меьалдарды және  т.б. іске жаратып өңдеу арқылы жасап алып отырған.

Қазіргі күні Құрманғазы атындағы Қазақтың мемлекеттік халық аспаптары оркестрінен бастап, шағын музыкалық ұжымдарда қазақтың байырғы музыкалық аспаптарының ондаған түрі қолданылып жүр. Бұл – әрине, ұлттық саз өнерінің биік өресін танытады. Дегенмен, бұл деңгейге қазақтың саз аспаптары бірден жете қойған жоқ. Қазақ халқы саяси-рухани, экономикалық отарлауға түскен замандарда ұлт аспаптарының да қолданысы сирей түскен болатын.

Қазақ музыка аспаптарының қайта түлеуі – хрущевтік жылымықтан кейінгі дәуірге тұспа-тұс келеді және оның басында Болат Шамғалиұлы Сарыбаев тұр. «Қазақта домбыра мен қобыздан басқа саз аспабы болған емес» деген қасаң қағидаға қарсы тұрып дәлелдеуге кіріскен Болат Шамғалиұлы ауыл-ауылдарды аралап, Отырар сияқты көне қалалардың қазба жұмыстарына араласып жүріп, 400-ден астам саз аспаптарын жинайды. Кеңес заманына, яғни Ұлы Отан соғысынан кейінгі тұста қазақтар музыкалық аспапқа кедей, қобыз бен домбыра – екі-ақ саз аспабы бар деген ұғым қалыптаса бастаған болатын. Осы кезде тынбай ізденген Болат Шамғалиұлы бұл орынсыз түсінікке өзінің ізденімпаздығы арқылы тойтарыс беріп, аспап санын отыздан асырып тастайды. Қазіргі күні қазақтың шамамен алпыстан астам төл саз аспабы белгілі болып отыр. «Музыка археологы» атанған Болат Шамғалиұлының тынымсыз еңбегінің жемісі – Н.Тілендиев атындағы Қазақтың мемлекеттік академиялық Отырар сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі.

Қазіргі күні алпыстан асқанымен, болашақта әлі де толықтырылу мүмкіндігі бар екенін жоққа шығармаймыз.

Дудыр

Қазақтың өте ертеден келе жатқан дәстүрлі музыкалық аспабы. Оны ұрып, сілкіп дыбыс шығарған. Дудыр аспабын көбінесе ежелг бақсылар жын шақырып, зікір салған кезде пайдаланған. Ағаштан және жұқа көн терілерден жаалған. Көбінесе малдың жұқа шап терілерін пайдаланған. Дудыр – бетінің диаметрі 8-10 см болатын, түптері түйістірілген төрт тостағанша дауылпазшадан тұратын аспап. Әр дауылпазшаның екі шекесіне жіппен домалақ ағаштар байланады.

Олардың саны екі-екіден, барлығы сегіз болады. Дудырды екі жаққа сілкігенде, жіптегі домалақтар дауылпазшалардың бетін ұрады. Дудырдан үн шығады. Кейде дудырды ұратын арнайы 35-40 см-лік «ұрма ағаш» пайдаланылуы мүмкін. Бақсылар дудырды арқасына салып, иықтан асырып та ұрған.  Дудырдың пішініне қарап «шашы дудыраған» деген бейнелеу тіркесі туған болуы да мүмкін.

Дулыға

Қазақ халқының дәстүрлі музыкалы ұрмалы аспабы. Шыңдауылға ұқсас келеді. Сыртқы пішіні батырлардың дулығасына ұқсас болғандықтан, дулыға аталған. Бетінің диаметрі 20см-дей. Темір шанақтың бетін көн терімен, көбінесе малдың шап терісімен қаптайды. Дулығаны қолмен ұрып ойнайды. Бау тағып мойывнға тағып алып жүреді. Жаугершілік, аңшылық, саятшылыққа пайдаланған.

Дүңгір (дүңгірлек)

Қазақ халқының ұрмалы  көне саз аспабы. Дүңгір де пішіні жағынан ұрма аспаптарына ұқсас. Жұқа шап терімен қапталады. Ішкі жағынан ашамай тәрізді тіреумен бекітеді. Жиектерінде түрлі салпыншақтар болады. Дүңгір көбінесе бақсылардың аспабы болған. Дүңгірдің бетін арнайы кішкентай тоқпақпен ұрады. Дүңгір сөзіне де қатысты, қазақта «дүңгір-дүңгір», «даңғыр-дүңгір», «дүңгірлеу» т.б. айтылымдар болуы – бұл аспаптың ежелден барлығын көрсетеді.

Жілік сыбызғы

Сыбызғы – қазақтың төл аспабы. ХХ ғасырда сыбызғы аспабы қолданыстан шығып қалған еді. Аталған аспаппен күй ойнау негізінен Баян-Өлгей қазақтары арасында сақталған еді. Әйгілі сыбызғышы Кәлек Құмақайұлының орындауындағы сыбызғы күйлерін үйреніп, жазып алып, сыбызғына академиялық дәрежеде оқытуға дейін көтерген белгілі музыкатанушы Талғат Мұқышевтың еңбегі елеулі. Жілік сыбызғы түрлі аң мен құстың жілігінен жасалады. Асық жіліктің жуан басын үрлеуге лайықтап, бүйірінен қурай, ағаш сыбызғы тәрізді тесік шығарып, үрлеп ойнайды.

Сылдырмақты қамшы

Қазақтың ежелгі сал-серілері қамшыны да саз аспабы ретінде пайдалана білген. Солардың бірі – сылдырмақты қамшы. Қамшының кекіл шашағына түрлі сылдырмақ қоңыраушалар, бағалы металдар тағып, ән орындау, айтыс кезінде демеу жасап, синкреттілік қасиет үстеп отырған. Сылдырмақты қамшы сал-серінің өнер көрсетуін әрлей түседі. Ал арғы бастауында бақсылық сарыны жатқаны анық. Қамшыны қазақ бақсы-балгерлері күні бүгінге дейін ауру-сырқау, бәлекеттерді қуу үшін қолданады.

Қазақтың музыкалық аспаптары туралы қысқаша тоқталғанда, осындай. Кейде белең алып жататын: «Мұндай саз аспабы бізде ешқашан жоқ, біздің ата-бабамыз пайдаланған жоқ» деген сияқты шетін пікірлерге жол беруге болмайды деп білеміз. Көршілес, туыстас халықтарда бар аспаптарды меншіктеп алмағанымызбен, оларға ұқсас аспаптар бізде де болмады деуге болмас. Географиялық, табиғи, тарихи факторларға қатысты, кейбір музыкалық аспаптар қазақ даласының бір өңірінде кеңінен танымал болса, келесі өңіріне азырақ танымал болуы, тіпті мүлде таныс емес болуы да мүмкін ғой. Жалпы, барымызды бағалап, әспеттей білгенге не жетсін!


Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға