Жаңалықтар

Қалайыдан қазақ батырларының мүсінін құятын шебер

Тың идея
Қалайыдан қазақ батырларының мүсінін құятын шебер
19.01.2017 15:03 11690

Ернар Нұрмағамбетов бір жарым жылдан бері қалайыдан қазақ батырларының шағын мүсінін жасаумен айналысып келеді. Шебермен оның «Asian nomads»  атты шеберханасында сұхбаттасудың сәті түсті.

– Ернар, жеке шеберханаңызды ашуды көптен бері армандап келгеніңізді білемін. Шеберханаңызды қашан аштыңыз? Қазір мұнда қанша адам жұмыс істейді?

– Шеберхана 2016 жылдың сәуір айында ашылды. Ал, маусым айында ұжым мүшелері жинақталды. Қазір ұжымда шамамен он шақты адам бар. Кейбіреуі жұмыста, енді бірі үйде отырып жұмыс істейді.

– Жұмысқа тек суретшілерді аласыз ба? Әлде мүсіндерді бояу ісі кез келген адамның қолынан келе ме?

– Егер, жақсылап үйретсеңіз, бұл – кез келген адамның қолынан келетін іс. Бірақ, оған көп уақыт кетеді. Сондықтан, мен үшін бұрыннан қолына қылқалам ұстап үйренген, бояуды араластырып, мүсінді «сезіне» білетін суретшілерді жұмысқа алған оңайырақ. Бірақ, бұл жұмыс асқан төзімділік пен уақытты талап ететіндіктен, суретшінің өзі оны ұнатпаса, бірден істі тастап кетеді.

– Осы жобамен айналысқаныңызға қанша жыл болды?

– Бір жарым жыл.

– Бір жарым жылда қанша мүсін жасадыңыздар?

– Шамамен 2 мыңдай.

– Неліктен батырларға жеке-жеке ат бермедіңіз? Мысалы, мынау Қабанбай, мынау Бөгенбай деп...

– Мұндай тәуекелге барсам, сынға ұшырайтын едім.

– Рушылдық мәселесін айтып отырсыз ба?

– Иә. Сосын біреулер «түрі ұқсамайды», «неге мұны емес, ана батырды жасамадың?» деуі мүмкін. Ойланбай айта салса да, мұндай пікір шығармашылық адамының көңіл-күйіне әсер етеді. Сондықтан, бұл мәселеге нейтрал қарағанды жөн көрдім.

– Мамандығыңыз кім?

– Экономист.

– Суретшінің оқуын да бітіргенсіз бе?

– Жоқ. Барлығын өзім ғаламтордан қарап үйрендім. Бала күнімнен бері сурет салып келе жатырмын деп айта алмаймын. Бұл іске бір жарым жыл бұрын ден қойдым. Фигураларды бояумен айналысатын шебер Михаил Шиловтың шеберлік дәрісіне қатыстым, астаналық Екатерина есімді суретшіден сабақ алдым. Оның алдында мен адамның түр-әлпетін нашар салатынмын.

– Яғни, егер ынтам болса, бұл іс менің де қолымнан келеді. Солай ма?

– Әрине, ықыласыңыз бен уақытыңыз болса, сіздің де қолыңыздан келеді.

– Естуімше, қазақ батырларының мүсіндеріне шетелдіктер ерекше қызығушылық танытып отыр екен.

– Ол рас. Сәуір айынан бері Жапония, Үндістан, Қытай, Ресей, Украина, Ұлыбритания, АҚШ, жалпы саны 30-дан астам елден тапсырыс келіп түсті. Сондай-ақ, қазақ батырларының мүсіні Венгрияда өткен түркі халықтарының құрылтайында және тағы басқа халықаралық шараларда қойылып жүр.

– Аз уақыт ішінде осыншама елмен қалайша тез байланыс орнатып үлгердіңіз?

– Менің бизнесім әзірше шағын бизнес болғандықтан, жарнамалау жағы кемшіндеу болып тұр. Сол себепті, мүсіндерді әлеуметтік желілер арқылы жарнамалап отырмын. Барлық тұтынушылар мені «фейсбуктен» іздеп тапты. Шынымды айтсам, маған жарнама жағынан әлеуметтік желідегі қарапайым адамдар көп көмектеседі. Олар мүсіндердің суретімен бөліседі, маған әртүрлі жәрмеңкелер мен көрмелердің кестесін жібереді. Менің ешқандай демеушім жоқ. Жобаны бастау үшін грант та, несие де алмадым.

– Бұдан басқа қандай проблемаларыңыз бар?

– Мәселе көп қой. Мысалы, қызметкерлер санының жетіспеушілігі, шеберлерді үйретуге көп уақыт жұмсалатындығы (соның кесірінен жұмыс қарқыны баяулайды), өзіміздің жеке сауда нүктеміздің жоқтығы. Бірақ, бұлардың барлығы уақыт өте келе шешілетінін білемін. Әзірше мүсіндерді көтерме бағамен сатып отырмыз.

– Олар Қазақстанның қай өңірлерінде сатылып жатыр?

– Қазір Алматы, Қызылорда, Қостанай, Қарағанды және Астанада әріптестеріміз бар. Сайт арқылы тапсырыс жасалса, Қазақстанның кез келген жеріне өзіміз пошта арқылы салып жібереміз. Пошта қызметінің ақысын біз төлейміз. Ал, шетелге жіберу құны қымбат, оны тапсырыс берушінің өзі төлейді.

– Ғаламторда сіз жасаған мүсіндерге қатысты оң пікір білдіретін жандар көп екенін байқаймын. Ал, сын айтқан кісілер болды ма?

– Алғашында біреу сын айтса, қабылдай алмайтынмын. Біреулер «мына батырларың қазаққа ұқсамайды ғой» десе, ренжіп қалатын едім. Бірақ, бұл еңбектің артында үлкен ізденіс тұрғанын адамдардың барлығы бірдей түсінуі мүмкін емес нәрсе ғой. Барлық оқырмандарға мүсіндерді құр фантазияма ғана сүйеніп жасамағанымды айтқым келеді. Сарбаздардың сауыты мен қару-жарағындағы әрбір детальды музей экспонаттары мен археологтардың еңбегіне сүйеніп жасадым.

– Ал, кәсіби мамандар қандай баға берді?

– Олар мүсіндегі детальдардың позициясы және тарихына қатысты дұрыс сын айтты. Ол пікірлер жақында жарыққа шығатын жұмыстарымды жасағанда ескерілді.

– Сізді әлеуметтік желіде сынайтын кейбір жандардың мүсін өнеріне қатысты орынсыз, таяздау пікірлері қынжылтпай ма?

– Жоқ, себебі, олар бұған кінәлі емес қой. Қазір көп адамдар жалақыдан жалақыға дейін күн көреді. Олар қалтасындағы артық 2-3 мың теңгесіне қуанып жүргенде, сіз мүсін туралы әңгіме айтасыз... Бұл оларға ауадай қажет нәрсе емес екенін мойындайық. Сондықтан, олар осы өнерге қызығушылық танытпағаны үшін кінәлі емес. Коллекция жинауға әркімнің жағдайы жете бермейтіні де белгілі. Әркімнің қызығушылығы әртүрлі болғандықтан, біреуді қинап театрға, музейге апара алмаймыз. Менің басты мақсатым – адамдарды осы іске қызықтыру. Таңдау– олардың өз еркінде.

– Тек қана сіздің батырларыңыздан коллекция жинап жүргендер бар ма?

– Иә. БАҚ пен әлеуметтік желілердің арқасында ондай жандардың саны күн санап өсіп келеді.

– Мүсіндердің стандартты көлемі қандай?

– Бойы – шамамен 6 см. Ал, көлемі 1:32. Бұл – коллекция жинаушылар арасында аса танымал масштаб. Мен салт атты батырдан гөрі жаяу әскердің мүсінін көбірек жасадым. Неліктен десеңіз, салт атты әскердің мүсінін жасауға материал көбірек жұмсалады, сосын оны бояу да біраз уақыт алады.

– «Батырларыңыздың» бағасы қанша?

– Боялмаған мүсін 4 мың теңге, ал, боялғаны 6 мың теңге тұрады. Бұлардың бағасын жазарда алыс-жақын елдердегі мүсін жасайтын шеберханалардағы бағаларды да ескердім. Мүсіндер бастан-аяқ қолмен жасалатындығын, сондай-ақ, олардың таралым саны шектеулі екенін ескерсек, бағасы қолжетімді деп айтуға болады. Әрқайсысының қорабында мүсіннің үш тілдегі сипаттамасы жазылған, бәрі жеке-жеке нөмірленген.

– Бұларды нөмірлеуіңізге не себеп болды?

– Қазір мүмкіндігімше мүсін қашан, қайда сатылғанын өзіме жазып алып жүрмін. Өйткені, болашақта осы хобби сәнге айналып, Қазақстанда коллекция жинаушылар көбейеді. Сол кезде батырларға арналған мүсіндер туралы дерек жұртқа жетсе екен деймін. Батырлардың таралымы – мың дана. Осы мың мүсіннің барлығы нөмірленген.

– Мен сізден «Қазақ аруларының» сериясын қашан жасайсыз?» деп сұрағалы келген едім. Байқасам, сіз бұл іске кірісіп те кеткен екенсіз.

– Иә (мүсінші өзі жасаған үкілі аруды көрсетті – ред). Алдымен, ұлттық киімдегі ару, сосын бақсы дүниеге келді. Енді біршама уақыттан соң, бүркітші мен ақ жаулықты әженің мүсіні де дайын болады.

– Алдағы уақытта ертегі кейіпкерлерінің мүсінін жасауға қалай қарайсыз?

– Бұйырса, бастаған шағын кәсібім бір арнаға түскен соң, ойыншық мүсіндер сериясын ашуды жоспарлап отырмын. Ер Төстік, Тазша бала, Алдар көсе сияқты көпке танымал кейіпкерлердің пластик нұсқасын жасап шығарсам деймін. Олар сапасы жағынан «Шляйх» деген танымал фирманың пластик ойыншықтарына ұқсас болғанын қалаймын. Бірақ, бұл жоспар бизнесіміздің қалай жүргеніне тікелей байланысты.

Бақсы

– Қазақ батырларының мүсінін жасайтын басқа да шеберлерді білесіз бе?

– Жоқ. Қазақстанда және әлемде қазақ батырларының шағын мүсіндерін жасауды алғаш қолға алған адам алдыңызда отыр. Бұған дейін қазақ батырларына арналған мүсін не ойыншық шығарған адам туралы естіген емеспін. Бірақ, Астана, Алматы мен Қарағандыда басқа коллекцияларды жинайтын және бояйтын жандарды білемін.

– Жеке коллекцияңыз бар ма?

– Иә, бала күнімнен коллекция жинаумен әуестендім. Көшпенді халықтардың тарихына бала күнімнен қызығамын. Скиф, ғұн, моңғол, грек сарбаздарының, орыс солдаттарының мүсінін жинадым. Осы кәсіпті ашу үшін жинаған мүсіндерімнің біразын сатуға тура келді.

Ернар Нұрмағамбетовтің коллекциясындағы шетелдік мүсіндер

Ернар Нұрмағамбетовтің коллекциясындағы шетелдік мүсіндер

Ернар Нұрмағамбетовтің коллекциясындағы шетелдік мүсіндер

– Патент алу мәселесі қалай болып жатыр?

– Қазір қазақстандық патенттің құжаттарын рәсімдеп жатқан жайым бар.

– Күніне қанша мүсінді бояйсыздар? Бір мүсінге қанша уақыт жұмсалады?

– Күніне шамамен 4-5 мүсін боялып, 10 мүсін құйылады. Бір мүсінге бастан-аяқ 4 ай уақыт жұмсалады.

–  Алдағы уақытта батырлар топтамасын жасау ойда бар ма?

– Иә, 8 жаяу әскер, екі салт атты батырдан тұратын топтама жасағым келеді. Бұл жердегі екі салт атты – Керей және Жәнібек хандар. Осындай 10 батырдан тұратын топтаманың 50 данасын жарыққа шығаруды ойлап жүрмін.

– Қандай арманыңыз бар?

– Алдағы уақытта Кенесары ханның, Бөгенбай батырдың, Абай Құнанбаевтың, Бауыржан Момышұлының мүсіндерін жасағым келеді. Мүсін құятын жабдық сатып алуды армандап жүрмін. Сондай-ақ, «Отырардың күйреуі» сияқты үлкен шайқастың реконструкциясын қолға алғым келеді. Мен әлі жаспын, бұйырса, ойға алған жобаларымның бәрін жүзеге асырам деп үміттенемін.

– Әңгімеңізге рахмет!

Суреттерді түсірген – Нұрбек ӘЛМАНБЕТОВ

Бөлісу:
Telegram Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға